Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдың мекені, жырдың мектебіне – 100 жыл

Сырдың мекені, жырдың мектебіне – 100 жыл

Аралға келе қалсаңыз Сырды көресіз. Дәмін татасыз, суынан рахат табасыз. Ал осы Сырдарияның жағасында орын тепкен халқы қонақжай, көңілі қазақтың даласындай дархан пейіл бір ауыл бар. Талай дарабоз жыршылар мен дарынды азаматтардың мекеніне айналған бұл өлке қазірде дамуы бөлек ауылға айналған. Бұл – Аманөткел ауылы.
Биыл сол ауылға 100 толып отыр. Ғасырға ұласқан терең тарихы бар ауылдың бүгінгі болмысы бөлек. Сол құнды тарихта аты алтын әріппен жазылып қалған Нұртуған жырау «Мырзас дала болады, Аманөткел қала болады»дегендей, қазірде Аманөткелдің көркі мен сәулеті артып келеді. Түрлі сала бойынша жасалған еңбектің нәтижесінде ауылда өсім бар.
Аманөткелдің бүгінгі ахуалын барлығы біледі. Ал біз ғасырлық тарихқа зер сала кетейік. Аманөткел елді мекенінің қазіргі орналасқан бірқатар жерінде 1750-1800 жылдары аралығында Қарақалпақ халқы жайлаған. Осы аймақта Сырдариядағы қайық өткелін ұлты қарақалпақ Аман дейтін кісі ұстаған. Ауылдың Аманөткел аталуына да осы жағдай себеп болыпты.
Ал қазан төңкерісіне дейін мұндағы халық Қамбаш, Ақшатау көлдері мен Сырдария жағасындағы шағын елді мекендерде өмір сүрген. Ал 1921 жылы Сартай, Ақшатау, Мырзас, Шеңгелді, Сарыкөл, Кәрібөгет елді мекендері негізінде №17 Аманөткел ауылдық кеңесі құрылады. Жер көлемі 20 мың гектарды құрады.
Көлдер мен дария бойын жағалай қоныстанған жұртшылық сол уақыттан бастап балықшылықты кәсіп еткенін 1928 жылы Аманөткел, Шеңгелді, Арғынбай, Табанқұдық серіктестіктері ұйымдастырылып, 1929 жылы олар бірігіп, Аманөткел балық ұжымшары құрылғаны анық байқалады. Сонымен бірге 1928 жылы Балықшылар одағы мен жұмысшылар кооперативі ашылып, кейіннен Аралға, Бөгенге көшірілді.
1937 жылы Аманөткел ұжымшарынан Ақшатау елді мекені негізінде Ақшатау балық ұжымшары бөлініп шықты. Бір жылдан соң майда серіктестер ұлғайып, «8 Март», «Социализм» атындағы ауылшаруашылық артелдері болды.
Бірақ 1957 жылы Ақшатау мен Аманөткел ұжымшарлары қайта қосылып, 1962 жылы Аманөткел ұжымшары Бөген мемлекеттік балық аулау базасына бірігіп, Аманөткел, Ақшатау балық аулау бөлімшелері болып қалды. Ал 1966 жылы екі балық аулау бөлімшесі қосылып, 1974 жылға дейін Аманөткел балық аулау бөлімшесі болып келді.
Міне, осынау жылдар ішінде ауылдың қарыштап дамуына, ілгері жылжуына атсалысқан азаматтар аз емес. Жүз жылдықтың ауқымында ауылдық кеңес төрағалары мен тәуелсіздік алғаннан кейінгі ауылдық округ әкімдерінің есімдерін атап кетсек артық болмас. 1921-1924 жылдар аралығында ауылдың басшысы ретінде Нұрлыбай Қожағұлов қызмет етсе, одан кейін де Тлеулес Жаппасбаев, Медеубай Садақбаев, Жұмағали Ешмұратов, Сақитжан Бітімбаев, Маханбетәли Нұрымбетов, Үмбетбай Жанбатыров, Абдулла Жаңабаев, Өтеген Смағұлов, Сейталы Смағұлов, Шындалы Абдраманов, Тәңірберген Дәрменов, Әлібек Шораев, Кенжебек Жанназаровтар абыройлы еңбек етті. Қазірде 2017 жылдан бастап Қайрат Әбдіраманов ауылдық округ әкімі ретінде мұндағы барлық игі бастаманың басынан табылып, елдің дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Ал жоғарыда айтып өткеніміздей Аманөткел ұжымшарының да ауылдың, елдің қазынасын толтыруда ауқымды еңбегі бар. Әлі күнге дейін теңіз маржандарымен әлемге әйгілі болып келе жатқан Арал балықшыларының сол уақыттағы жемісті еңбегіне бастаушы болған колхоз төрағалары Күлмаш Дәрменов, Жұмағали Жұмамбетов, Әбекен Оразалиев, Уайс Қосымов, Жәмеш Нұрымбетов, Сейілхан Айсауытов, Сәндібек Қапанов, Өтеген Сырлыбаев, Жақсат Есімов, Төлебай Орынбаевтардың да есімі бүгінгі жас ұпраққа мақтаныш, ұмытылмастай тұлғалар. Бұл қатарда Ақшатау ұжымшарының төрағалары Жасағанберген Жыламбетов пен Ералы Әкімов, Ахмет Маханов пен Тлеулес Жаппасбаев, Қылышбай Бердалиевтердің, осы екі балық аулау бөлімшелерінің басшылары Сәндібек Қапанов пен Абат Маханбетовтердің де біліктілігі, басшылық сауаттылығы ұрпаққа өнеге болып қалмақ.
Бірақ бір ғана адамның еңбегі алысқа алып бармайтыны белгілі. Сондықтан әр жылдарда бұл ұжымдарда басшылардың бағдарына бағынып, жетістіктің көзін таба білді.
Қазірде тоғыз жолдың торабына айналған елді мекен географиялық орналасуының қолайлығынан да айтарлықтай пайда көріп отыр. Инфрақұрылымы қалыптасқан Аманөткелдің кешегісі мен бүгінін мүлде салыстыруға келмейді. Іргелі ауылдың ілкімді істері де соның нәтижесінде болса керек.
Тағы бір айта кетерлігі мынада. Аманөткел көпшіліктің есіне осы ауылдың көркеюі жолында еселі еңбек атқарған ауылдың азаматы, балықшылықтан министрлікке дейінге басбалдақты кедергісіз бағындырған қоғам және мемлекет қайраткері Құдайберген Саржанов түседі. 1976-1990 жылдары Аманөткелдің әлеуметтік жағдайының дамуына барын салған азаматтың еңбегі халықтың көз алдында. Ол министр болып тұрған тұста балықтан береке тапқан ауылда тоғанды балық шаруашылығы мекемесі мен ПМК-4 құрылыс мекемесі ашылған.
1976 жылы Арал рыбпромға қарасты тауарлы көл балық шаруашылығы ұйымдастырылып, сапалы балық түрлері өсіріліп, жылына 3000 центнерге дейін балық ауланды. Ал мал, құс фермасының өнімдері тек Қызылорда облысы ғана емес, көршілес Ақтөбенің де қажеттілігін өтегені де Аманөткел тарихында таңбаланып қалды. Жеміс ағаштарын өсіру де жолға қойылып, мекемеде 60-қа жуық адам жұмыс істеді. Ал 1984 жылы ашылған ПМК-4 мекемесі де 150 адамды жұмыспен қамтыса, оларға арнап 50 тұрғын үй салынған.
Бүгінде Аманөткел ауылдық округіне 4 елді мекен қарайды. Округ орталығы Аманөткел ауылы аудан орталығынан 120 шақырым, облыс орталығынан 415 шақырым қашықтықта орналасқан. Аманөткелдің қазіргі аумағы 17822 гектар алқапты алып жатыр. 414 отбасында 2507 тұрғын тұрса, оларға қызмет ететін 1 жанұялық емхана, 2 фельдшерлік пункт, мәдениет үйі, халық театры, клуб, кітапхана жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар округ көлеміндегі орта мектеп пен орталау бастауыш мектепте барлығы 550 бала білім алса, 75 орындық балабақша, 17 балаға арналған мектеп интернаты бар. Музыка мектебі филиалы мен ветеринарлық пункт те халықтың сұранысын қамтамасыз етіп отыр. "Арал-Сарбұлақ" топтық су құбыры мекемесінің бөлімшесі мен пошта қызметі де көрсетіледі.
33 шаруа қожалығы мен 57 кәсіпкері бар ауылда көлік қатынасы да жан-жақты қолға алынған. Барлық бағытта күнделікті көлік қатынасы қызмет етеді.
Сондай-ақ округке қарасты елді мекендерде де тіршіліктің көзі тереңдеп келеді. Заманға сай мектеп құрылысы салынып, мұнан бөлек те қолайлы жағдай жасалған.
Ғасырлық білім ордасы
Кеңес Одағы уақытында 1917 жылы жаппай сауаттандыру науқаны басталды. Осы тұста Қызыл отау жұмысын бастады. Сонымен қоса көшпелі Қызыл керуен сауаттандыруды жүзеге асырды. Осы негізде 1921 жылы Аманөткел ауылдық кеңесімен қатар мектеп іргетасы қаланып, бастауыш мектеп ашылды.
Көнекөз қарттардың, осы мектепте 34 жыл ұстаздық еткен Сағабай Тлеуқабыловтың айтуынша 1953 жылдан 1959 жылға дейін мектептің ауқымы кеңейіп, жеті жылдық мектеп болып қайта құрылады. Кейіннен халықтың, оқушылардың саны артуына байланысты бұл мектеп орта мектеп болып саналады. Осындай тарихы бай білім ордасы қазірде жаңа типтегі мектеп ғимаратымен жаңартылып, шәкірттердің сапалы білім алуына жағдай жасалып отыр.
Осы уақытқа дейін талай алтын белгі мен үздік аттестат иелерін тәрбиелеп шығарған білім ошағы алдағы уақытта да табысты қызмет етуге дайын.
Өнердің төл бесігі
Талай тұнық өнердің ордасына айналған, жыршылықтың мектебі қалыптасқан Аманөткелде өнерді бірінші кезекке қояды. Өнердің өлмес сарайына баланған мекендегі ауылдық мәдениет үйі әлі күнге кешегі өткен аға буынның желісін үзбей жалғастырып келеді. Сонымен қатар мәдениет үйі жанында халық театры мен «Алдаспан» әзіл-сықақ театры.Елеулі еңбектің арқасында бірі 1987 жылы «Халық» атағын алса, қазіргі уақытқа дейін талай белесті бағындырды. Халықтық театр ұжымы бірнеше рет «Үздік қойылым», «Үздік инсценировка жасаушы», «Үздік ер образы», басқа да номинацияларды жеңіп алған. Ал «Алдаспан» әзіл-сықақ отауы 2016 жылы халықтық атағына қол жеткізді.

Аманөткел дәрігерлік амбулаториясы округ бойынша өзіне қарасты 2200 тұрғынның денсаулығы үшін жауапты. Ал бұл мекемеде бүгінде 2 дәрігер, 19 орта буынды, 4 кіші медицина қызметкерімен қатар 8 техникалық қызметкер қызмет жасайды.
Бүгінде 7 төсектік күндізгі стационары бар дәрегерлік амбулатория 1960 жылы медициналық пункт болып ашылған. 1982 жылдың тамызынан бастап Аманөткел дәрігерлік амбулаториясы статусына ие болды. Ал 1991 жылдан бастап Аманөткел селолық ауруханасы, 1995 жылы Аманөткел ауылдық ауруханасы, 1998 жылы Аманөткел селолық емханасы, 1999 жылы Аманөткел жанұялық дәрігерлік емханасы болып 2009 жылға жұмыс істеп келеді. 2017 жылы жаңа типтегі амбулатория пайдалнуға берілген.

О.ЖОЛДАСОВ
05 қараша 2022 ж. 314 0