Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарақандармен қалай күресеміз?

Тарақандармен қалай күресеміз?

Тарақан жәндігі негізінен түнде шығады, ал күндіз едендер мен қабырғалардың саңылауларына, ас үйдегі стол маңына, еденнің ернеу ағаштарына, плиталарға, жылу және су өтетін құбырларға, т. б. қуыстарға жасырынады. Азық-түлік және әртүрлі мата, жібек, жүн, қағаз қалдықтарымен қоректенеді. Тарақан азықты былғайды және сонымен бірге ішек құртының жұмыртқалары мен әр түрлі жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын (дизентерия, іш сүзек, полиомиелит және т. б.) тасуы мүмкін. Тарақандар әсіресе дизентерия, сүзек, тырысқақ және туберкулез сияқты ауруларды тудыратын қоздырғыш бактерияларды тасымалдайды. Ғылыми зерттеулер нәтижесі тарақандар төмен температурада өмір сүре алмайтынын көрсеткен. Алайда, бұл – тарақандар салқында қырылып қалады дегенді білдірмейді. Қорғану мақсатында аталған жәндіктер кәріз құбырларының бойымен пәтерлерге кіреді. Көпшілігі қыс мезгілінде есік, терезелерді ашып қойсақ, тарақандар өледі деп ойлайды. Осы орайда айта кеткен жөн – аталған жәндіктер одан тіршілігін тоқтатпайды. «Салқын немесе улау жүргізілсе, аталған жәндіктер қабырғада немесе еденде бар жарықтар арқылы басқа жерге уақытша көшеді. Мысалы, үйдегі шкафтың ішінде көп болып, оны қыс уақытында далаға шығарып тастасаңыз, онда тарақандар өледі. Алайда, ескеретін дүние бар. Жәндіктер өлгенімен, оның жұмыртқалары төмен температурада тіршілігін жалғастыра береді. Өйткені, жұмыртқа орналасқан қабықша қатты ыстық пен суыққа төзімді. Кейін шкафты дұрыс тазартпай үйге қайта кіргізсеңіз, онда оның қуыс-қуысында қалған жұмыртқалардан жәндіктер дами береді. Тарақан, қандала немесе осындай өзге де жәндіктерді үй жағдайында өз бетінше улау дұрыс емес. Бұл - аса қауіпті. Бүгінде зиянкес байқалса, үйіне «Квикфос», «Палач» сияқты химиялық препараттарды сеуіп тастайтын тұрғындар аз емес. Ол - бірінші кезекте балалар денсаулығы үшін аса қауіпті. Тек тарақан жайлаған пәтер емес, зардабы көршілеріне де тиеді. Егер үйде тарақанның бар екені туралы белгілер пайда болса, онда арнайы залалсыздандыру мамандарының көмегіне жүгінген жөн. Қазір көп жағдайда адамдар өз бетімен улау жұмыстарын жүргізеді. Оның салдары улану, өлім жағдайына әкеліп соғып жатыр. Сондықтан арнайы мамандардың қызметіне жүгінген дұрыс. Өйткені үй жағдайында пәтер иесі қандай орындарға өңдеу жасау қажет екенін білмейді.Тарақандарды улау барысында 24 сағат үйде ешкім болмауы қажет. Осы жұмыстар аяқталған соң, терезелерді ашып, үйді желдету керек. Сондай-ақ, пәтерді толық жуып алу маңызды. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау» Кодексінің 107 бабында дезинфекциялау шаралары туралы жазылған. Оған сәйкес, қандай да бір тұрғын үйден немесе пәтерден зиянкес жәндік анықталса, онда сол баспананың иесі өз қаражаты есебінен залалсыздандыру жүргізуі тиіс. Ал қоғамдық орын, мектеп, балабақшаларды арнайы қызмет көрсететін ұйым келісім-шарт негізінде ақылы түрде дезинфекциялайды.
Арал  аудандық  СЭББ бас  маманы М.Садықова
16 қараша 2022 ж. 926 0