Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қара шаңырағым

Қара шаңырағым

Уақыт керуені көшеді. Бір сәт тоқтаған емес. Ал сол сәттерде қалған естеліктер мен болған оқиғалар кейінге сабақ, үлкен тарих болып қатталып қалады. Сол тарихты адам баласы өз қолымен жазады. Ал газет – том-том тарихтың сақтаушысы. Міне, осындай құнды жәдігердің қалыптасуында өз қолтаңбамның қалғанын мақтанышпен айта аламын.Аудандық "Толқын" газетінде қызмет жасаған жылдары 5 редактор және 4 баспа директорымен жұмыстас болыппын. Бұл – аз уақыттың көлемінде бола қалмайтын өзгеріс.
Биыл 1 қарашада аудандық төл басылым "Толқынның" жарық көргеніне 92 жыл толып отыр. Ғасырға жуық тарихты сарғайған газет беттерінде сақтап келе жатқан бұл басылымның өз тарихы өте терең. Қос ғасырды, қос кезеңді байланыстырған баспа жайлы айтар сөз көп. Ал осы басылымның жарық көруіне мен қандай еңбек сіңірдім деген ой келеді кейде.
Осыдан жарты ғасырдан аса уақыт бұрын қаладағы №15 мектепті бітіріп, арман қуып Алматыға аттандым. Оқуға тапсырғаныммен, конкурстан өте алмай, ауылға кері қайттым. Сөйтіп көршілес Қазалыдағы ауылшаруашылығы техникумына оқуға түсетін болып, құжаттарымды өткізіп, Аралға келсем, әскерге шақырту келген екен. Осылайша 1970 жылы әскерге аттанып, сол кездегі ГДР-де 2 жыл борышымды өтеп, елге аман-сау оралдым.
Аралға келген соң 1973 жылдың сәуірінде баспаханаға жұмысқа орналастым. Баспахана директоры Еңсеп Ізбасханов шақыртып алып:
– Біздегі жұмыс өте ауыр. Мұнда тек шыдамдылар ғана жұмыс істей алады. Келіссең осы, – деді. Келістім. Осылайша жұмысты бастап кеттім.
Ол уақыт қазіргіден бөлек қой. Қазір технологияның шарықтаған шағы. Ал сол уақытта газет қолмен басылатын. Мен әріп теруші болып бастадым. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін бұл жұмыстың ауырлығын алғашқы күннен-ақ байқадым. Бірақ жауапкершілігімдегі жұмысты игеріп, абыроймен атқарғандықтан газет цехына ауыстырды. Мұндағы жұмыстың қыр-сырын баспа цехындағы Ә.Ізбасханов, Б.Жолдасбаев, М.Ілиясов ағалардан үйрендім. Сол кездері 10 000 данамен жарық көретін газетті үзіліссіз басқанда, 6 сағат уақыт кетеді екен. Баспахана тек газет басумен ғана айналысады деп ойламау керек. Сол кездері газетпен қатар, мекемелердің бланкаларын басу да баспаханада жүзеге асатын.
Мұнда уақытпен санасу жоқ. Күн-түн демей тынымсыз еңбек етеміз. Бірде Еңсеп ағамыз шақырып алып: "Мұратбек, Қазалыға барып келемісің,ол жақтағы баспахана директоры Асан Боранбаев көмек сұрап жатыр. Газет басатын адам қатты қажетболып жатыр екен" – деді.
Осылайша 1 ай Қазалы аудандық "Ленин туы" газетінің басылып шығуына үлесімді қостым. "Ленин туының" бас редакторы Сейіл Боранбаев екен. Сол жерде жүріп Жұмабай Жақып ағамызбен таныстым. Ағамыз сол уақытта Қазалы аудандық газетінде қызмет жасайды екен.
Осы уақыттарда Арал аудандық газетті бас редактор Сағынжан Ермағамбетов басқаратын. Ол еңбегімді ескеріп, 5 мамыр Кеңестік баспасөз күні мерекесі қарсаңында арнайы марапаттап, ақшалай сыйлық та табыстады. Жалпы жыл сайын баспасөз күні үлкен ауқымда аталып өтетін.
Кейіннен редактор болған Еркін Әбілов, Жұматәлі Әбдіраман, Жұмабай Жақып ағалармен бірлесіп, талай тарихтың газет бетінде қатталуына үлес қостым. Зейнетке шығамын дегенше газетте редакторлық еткен Шымкентбай Жылмағамбетовтің де газеттің көркеюі жолындағы орасан зор еңбегін атап айтпасқа болмас.
Ал баспахана директоры болып Еңсеп ағадан кейін Әуесхан Әбдірашев келді. Республикаға белгілі ақын Жарасхан Әбдірашевтің інісі де өзіндік орны бар азамат еді. Сондай-ақ Қайырбек Есетов те баспахана директоры болса, Оңдасын Бектұрғанов директор әрі газеттің жауапты хатшысы болып абыройлы еңбек етті.
Міне, осы азаматтармен бірге табан тайдырмай 40 жыл қызмет еттім. Сол 40 жылдық қызметтік кезеңде өзіммен әріптес болған іні-қарындастарым әлі де газеттің жұмысынан қол үзбей, аянбай еңбек етіп келеді. Олар –Күлдәрі Көздібаева, Райкүл Прманова, Күнзипа Зденова, Күлмараш Ерғазиева. Сонымен бірге қазіргі редакцияның бас редакторы Абай Елешов те әлі күнге дейін ағасындай сыйлап, құшақ жая қарсы алады. Мұның өзі мен үшін үлкен мәртебе.
Еңбек ету жолындағы түйгенім, қиындықсыз жетістікке жету мүмкін емес. Әсіресе осындай жауапты еңбекті жауапкершілікпен атқару – үлкен міндет. Осы сенім үдесінен шыға алсаңыз, онда жұлдызыңыздың жанғаны, еңбегіңіздің еленгені деп білсеңіз болады.
Еңбектің еленгені болар, қызметтік жылдарымда баспахана жұмысымен қатар қоғамдық жұмыстарды да қатар алып жүрдім. Қалалық кеңеске 3 рет депутат болдым.
Қазірде аудандық "Толқын" газетінде жаңаша бетбұрыс, жаңа бағыт, өзгеше дизайн бар. Көріп, біліп, қуанып отырамыз. Ғасырға жуық ғұмыры бар басылымның бүгінгі қызметкерлерін 92 жылдықпен шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыс тілеймін.

Мұратбек НАҒАШЫБАЕВ
01 қараша 2022 ж. 285 0