Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балықшы бақыты

Балықшы бақыты

Кейінгіге кісі еді кеңес берер,Әлі талай еңбегін елі ескерер.
Тау толқыннан ешқашан тайсалмаған,
Теңізбенен ер еді тел өскен ол.
Заманында береке-ырысы бес елі болған, кемерінен асып-тасқан Арал десек Нарғали аға. Нарғали аға десек Арал ойға оралады. Бір сөбен айтқанда, теңіз бен Нарғали ағам ажырамас егіз ұғым еді.
         Өткен ғасырдың отыз екінші жылының қызыл шұнақ аязды қаңтар айында Қызылорда облысы, Арал ауданының Ақеспе балықшылар ауылында дүниеге келген Нар ағамның бұдан былайғы өмір жолы бейне кинолента тәрізді болатын.
         Арал теңізінің жағалауында өмірге келген, осынау Ақеспеде кіндік қаны тамған аталарымыз бен әкелеріміздің, ағаларымыздың жаны о бастан сірі. Қытымыр қыстың қара суығы табаныңнан өтіп, тас төбеңе жететін бұл өлкенің табиғаты қатал. Сол кездегі Нарғали ағамның тұстастары жалаңаяқ, жалаңбас, азуы алты қарыс аяздың өтінде балалығын өткізгенін өздерінің ауызекі әңгімелерінен естігенбіз. Қазіргі жастар оны ежелгі ертегіге еншілеп, бағзы аңыз әңгіменің аужайына қалдырмасына кім кепіл?
         ...Тарихшы ғалымдар тап осы Ақеспенің маңайында ерте заманда акула, киттер өмір сүргенін хатқа жазып қалдырған көрінеді. Тіпті, оның анық-қанығын кешегі кеңестік антрополог ғалымдар өздерінің жазбаларында бұл өмірде сондай теңіз жануарларының болғандығын шындыққа жанастырып жазған екен.
         Нарғали ағам міне, осындай атышулы аңызға арқау болған аядай Ақеспенің перзенті еді. Жасынан теңіздің тентек толқындарымен алысып өскеннен бе, оның мінезі, жаратылысы теңізге жақын. Кесек мінезді, кең иықты батыр адам. Кезінде бұл кісі жөнінде осы мақала аттас өлең де жазғанмын.
Батырындай бағзының пошымы, ісі,
Бастықтарды басатын несі мысы?!
Арал түгіл, танымал Алматыға,
Ақеспені жайлаған осы кісі...
         Нарғали ағам кешегі кеңестік қоғамның тұсында өзінің қарапайым болмысымен-ақ асқар асулардай абырой-атақтан кенде болған жоқ. Ол өмір бойы ұлы еңбекпен еншілес болды. Соған лайық мақтау-марапаттың өзі оны іздеп келіп талай мәрте табалдырығына табынғанын күллі Арал халқы жақсы біледі. Бірақ Нарғали ағам бәлсінген жоқ. Бәрекелді, бәлсінбегені былай тұрсын, аупартком, обкомның босағасынан атақ сұрап аттаған жоқ.
         Сонау 1942 жылғы Ұлы Отан соғысының қайнаған отты кезеңінде он жастағы Нарғали ағам алғашқы еңбек жолын ата-бабаларының сарқытындай балықшы болып бастапты. Ауылдағы ағалары қан майданға аттанған қаһарлы кезеңде буыны бекіп, қабырғасы қатпаған Нарғали ағам соғыс жесірлерімен, қарттармен бірге еңбек соқасына жегілді. Тулаған теңіз төсіне таң қараңғысында аттанып, күн қызыл құлақтана жатар орнына оралатын еді. Аралдың дауылы шарасына сыймай жатқан кезде сұмдық еді. Үйдей үрейлі толқындар қара қайықты ақжал толқын төсінде қақпақылдай ойнататын.
         Нарғали ағам осылайша аттай 70 жыл тентек теңіз төсінде ел ризығын молайтқан жан. Көрдіңіз бе, 70 жасқа келгенше сыны кетсе де, сыры кетпеген сұңғыладай теңізден қол үзбепті. Аралдың бағы қайтқан тұста да туған жерден түріле көшкен жоқ. Мәуелі бәйтеректей ата мекенде жапырақ жайды, теңіздің жас қырандарының тоншысын қатайтып, қаншамасына елді, жерді сүюді үйретті.
         Нарғали ағамның өмірдерегіне үңілсек, өлшеусіз еңбек адамының ерен ғажайып ертегі тектес істеріне куә боласың. Ол 1945 жылы бар болғаны он үш жасында 1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысындағы «Тылдағы ерлігі үшін» медалін омырауына таққанда Ақеспе ауылындағы үлкен-кішінің қуанышында шек болған жоқ. Қаршадай баланың құйттай жүрегі шаттықтан кеудесіне сыймай асыр салған еді сонда. Нарғали ағам еңбек өтеуінің өлшеусіз құрметін сол сәттен бастап ұғынған.
         Осыдан бастап Аралдың даңқты балықшысы Нарғали Демеуовтың есімі ел ішін ебінің желіндей екпіндетті дейсің бір. Атақ пен даңқ дегенің ақеспелік қарапайым балықшының көлеңкесіндей қыр соңынан қалмай еріп жүргенін сол дәуірдегі адамдар жақсы біледі. Он үш жасында омырауы алғашқы үкіметтік медальмен апталған апайтөс ағамыз араға талай жылдар салып 1963 жылы бірінші Еңбек Қызыл Ту орденіне ие болды. Осы орденге Нарғали Демеуов әлгі 1963 жылдан бастап 1976 жылға дейін үш мәрте ие болған қазақстандық еңбек қаһармандарының бірінен саналатынын қазір санаулы адамдар ғана білсе керек.
         Аралдық атақты балықшының өрнекті еңбек жолдары осылайша табысты өрілді. Басқа мақтау-марапаттарын былай ысырып қойғанда 1975 жылы Қазақ ССР-і тамақ өнеркәсібінің еңбек сіңірген қызметкері, араға екі жыл салып Қазақ ССР-і Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын иеленді. Осы жылы есімі Қызылорда облыстық кәсіподақтар кеңесінің «Еңбек құрметі» кітабына енген Нарғали аға шынында жұлдызы жанған нағыз еңбек адамы болатын.
         Осыдан аттай қырық жыл бұрын Нарғали Демеуовтың атақ пен бақ атаулыны аспандатқан есімі Қызылорда облыстық «Даңқ» кітабына алтын уық болып өрілді. Өзгеше өрнек берді. Тап сол бір 1982 жылы сол замандағы биік марапат Ленин ордені о кісінің омырау тұсынан ойып орын алды.
         Айтпақшы, заманында 1963 жылы СОКП-ның ХХІІІ съезінің делегаты болғаны бар Нар ағамыздың. Мәскеудің съездер сарайында Нар ағамыздың нар тұлғасына марғасқа маршалдардың тамашалай тамсанғаны әлі есте. Сол съездің төрінде атақты Ыбырай Жақаев, Сәбит Мұқанов, Алексей Мересьев сияқты таудай тұлғалармен дидарласты, сыр-сұхбат құрды.
         Қоғам өзгерді. Еліміз ата-бабаларымыздың ат үстінде, атан қомында ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздік тағына мінді. Қашанда адам еңбегі ескерусіз қалмайды екен. 2001 жылы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентінің Алғыс хатын иеленген Аралдың атақты балықшысы Нарғали Демеуов арада екі жыл өткенде «Арал ауданының құрметті азаматы» атағына ие болды.
         Заманында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған Нарғали аға отыз жыл бойы облыстық, аудандық кеңестердің кезекті шақырылымдарында халық қалаулысы мандатын қолынан шығарған жоқ. Сол кездері аудан басшыларының алдына ауылдың, ауданның толғағы жеткен мәселелерін төтесінен қоя білген сөзі кесек, жүрегі түкті нағыз азамат еді ол.
         Қашан жетпіс жастың желкесіне мініп, сексен жастың сеңгіріне жеткенше байырғы ата кәсібінен қол үзбеген Нарғали Демеуов қандай құрметке де лайықты ақсақал болатын. Үстіміздегі жылы дүниеден өткеніне тоғыз, туғанына 90 жыл болған Аралдың атақты балықшысы Нарғали Демеуовтың есімі туған қаламыздағы бір көшеге берілсе, бұл ұлы еңбек адамына ұрпақ тарапынан көрсетілген лайықты құрмет болған болар еді.
Толыбай АБЫЛАЕВ
12 қараша 2022 ж. 465 0