Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Хэллоуин мерекесі: Қауіп пен қасірет

Хэллоуин мерекесі: Қауіп пен қасірет

Жақын уақытта ғана әлемнің кей елдерінде кең көлемде тойланған мерекелердің бірі – хэллоуин мейрамы еді. Бұл қандай мейрам? Оның негізгі мақсаты қандай? Адам мен қоғамға әсері бар ма? Бұл сауалдардың жауабын бірі білсе, енді бірі білмес. Ендеше бүгінгі тақырыбымызға арқау болған атаулы мереке жайында айтып өткеніміз жөн.Бұл мереке Британия мен Ирландия елдерін мекендеген ежелгі кельттердің заманымен бастау алған екен. Күз мезгілінің қараша айының бірінші күніне жақын ай толған түні олар «жаздың соңы» деп болжаған. Кельттерде тек қыс және жаз деген мезгілдер ғана болған екен. Сол үшін олар Күн құдайына ғана табынған. Сонымен бірге бүгінде Хэллоуин мерекесіне орай арнайылап ашылған дүкендер де табыс көзіне кенеліп отыр десек қателеспессіз. Себебі мейрам алдында түрлі дүкен сөрелерінде мейрамға қажетті киімдер мен маскалар, сондай-ақ керекті заттарды оп-оңай тауып алады. Тағы бір айта кететін дүние, биыл Planet Retail зерттеу компаниясының божамына сәйкес Ұлыбританияда атаулы мерекеге орай сатылым 330 миллион фунт стрелингті құраған екен. Бұл дегеніміз өткен жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға көп болып отыр. Сонымен бірге компания тұтынушылардың мерекеге арналған түрлі өнімдерге сұранысының жоғары екендігін де айтып өткен. 2001 жылы кәсіпкерлер бұл мерекеде небәрі 12 миллион фунт стерлинг тапса, Американдық ұлттық бөлшектер сауда Федерациясының берген мәліметтері бойынша костюм, кәмпит, сондай-ақ құттықтау хаттарын сатудан түскен табыс 7,4 миллиард долларды құраған. Қаншама адам осы мереке үшін біршама қаражат құртатынын осыдан-ақ аңғара берсек болады.
Атаулы мерекенің басты және маңызды белгілерінің бірі – асқабақ. Бұл көкөніс егін жинау мезгілі аяқталғанын білдірген.Сонымен бірге асқабақ арқылы зұлым рухты және оны қорқытатын отты бейнелеген. Жарық жанып тұратын асқабақ «Jack-o-lanterns» деп аталған. Ертедеадамдармұндай шамдар қайтыс болғандарға тазаруға жол табуға көмектеседі деп сенген екен. Бұл мерекенің мән-мағынасының өзі қорқынышты секілді.
Адамзат баласы басқа күндерге қарағанда осы мереке күні қазаға көп ұшырайды екен. Осы жылы мереке аясында Оңтүстік Корея елінде дүйім дүниенің назарын аудартқан қайғылы жағдай орын алған болатын. Сеулде карантиннен кейін бірінші рет бетпердесіз әрі әлеуметтік шектеулерсіз хэллоуинді тойлауға жиналған жастар қысымнан қайтыс болды. Кейінгі деректер бойынша, 151 адам көз жұмған.Тіпті бұл ортада Қазақстандық ару да болған деген дерек те бар. Сеул қаласының жедел штабы мен полициясының мәліметінше, Итэвон ауданындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандар арасында 1996 жылы туған Қазақстан Республикасының азаматы болған. Ол Ақтөбе облысының тумасы екен. «Қазақстандық дипломаттар қаза тапқан адамның туыстарымен байланыста, құжаттар ресімделіп жатыр және мәйітті Қазақстанға жөнелтуде барлық қажет көмек көрсетіледі», – делінген Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.
Алматы қаласында кішкентай балалардың қолына қалта ұстап, «тәтті немесе қиындық» деп үй-үйді аралап жүрген бейнероликтері де түрлі әлеуметтік желі беттерінде толассыз шығып кетті. Бұл дегеніміз біздің елде де жастар мен ересектер арасында бұл мереке тойланады екен деген сөз. Оңтүстік Корея еліндегі оқиғаға қайта оралайық. Мұндай оқиғадан кейін бұл мерекені кейбірі «қанды Хэллоуин» деп атап жатыр. Мереке барысындағы жастардың өліміне адамды улайтын кәмпит себеп болған деген ақпараттар да бар. Сондай-ақ мереке жайындағы кей мәліметтерде 1970 жылдары 9 жастағы америкалық Лиза Энн деген бүлдіршін үй аралап, тәтті жинап жүріп, өзіне істелген қиянатқа байланысты құрбан болған. Ал кішкентай қызды өлтірген қылмыскерді «Хэллоуин қылмыскері» деп атаған екен. Мерекеде болған оқиғалар арасында 1990 жылдары ағайынды Одомдардың ісі де енген. Олар ата-анасын қорқытпақ болып, асылып тұрып, тұншығып қайтыс болған.
Шетелге еліктейміз деп мәнсіз мерекені тойлап жүріп, өскелең ұрпаққа да осы бір жат әдеттерді үйретіп жатқанымызды байқадық па?! Қуанышынан қайғысы мол бұл мерекенің біздің елде де кең таралмасына ешкім кепілдік бере алмайды ғой. Сол үшін әр ата-ана балаға қандай мерекенің жат, қайсысының дұрыс екендігін осы кезден бастап үйрете бергені жөн. Өзіміздің ұлттық мерекелеріміздің мәні мен маңызын да қатардан қалыс қалдырмай, ұрпақ бойына сіңріре білейік. Шетелден келген мерекелерге тоқтау салып, ұлт болашағын ойлағанымыз дұрыс.
А.НҰРЛАНОВА
05 қараша 2022 ж. 509 0