Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қандалалармен күресу

Қандалалармен күресу

Жер бетінде миллиондаған жәндіктер бар. Олардың арасында кейбіреулері адамға зиянсыз болғанымен, кей жағдайда адам денсаулығына зиян келтіретін улы жәндіктер де кездеседі. Кейбірінің улылығынан  адам шаққан кезде өліп кетуі де мүмкін.     Адам ағзасына зиян келтіретін  жәндіктердің қатарына қандалалар мен тарақандар да  жатады.Қазіргі таңда қандаланың 40 мыңнан аса түрі белгілі,оның ішінде елімізде оның  32 тұқымдасы, 370 туысы, 1,5 мыңдай түрі кездеседі. Негізгі тұқымдастары: су қандалалары, ескекшілер, төсек қандалалары және тағы басқалары.Қандала тістемейтін, тұмсығымен шаншып-соратын жәндік. Қандала адам денесінің ашық жерлеріне жабысып, адамның қанын сорады. Сондықтан олар адам бар жерде ғана жүреді. Әсіресе, түн ортасында белсенді болады. Басқа жәндіктерден айырмашылығы қанатсыз және паразиттік тіршілік етуге бейімделген. Бұлар жарты жылдан аса уақыт қорексіз тіршілік ете береді. Қандалалар ауру таратпайды, бірақ олар өз ағзаларында  ауру қоздырғыштарын  ұзақ сақтайды. Қан арқылы таралатын вирусты В гепатитін, қышыма, безгек ауруларын жұқтырады. Қандала шаққан адам ұйқыдан айырылып, күш-қуатын жояды. Қандала шаққанда ауырсыну  белгілері  болмайтындықтан оның шаққанын адам білмей де қалады,өйткені сілекейінде жансыздандырғыш  заттар бар. Сонымен қатар олардың сілекейінде қанның ұюын болдырмайтын антикоагулянттар да кездеседі. Қандала шаққанда терінің бір жерінде тұрмай, «жол» жасап, сонымен орнын ауыстырады .  Біраздан кейін шаққан орны қышып, дене бірнеше жерден қызарып, беті күлдіреп кетеді. Кей адамдардың қандала шаққанда аллергиясы қозады. Қандаланың шаққан орны қышып, кемінде бір аптадай кетпей жүреді. Адамдар кейде оны қышымамен шатастырып жатады.Қансорушы елеусіз бол­ғандықтан, оның сорған қан тамшыларының іздері киімде қалады. Қандаланың аналығы тәулігіне 5 жұмыртқаға дейін қалдырса, 15 ай ішінде 250-ден 500 жұмыртқаға дейін көбейеді. Оның сан жағынан көбеюі, әсіресе жаз кезінде байқалады. Қыста жылы бөлмелерді мекендейді. Жалпы, қандалалар температураның өзгеруін өте қолайсыз қабылдайды. Мысалы, −15 градус температурада 1 тәулік өмір сүрсе, ал +49 градустан жоғары болса, қандалалар өледі. Қандаланың негізгі мекені – үйдің іші. Бір үйден екінші үйге көбіне киімге жабысып барады. Қоғамдық көлік сияқты адам көп шоғырланатын жерлерде де тарауы мүмкін. Пәтер ауыстырарда жаңадан сатып алынған жиһаз, көрпе, төсек пен басқа да жұмсақ заттар арқылы тарайды. Өмір сүруіне жайлы пәтер болса, қыс пен жазға қарамай белсенді болады.Кө­шіп-қонғанда, басқа ай­мақтардан немесе шетелден саяхаттап келген кезде сөмке мен сыртқы киімді төргі бөлмеге шы­ғаруға асықпау керек. Өйткені сырттан ойда-жоқта тап болған қандала кез келген уа­қытта сізбен бірге үйге енуі мүмкін.Қандалаларды жою үшін үй-жайларға дезинсекция жұмыстарын жүргізу қажет. Адамдар өз бетінше жою жұмысын жүргізбей,осы жұмыстармен айналысатын арнайы мекемелерге,  тиісті мамандарға жүгінуі тиіс. Дезинсекциялық шараларменқанадала анықталған  пәтерлердің үй-жайларымен қоса,сол пәтерге жақын орналасқан басқа пәтерлердің  бөлмелері қамтылуы  керек. Бұл шараларды көрші пәтерлердің иелерімен бірлесіп жүргізген жөн. Химиялық жою кезінде барлық талаптар сақталса, бөлмені олардан толығымен арылтуда 100 пайыз нәтиже береді. Қандаламен күрес жүргізуде бастысы оларды уақытында байқай білу керек. Төсекте қандаланың яки қанның ізі қалады. Немесе хитин, яғни барлық жәндіктердегі сияқты сыртқы қабықшасын тастағанынан байқауға болады.

Арал  аудандық  СЭББ бас  маманы М.Садықова
16 қараша 2022 ж. 1 408 0