Шуданың қандай шипасы бар?

Менің бала кезім болатын. Бірде менен кейінгі інім аяғын шығарып алды. Содан сынықшыға салдырған соң көп уақыттан кейін аяғының ісе бастағанын байқадық. Үлкендер «сары су жиналған, түйенің шудасын тарту керек» деген кеңес айтты. Содан анам түйе шудасын тауып, оны тұзды сумен жуып, ем жасады. Бір қызығы аз уақыттың ішінде ісігі қайтып, інім жүріп кетті. Бұл бір ғана менің көзбен көрген мысал ғана.
Түйе шаруашылығында бағалы өнім – жүн. Және ол ең пайдалы, табиғи таза өнімге жатады. Оның 85 проценті таза, бағалы түбіт. Сондықтан әртүрлі табиғи жүндер арасында өзінің технологиялық қасиеттері бойынша жетекші орын алады. Қылшықты қой жүніне қарағанда түйе жүнінде мамығы көп, өлі түгі және шайыры жоқ. Түйеден өндірілетін жүн өз сапасына байланысты өте жоғары бағаланады.
Түйе малын талай жылдан бері бағып отырған Темірбай Төреұлы оның шипалық қасиеттерін де жақсы біледі. Ол сүті, етінен бөлек жүні де нарықта жоғары сұранысқа ие екендігін айтты. Бүгінде түйе жүнін сұраушылар көбейген.
– Түйе жүні өнеркәсіп үшін таптырмайтын шикізат болып табылады. Бұл жүннен тоқылған матаға, затқа шетелдіктер тарапынан сұраныс та көп. Ол мықтылығы, жеңілдігі және жұмсақтығымен де ыңғайлы. Түйе жүнінентоқылғанорамал, кеудеше, шұлық суық өткізбейді, ал одан дайындалған күпілер жиырылып қалмайды. Ал шуданың жөні бір бөлек. Шуда негізінен тізе шуда және мойын шуда болып екіге бөлінеді. Қазір шуда сұраушылар көп. Тіпті үлкен қалада тұратындардың өзі осы шудамен емделіп жүр. Біз де бұрындары әке-шешемізден көрген тәсілмен ем қылудың жолдарын айтып жатамыз. Сондай-ақ, түйе күзем уақытта тігіншілер мен тоқымашылар оның жүнін жоғары бағада сатып алады, – дейді шаруа Т.Төреұлы.
Түйе жүні түбіт, аралық қылшық, жай қылшық, шуда болып бөлінеді. Осының ішінде шуданы емдік құрал ретінде халық жиі пайдаланған. Оның буын, құяң, бүйрек аурулары, радиация сәулелеріне қарсы қасиеті ғалымдарды әлі таң қалдырып келеді.
Дәстүрлі ем-шараларда бала көтермеген әйелдер түйенің бақайшақ майын алып, оған түбіт жүнін шылап қойса, бала көтеруге ықпалын тигізеді деген нанымда болған. Түйе жүнінің түбітін, шудасын күйдіріп, ұнтақтап, қан кеткен жерге сепсе, оның тыйылуына септігін тигізген. Қол-аяқтың буыны қайырылып ісінгенде түйе шудасын ерітілген тұзға немесе сірке суына шылап, таңып қояды. Шуда шала туылған баланың жүйке талшықтарының оянуына, тірек-қимыл аппаратында ауытқу болған науқастың дұрыс қалыптасуына оң ықпалын тигізеді. Сондай-ақ, буын, бүйрек ауруларына және радиация сәулелеріне қарсы ем ретінде пайдаланады. Шудадан бағалы тоқыма бұйымдар жасалады.
Түйе жүніненнеше түрлі өрмекжіптерін иіріп, шекпен, қап, белбеу, кілем, қоржын сияқтыларды тоқиды. Сол сияқты түйе жүні ат әбзелдерін жасауға және көген, бау-шу есуге өте қолайлы. Түйе жүні көрпеге салуға, шапанға тартуға жақсы, жеңіл әрі жылы болады, қылшық шықпайды.
Нарықтағы түйе жүнінен жасалған өнімдердің бағасын саралап көрдік. Біздің өңірде түйе жүнінен жасалған көрпеге сұраныс жоғары. Бағасы да мақта, синтетикалық талшықтардан жасалған көрпеге қарағанда әжептәуір жоғары. Ал, түйе жүнінен тоқылған шұлық пен белдік сирек кездесетіндігін аңғардық.Арнайы тапсырыспен ғана тоқылады.
Қорыта айтсақ, төрт түліктің төресі саналатын түйе бар жақсысын бойға жиған жануар. Оның жүні жылы киім, шудасы шипа, сүті дәрумен, еті қорек. Түйенің ерекше қасиеті ғалымдардың өзін таң қалдырып, қызығушылығын оятып отыр. Маң басқан маңғаз жануардың біз білетін қырланын барынша баяндадық. Ашылмаған сырлары да жетерлік.
Назерке МАРАТ