Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көпке танылған кәсіпорын

Көпке танылған кәсіпорын

Әр дәуірдің өзіне тән ерекешелігі болады. Сол сияқты Арал қаласының да ХХ ғасырдағы өркендеу жолында «Арал кеме жөндеу зауыты» айрықша рөл атқарды. Осы зауыт халықтың жұмыс көзіне айналды. Елдің әлеметтік-экономикалық дамуына едәуір ықпалын тигізді. Міне тіршілігін теңізбен сабақтастырған Арал қаласының биыл құрылғанына 95 жыл толып отыр. Ал сол бір жылдары «Достықтың тайқазаны» атанып кеткен кеме жөндеу зауыты туралы тек тарихта естелік қалған.
«Достықтың алтын көпірі». Кеме жөндеу зауыты бір кездері осындай бейресмеи атауға ие болды. Оның негізгі себебі Ұлы Отан соғысы жылдарында, онан кейінігі жылдары да зауытта 20-ға жуық ұлт пен ұлыс өкілдері бір үйдің баласындай ауызбіршілікпен еңбек етті. Өндіріс ошағы да осы тұста өркендей түсті. Тарихқа зер салсақ, 1905 жылы теміржол вокзалы салынады. Кейін қазіргі «Курортная» ықшам ауданынан «Кеме жасау» деп аталатын шағын шеберхана бой көтеріп, сол маңға Ресейден көшірілген орыстар қоныстанған. Мұндағы жұмысшылардың ауызбіршілікпен атқарған абыройлы ісі көпке үлгі болды. Тіпті министрлік тарапынан қолдауға ие болып, кеме жөндеу зауытын одан әрі дамыту бағытында бірқатар шешімдер қабылданды.
Арал теңізінде алғаш рет сауда жасайтын кемелер тасқыны 1905 жылдан бастап келе бастайды. Осы жылы Орынбор-Ташкент теміржолы Аралдың тұсынан өтіп, қозғалыстың артқан кезі болатын. 1909 жылы ағайынды Лапшиндер қазіргі кеме жөндеу зауытының орнында механикалық шеберхана ұйымдастырады. Мұны кеме жөндеу және жасау зауытының бастамасы деуге болады.
1913 жылы шеберханада сол кезде арматуралық типтегі екі токарьлық және бұрғылау станогы болды. Шеберханада 50-ге жуық жұмысшы қызмет атқарды. Олар төменгі Новгородтан келген маман жұмысшылар болатын. Жұмыс күні 12-16 сағатқа созылды. Кеме жөндеушілер саздан соққан ескі барақтарда тұрды.
1918 жылы шағын кеме жөндеу зауыты Арал мемлекеттік пароходствосына қаратылады. Кеңес Үкіметі Аралға үлкен мән беріп назар аудара бастайды. 1925 жылы Арал кеме жөндеу шеберханасының орнына жаңадан механикаландырылған қуатты зуыт салынады. Осы тұста кеме жөндерушілерге де жағдай жасала бастады. Оларға сыйымдылығы үлкен қойма, электростанса, «Маяк» клубын және жұмысшылар үшін ағаштан 8 пәтерлі тұрғын үй салынды.
Кеме жөндеу шеберханасы 1930 жылдан бастап уақыт талабына сай өз мүмкіндіктерін жетілдіріп, кеме, баржа жасауға бағыт алды. Ең алдымен ағаштан буксир, катер жасады. Бұл жұмыс керемет шықты. Осылайша өз тәжірбиелері тереңдей түскен аралдық кеме жөндеушілер 1932 жылы қуаттылығы 300 аттың күші бар «Ким» пароходын жасады. Бұл пароход кейін Ұлы Отан соғысының қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, даңқты қазақстандық генерал Панфиловтың құрметіне «Панфиловқа ескерткіш» деп аталған.
Отызыншы жылдардың екінші жартысынан бастап бүкіл одақ көлемінде өнеркәсіпті дамытуға назар аударыла бастады. Осыған байланысты Орталық үйлестіруші комитет құрылды. Арал мен Әмудария бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істесе табысқа жететіндігін аңғарған болжаушылар біресе шеберхана, біресе цех аталып жүрген шағын кәсіпорынды 1935 жылы (кей деректерде 1936 жылы) түгелдей кеме жөндеу зауыты етіп қайта жасақтады.
Зауытқа жаңадан көптеген техникалар бөлініп, материалдық-техникалық базасы жақсарды. Арал теңізі мен Әмудария өзенінде жүзетін үлкенді-кішілі кемелер жасала бастайды. Жаңа цехтармен толығады. Әсіресе зауыттың жүрегі саналатын механикалық цех түбегейлі жаңартылады. Жұмысшылар құрамы дәнекерлеуші, слесарь, токарлармен толықтырылды. Сол уақытта зауытта жалпы саны 1000-ға адамға жуық қызметші болды. Бұл ол кезде үлкен күш болатын.
Ал Ұлы Отан соғысының басталуы зауыт жұмысының негізгі қызметін тоқтатып, соғыс техникаларына қажетті бөлшектер шығаруға мәжбүрледі. Олар әскери кемелер мен танкілерге аса қажет бөлшектерді жасады. Сондай-ақ зауыт еңбеккерлерінің арасында 34 адам майдан даласына аттанады.
Соғыс жылдарынан соң Арал кеме жөндеу зауыты өз қызметіне қайта кірісті. 1947-1949 жылдары 1,4 тонналық 4 кран, 200 тонналық және 50 тонналық жүк көтере алатын екі баржа, 3 теплоход жасалып, пайдалануға берілді. Зауыт Арал теңізінде жүзетін барлық кемелер мен флотқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қалпына келтірді.
Зауыт 1970 жылдардың ортасынан бастап қарқынды даму жолына түсті. Кеңес Одағының 40 теңіз портымен экономикалық байланыс орнатты. Өнім өндіру көлемі жылдан жылға өсіп отырды. 1975 жылы 1970 жылмен салыстырғанда өнім өндіру көлемі 30 пайызға өседі.
Осылайша қарқынмен дамыған зауыт Кеңес Одағы ыдырағанан кейін 1992 жылдан бастап жұмыссыз қалды. Бұрын Мәскеудегі КСРО теңіз флоты министрлігіне тікелей қараған мекеме енді Қазақстанға бет бұрды. Сол кездегі көлік министрі Нығыметжан Есенғарин Аралға келгенде зауытта арнайы болып вагондардың қосалқы бөлшектерін шығаруға болатындығын көріп, қосалқы бөлшектерге сұраныс бергізді. Осы тұстан бастап бір кездері дүркірген кеме жөндеу зауыты енді Арал вагон жөндеу зауыты болып аталып, басқаша сипатқа ие бола бастады.
Арал кеме жөндеу зауыты іске қосылған шақтан бастап талай ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына жинап, Аралды құтты қонысқа айналдырды. Бүгінде бұл зауыт өз жұмысын тоқтатса да бір кездері Аралдың атын танытқан алып кәсіпорын ретінде тарихта хатталып қалды.
Н. БАҚЫРАН
18 қазан 2022 ж. 361 0