Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің құттықтауы

Аудан әкімінің құттықтауы

Қадірлі балықшылар қауымы!
Құрметті табиғат пайдаланушылар!
Cіздерді қасиетті Құрбан айт мерекесімен тұспа-тұс келген кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Елімізде шілде айының екінші жексенбісі – балықшылар күні болып белгіленген. Тіршілігі теңізбен тығыз байланысқан аудан халқы үшін бұл мерекенің маңызы зор.
Арал өңірі тұрғындары үшін балық шаруашылығы ата кәсіп саналады.
Балық шаруашылығының даму нәтижелерімен бөлісе отырып, тың  жобаларды үйлестіру мақсатында теңіз төскейіндегі өңірімізде бес мәрте балықшылар слеті өткізілді. Биылғы жылы да дәстүрлі шараны ұйымдастыру жоспарымызда бар.
Тарихтан білетініміздей Повольже өлкесіндегі аштыққа ұшыраған халыққа көмектесу мақсатындағы 14 вагон балық жіберген ата-бабаларымыздың ерлігі ел есінде.
Арал топырағының перзенттері Социалистік Еңбек Ерлері Төлеген Әлімбетов пен Ұштап Өтеулиева  және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, атақты балықшы Нарғали Демеуовтер балық саласын игеруде - еңбегі ерен тұлғалар. Сонымен бірге Қазақ КСР-нің Балық шаруашылығының министрі болған, елімізде осы саланы дамытуға зор үлес қосқан Құдайберген Саржанов сынды азаматтардың қызметі кейінгі буын үшін өшпес үлгі-өнеге.
Қазіргі таңда теңіз толқынында желкенін жықпай, ата кәсіпті жалғастырған балықшылар легі баршылық. Ауданда жылдық қуаттылығы 23 900 тоннадан астам 9 балық өңдеу зауыты мен 14 балықты қатыру, сақтау цехтары жұмыс жасауда. Бұл өндіріс орындарында мыңдаған тұрғындар еңбек етіп, нәпақасын табуда.
Ардақты ағайын!
 «Балық іздесең көлге бар, береке іздесең елге бар» дегендей, көлдеріміздің қойнауы балыққа толы болса, ол алдымен халықтың берекесі, елдің әл-ауқатының негізі.
Өз кәсіптеріңіз арқылы аудан экономикасына қомақты үлес қосып, ел игілігі үшін жасап жүрген қызметтеріңізге шынайы алғысымды білдіремін.
Сіздердей азаматтарымыздың жүйелі жұмыстарының нәтижесінде Арал өңірінің балық шаруашылығы одан әрі қарыштап дами түсетініне кәміл сенеміз.
Күннің ыстық-суығына қарамастан балық шаруашылығын дамытудағы елеулі еңбектеріңіз нәтижелі болғай.
Берекелі бірлігі мен тату тірлігіміз толымды істеріміздің ұйытқысы бола берсін!
Мереке құтты болсын!

Ізгі ниетпен,Арал ауданының әкімі С.Сермағамбетов
10 шілде 2022 ж. 485 0