Әлеуметтік саланың білікті маманы

Гулфайруз Байдосқызы 1993 жылы Арал қаласында өмірге келген. Қаладағы №13 орта мектепті бітірген соң Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне «Құқық және экономика негіздері» мамандығына оқуға түсіп, үздік дипломмен бітірген. Еңбек жолын жас маман 2015 жылы Арал аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің әдіскері болып бастаған.
– Қайырымдылық адам баласының бойындағы ізгі қасиет. Менде отбасымда ата-анамнан ізгіліктің жолын көріп өстім. Кішкентай кезімнен мұқтаж жандарға көмектескенді өзімнің парызым деп ойлайтынмын. Ақырында бұл менің сүйікті қызметіме айналды. Қазіргі таңда аталған мекемеде балалар мен 18 жастан асқан мүгедектерге үйден әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің кеңесшісі болып еңбек етудемін, – деген Гүлфайруз өзінің қызметі туралы айтып берді.
Балалар мен 18 жастан асқан мүгедектерге үйден әлеуметтік қызмет көрсету үшін 8 бағыт бойынша жылдық жұмыс жоспарын жасай отырып, мүгедектерге міндетті гигиеналық құралдарын алу үшін қызмет көрсететін Гүлфайрузға үлкен жауапкершілік жүктелген. Бұл реттегі жұмыстың да өз жауапкершілігі де жетерлік.
– Қай жұмыстың да оңайы болмайды. Мен күнделікті мүгедек жандардың жеке оңалту бағдарламасы бойынша тиесілі гигиеналық құралдары үшін құжаттарын қабылдап, әлеуметтік портал арқылы өтініштерін жасауға көмектесемін. Оларға мемлекет тарапынан берілетін көмектерді алудың жолдарын түсіндіріп, кеңес беріп отырамын. Қоғамның бұл тобына жататын адамдармен және олардың күтушілерімен жұмыс жасаудың өзіндік қиындығы бар,– дейді ол.
Иә, тағдырдың тәлкегіне түскен жандардың жүрегіне жол табу үшін білікті маман болумен қатар, табиғаттан берілетін көркем мінездің де алатын орны ерекше. Бұл тұста Гүлфайруз – кез келген адамға жылы шырай танытып, қарым-қатынас орната білген кәсіби маман.
Гүлфайруз Байдосқызы қызметті абыроймен атқарумен қатар отбасылық бақытқа да кенеліп отырған жан. Жас та болса жолдасы Даниял екеуі еліміздегі көпбалалы отбасылардың қатарынан табылып, ұл мен қыз тәрбиелеп отырған үлгілі жас жанұя.
Н. МАРАТҚЫЗЫ