Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мархабат Жайымбетов Аралдағы құрылыс нысандарының жұмысымен танысты

Мархабат Жайымбетов Аралдағы құрылыс нысандарының жұмысымен танысты

Kyzylorda-news.kz.  Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов Арал ауданында болып, бірқатар құрылыс нысандарының жұмысымен танысты.
Алдымен, Арал қаласындағы №6 мөлтек ауданындағы инженерлік инфрақұрылым жүргізу жұмыстарының барысын көрді. Мұндағы электр желісінің құрылысын «КРЭК» АҚ, су құбыры желісінің құрылысын «Жанарту» ЖШС жүргізуде. Екі жобада республикалық бюджеттен қаржыландырылды. Қазіргі таңда шағын ауданның құрылыс-монтаждау жұмыстары өз деңгейінде атқарылуда.
Мұнан соң, облыс әкімінің орынбасары Сексеуіл кентіне барып, газ жеткізу құбырының және кварталішілік газ тарату желілерінің құрылысын көрді. Бүгінде кент аумағында газ құбырын салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 40 000 метрді құрайтын кентішілік газ желісін тартуға 5 трактор және 18 қызметкер жұмылдырылған. Бас мердігер – «AKBARS STROY LTD» ЖШС болып табылады.
Іссапар Жіңішкеқұм ауылдық округіне қарасты Тоқабай елдімекенінде жалғасты. Аталған елдімекенде апатты деп танылған №248 орта мектебі жеке кәсіпкердің демеушілігі есебінен қайта салынуда. Мархабат Жайымбетұлы қазіргі уақытта мердігер мекеме тарапынан жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысын көрді.
Облыс әкімінің орынбасары Жақсықылыш кентіндегі денешынықтыру және сауықтыру кешенінде болды. Қазіргі кезде тоқтап қалған құрылыс нысанының жұмыстары қайта жанданып, орындаушы мекеме тарапынан жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілуде.
Іссапар соңы «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында салынып жатқан Қамыстыбас елді мекеніндегі денешынықтыру және сауықтыру кешенінде қорытындыланды. Мұндағы құрылыс жұмыстарын бағамдаған Мархабат Жайымбетов тиісті салалық басқарма басшылары мен мердігер мекемеге нысанды талапқа сай сапалы етіп жуық арада аяқтауды тапсырды.
Барлық нысандар бойынша тапсырыс беруші облыстық басқарма басшыларына, аудан әкімдігіне, мердігер мекемелердің басшыларына құрылыстарды уақытында бітіріп, сапасына үлкен жауапкершілікпен қарауды жүктеді.
kyzylorda-news.kz
06 қараша 2022 ж. 542 0