Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Мырзас дала болады, Аманөткел қала болады»

«Мырзас дала болады, Аманөткел қала болады»

Сырдария өзенінің теңізге құяр сағасына таяу орналасқан  Аманөткел  елді мекені  ежелден  географиялық  жағынан  қолайлы, тоғыз  жолдың  торабында  орналасқан. Ресми  түрде  100 жылдығы  аталып  өтіп  жатқан  аймақ  тұрғындарының  негізгі  кәсібі  – балық  шаруашылығы. Ауылымыздың  тарихын  үш  кезеңге  бөліп  қарастырған  жөн. Себебі Аманөткел  1921 жылы  ауылдық  округ болып  құрылғанға  дейін-ақ, яғни  қазан  төңкерісінен  бұрын да  халық  қоныстанған  аймақтардың  қатарына  жатады. Негізгі  ата  кәсіп  балық  шаруашылығымен  қатар  ішінара  суармалы   егіншілікпен  де  айналысқан. Оған куә  қол  самар, өгіз  шығыр  сияқты  егіншілік  құралдары. Мұндай егін алқаптарына Қарадөңді жатқызуға болады. Біздің бала  күндерімізде сайрап  жатқан егіс  танаптарына  азықтық  дақылдарының  егілгендігіне үлкендеріміздің естеліктері куәлік жасайды. Тіршілік  көздерінің  тиімділіктеріне  байланысты  Нұртуған  атамыздың  «күндердің  күнінде Мырзас дала болады, Аманөткел қала  болады. Себебі Аманөткелдің  жері  тақтайдай  тегіс, кейінгі  ұрпақ  тоқымдайдан  бөліп  алады»  деген  әулиелік, көрегендігін  де  айтар  ойымызға  тиянақ  етуімізге  толық  негіздер  бар  деп  ойлаймын. Ал  Аманөткел   аталуының  өзі-ақ  18  ғасырға  жатады  деп  қана  болжам жасай  аламыз және  Аман  деген  қарақалпақтың  есімімен  байланыстырады. Яғни  Аманның  өткелінен   өтеміз  деген  сөзден  шыққандығын  негізге   алады. Әрине тарихи  жазба  деректеріміз  жоқ. Мен  бұл  туралы  үлкендерімізбен  көп  пікірлестім. Оның  үстіне  осы  елді  отыз  жылдай  басқарған  Абдолла  Жаңабаев  ағамызбен  де  осы  тақырыпта  ой бөлістік. Барлық  дерек, дәйек  осыған  келеді. Сонымен  қатар  Аманөткел, Райым, Тұрсын  және  басқа жер  атауларының  барлығы  да  қарақалпақтарға  байланысты  қойылған  атаулар. Олай  болатын  себебі, ХІХ ғасырдың  орта  шеніне дейін  осы  жерлерді  қарақалпақтар  мекендегендігі   белгілі  және  бір кездері олардың Әбілқайыр ханға бағынышты болғандығы да  тарихымыздан  мәлім.  Екінші  қазан  төңкерісінен  кейінгі   тарихымыздың   сарғайған  парақтарына  байланысты. Үшінші  тәуелсіздігіміздің  тұсындағы  ел  өмірінде  орын  алған  өзгерістеріміз  туралы  баяндауымызға болады.
Әрине Қазан төңкерісіне дейінгі қаймағы бұзылмаған ата  дәстүрлеріміз елдің ауызбіршілігі бекем  болғандығын  дәлелдейді. Сонымен  қатар отаршыл патшалық дәуірлердегі орын алған қоныстандыру  саясатымен қатар, алғашқы балық кәсіпшіліктерінің, нарықтық  қатынастардың орын алғандығын айғақтайды. Дария жағасында қоныс  тепкен орыс шаруаларының тұрақтары сөзімізге дәлел. Менің өзім Тимофей  деген орыс балықшының үйінде дүниеге келіппін. Тіпті, Иличев Семен   Ефимович  деген  Мырзаста  дүниеге  келген  жерлесіміз дария  жағалауында  алғаш  рет  бақ  өсірумен  айналысқан. Мен  ол  кісінің  Алматыдағы  үйінде  қонақта да болдым. Туған жеріне, Аманөткел мектебіне келіп, оқушылармен  кездесу өткізгендігіміз және оған домбыра сыйлағанымыз да есімде. Мен   барғанымда туған жерімнің маған жасаған тартуы деп  төріне  іліп  қойыпты және оны әйеліне мақтанышпен баяндады. Ол кісінің туыстарының  барлығының да фотосуреттерін мектеп мұражайына табыстадым. Мектеп  ұжымы  олардан  альбом жасап,  жарыққа  шығарғандары  жөн  дегім  келеді. Себебі ол да  біздің  тарихымыз. Негізі «уральскілік  казактар» деп  аталатын  өзге  ұлт өкілдерінің соңы Алексей Курноскин болды. Бұдан  да  басқа  өзге  ұлт өкілдерінен шығып, өмір жолдарының тағдырларын Аманөткел  тарихымен  байланыстырған  жерлестеріміз  аз  емес.
1921 жылы  Аманөткел  ауылдық  кеңесі  құрылып, алғашқы  төрағасы  Қожағұлов Нұрлыбай болды. Аталған азаматтың есімін үлкендеріміз  білгенімен, жастарымыздың білмеулері де мүмкін. Нұртуғанның әкесі  Кенжеғұл мен Қожағұл бірге туған адамдар. Мына бір деректі де  көпшіліктің  біле  жүргендері  маңызды  деп  ойлаймын. Қожағұл  суырып  салма  ақын, оған  дәлел,  ол  кісінің   Кәрібөгеттің  басындағы  Бекіш  ақынмен  әзілге  құрылған  айтыстары. Жалпы,  бір нәрсеге  таң қаламын. Мырзастың  басынан  шыққан  аталарымыздың  екі  ауыз  сөздерін  өлеңмен  айтпағандары   кем-де  кем  екен. Ауылдық  кеңес  болып  құрылғанында  Ақшатау, Шеңгел түбек, Қарамойын, Мырзас, Арғынбай, Кәрібөгет, Қарадөң, Хан және Сарышоқы қоныстары кеңес құрамында болды. Алғашқы мойынсерік, серіктестік, артельдер  осы  ауылдар  бойынша  құрыла  бастады. Кеңестік  саясаттың  ықпалы  осылайша  ауыл  өміріне  енген  өзгерістерге  айналды.  Сауат  ашу  мектептері  жұмыстарын  бастады. Осы  артельдеріміз  кейіннен  ірілендіріліп,  ұжымдық  шаруашылықтардың   негізін  қалады. Осының негізінде Ақшатау, Аманөткел және Мырзастың басында Амангелді, 8 март  колхаздары ұйымдастырылды. Кейіннен 8 март  пен  Амангелді  колхоздары біріктірілген. Мына бір тарихи деректерге назар аударғандарыңызды қалаймын. Аманөткел ауылдық кеңесі сол жылдары  халық санының өсуіне байланысты аудан орталығы тәріздес болып, балықшылар тұтыну қоғамы құрылып, жабдықтаушы мекемеге айналды. Төрағасы болып Бітімбаев Сағитжан сайланып, бірнеше жыл қатарынан қоғамды басқарған. Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінің директоры Мұхан Төлебайдың 2018 жылдың  27  наурызындағы  №4-15/38  санды  маған  жолдаған  хатында, Аманөткелдің аудан орталығынан 125 км  екендігі,  оған  алты елді мекеннің қарайтындығы, ауылдардың  арасының  отыз  км  болатындығы  және ең бастысы  онда 2823  адамның  мекендеп  тұратындығы  көрсетілген. Бұл  1937  жылғы  мәлімет. (Негіздеме: 85-қор, 1-тізімдеме. 226-іс, 7-бет, 45-бет: д. 852,л. 46.). Егер  Аманөткел  ауылдық  округінде  бүгінгі  таңда  2500   халық  тұратындығын  ескеретін  болсақ, сол  дәуірде  2823  тұрғынның  болуының өзі едәуір көп цифр екендігін, іргелі ел болғандығын  аңғаруымызға болады. Осының  өзі-ақ  көп  жағдайлардан   хабар  беретін тарихи  факт  деп  ауыз  толтырып  айтуымызға  болатын  жағдай және құт  қонып, береке  дарыған  аймақ екендігін  дәлелдейді.Аманөткелдің   орталық   ретінде қалыптасуында  Қосымов   Уәйіс  басқарған  балық  колхоздарының  бірлестігі  Рыбак  союздың  үлкен  әсері  болғандығы  айдан-анық.  Халық  санының  көбеюіне әсер еткен факторлардың  бірі  ашаршылық  жылдарында  қырдан шұбырып келген бауырларымыздың Сыр бойына, өзен  жағалауларына өлмес күндері үшін паналап қалуларында болатын. Ол  адамдар  өздерінің  жас  қыздарын  ең  болмаса  өлмесін  деген  ниетпен   күнкөрісі  бар  отбасыларына  аманатқа  қалдыруларына  тура  келгендігі   ауыл  өмірінің  шежіресінде   сақталып  қалған ақиқат. Тіпті, кейбірі белгілі  адамдардың  отбасыларының  мүшелеріне айналғанды мәлім.  Босқындар   санының   артуына осы  өңірде  ашаршылық  жылдарының  өзінде  өлім-жітімнің  болмағандығының  да әсер еткендігі даусыз. Жаппай  адам  өлімі болды  дегенді  мен өзім көп  пікірлескен  кезімде  Ысымов Қуанышбай ақсақалдың  да  айтпағандығын  мәлімдей аламын. Атамыз елдің шежіресіне  қанық, өте  бір  әңгімешіл, зерделі  қария  болатын. "Өзен  жағалағанның  өзегі  талмайды"  деген  сөздің  ақиқатына  осы   деректер толық  негіз  бола  алады.
1921  жылғы  14  вагон   балық  жөнелту  Сыр  бойы  балықшыларының  ауызбіршілігі мен ынтымағының елжанды  көрінісіне айналғандығы   мәлім. Науқан  барысында  ауылымыздан  Рысқалов  Бақыт, Ізбасханов  Демесбай, Сүлейменов  Жолаш  және  басқа да  көптеген  жерлестеріміз қатысты. Осындай  еңбектің   қайтарымы  болар, Сүлейменов  Жолаштың 1939  жылы  Мәскеудегі бүкілодақтық  ауыл  шаруашылығы  жетістіктерінің  көрмесіне  (орысша  атауы ВДНХ) Ақшатау  колхозының атынан қатысқандығын  дәлелдейтін  тарихи  құжат  мұражай  қорында  сақтаулы  тұр.
Осыдан кейінгі жылдарында  халық  санының  азайып  кетуінің  себебі, бүкіл  еліміз  бойынша  орын  алған  саяси  себептермен  қатар   екінші   дүниежүзілік  соғыс  зардаптарына  байланысты  деп  айта  аламыз. Елдің  басты-басты  адамдары  қуғын-сүргінге  ұшырады. Нұртуғанның  өзіне  ұстаз  болған Рахметов  Сұлтан  мен  Әйімбетов  Кәрібоз, Төреханов  Әбді  және  Қосмамбетов  Әбіл, Оңғаров  Сәрсендер  халық  жаулары  болып  ең  жоғары  ату  жазасына  кесілді. Атап  өткім  келеді бұл  толық тізім емес. Бұл  адамдар туралы зерттеулер әлі күнге  жалғасып  келеді. Дегенмен құзырлы  органдар  тарапынан  құпиялық   белгісінің  алынбауы  бұрынғыдан  күшейе түсіп, бермеудің  амалдары  күшейе  түскен  тәрізді. Осыған  байланысты  ауылдық  кеңес бойынша  қуғын-сүргінге  ұшыраған  жерлестеріміздің санын   анықтау  мүмкін болмай тұр. Бір анық білетіндігім, олардың арасында өзге ұлт   өкілдерінің  де  саны  баршылық. Әзірге  бес  адамның   ғана  толық  ақтау қағаздарының  алынғандығын  айта  аламын  және   олар  мектеп  мұражайына  тапсырылды. Қуғын-сүргін  тақырыбы  сөз  болғанда екінші  дүниежүзілік  соғысқа  дейін  көптеген  ұлт  өкілдерінің Аманөткелге  қоныстанғандығын  айтпай  кету  мүмкін емес. 2000 жылдардан кейін Қалмақ  Автономиялы  Республикасынан келген  қалмақ  ұлты  өкілдерінің  бірі  қолындағы фотосурет бойынша  Оралбаев  Әбдірауыш  ағамызды туысқанын іздегендей сұрағаны  бар. Зерттей білсек көп тарихымыздың көмбеде  жатқандығын  аңғаруымызға болады. Босқынға ұшыраған халық Орта Азия елдеріне  бас сауғалап  қашты. Бір ғана Аманөткел  бойынша 400-дің үстінде жерлестеріміз майданға  аттанды. Олардың  жартысына  жуығы  майдан  даласында  қалды.
Соғыс жылдарында  жерлестеріміз  майдан  үшін  еңбектің  де, ерліктің  де тамаша үлгілерін көрсете білді. Рысқалов Бақыт пен Жаппасбаев Тілеулес  Отан  қорғау  қорына  жеке  қаржыларынан  жүз мың  сомнан қаржы  аударып, үлкен  өнеге  көрсетті. Ауылдан шыққан  тұңғыш  әскери  ұшқыш  Сағынбаев  Маханбедияр 1944 жылғы  кезекті  ұшу  сапары кезінде қаза  болды. Алайда  Подольскінің  әскери  архивінен  де, басқа  жерлерден  де  мәлімет  жоқ  деген  хабар  алып  отырмыз. Соғысқа  дейінгі  жылдарында  ел  дәулетінің  артуы  мен   халық  санының  өсулерінде  ауылдық  кеңес  және  колхоз   төрағалары  үлкен  азаматтық   ерліктің  өнегелерін  көрсетті  деп  айта  аламыз. Олар  Қожағұлов Нұрлыбай, Жаппасбаев Тілеулес,Садақбаев Медеубай, Бітімбаев  Сахитжан, Нұрымбетов Маханбетәли, Жанбатыров Үмбетбайлар. Аманөткел  колхозынан Дәрменов  Күлмаш, Рысқалов Бақыт, Ақшатау  колхозынан  Жәлімбетов  Жасағанберген, Ешмұратов  Жұмағалиларды  айта  аламыз.  Соғыстан  кейінгі жылдарда  ел басқарған  ағаларымыздың  ішінде  Абдолла  Жаңабаев, Сейтәлі  Смағұлов  және  Шындалы  Әбдіраманов  ағаларымыз  Аманөткелдің бүгінгі қала типтес келбеттеріне айтарлықтай үлес  қосқандығын атап өткеніміз жөн. Ал Ақшатау  колхозының  төрағасы  Әкімов  Ерәлі  мен  Аманөткел  колхозының  төрағасы  Қапанов  Сәдібек  елдің береке-бірлігі  мен  ынтымағына  қызмет  жасаған  ел  ардақтыларының  қатарына  жатады. 1970 жылдары  жылым  көңгелеп  жатып бір-бірлерімен қаттырақ дауласып қалған балықшылар  қауымына  қаратып, Сәдібек  атамыз  «бұрынғы  үлкендерден  қалған  қой  деп  айтамын  деген  сөз  бар»  деп, бір ауыз дуалы сөзімен  келіспеушілікті ыдырата  білгендігін   көзімізбен  көрдік.
Бүгінгі  айтулы   шараның   тақырыбы  «Жыр қонған, ырыс  қонған  Аманөткел»  деп  аталады. Алдағы  уақыттар  да  мұндай  үлкен  шаралардың   талайы   өтетіндігі  даусыз. Себебі  өмір  бұныменен  тоқтап  қалмайды. Осыған  байланысты   мынадай  толықтыру  ұсынғым  келеді. «Аруақ  қонып, кие  дарыған  өлке» деп. Айтқым  келген  мәселе  дін  ғұламаларына байланысты. Біз  көп  жылдарға  дейін  ауылымызды  жыр  елі  деп  қана  келдік. Елдің рухани тұрғыдан дамуына  өлшеусіз  үлес  қосып, имандылыққа тәрбиелеп, ағартушылық идеяларын адам жандарына дарыта білген  ғұламаларымыз көптеп саналады. Қарадөңде өмірге келіп, сүйегі  Кәрібөгетте жатқан Нұралы ахун елдің кірер қақпасын күзетіп жатқандай. Айналасы үш-төрт шақырымдай  қоныс-қыстақтарындағы Аманөткелде Әбді және Әбіл ахундар, Шеңгел  түбекте Ақмырза  ахун, Қарамойында Ізімбет ахун, Мырзаста Рамберді ишан мен Шернияз ахундар және Арғынбайда  Мұхаммеди ишандар. Ал Ақшатаудың  айналасындағы  он жеті  мешітте  қаншама  дін  ғұламалары  рухани  білімнің  шамшырағын  жақты. Қуғын-сүргіннен қашып  барып  паналаған Қарақалпақ елінен Ақмырза ахун  туралы  мынадай естелік деректер келіп  жетті.  Қазақ,  өзбек, қарақалпақ  және  басқа да ұлт  өкілдері  бас  қосатын  ғұламалар   кеңесіне  Ақмырза  ахун  кіріп  келгенінде  ол кісінің білімінің  зор  екендігіне  байланысты, етек-жеңдерін   жинап, әбігерге  түсіп  қалтырап  қоя  береді  екен. Бұл  өзі  кіріптар  күйге  түскен  жанға  өзге ұлт  өкілдерінің  берген  бағалары, еріксіз  мойындаулары  деп түсінеміз. Кеңестік ресми идеология біздерге Қазақстандағы  сауаттылық  деңгейі 2 пайыз ғана деп сендіріп  келгендігін ескерер болсақ, сол  2 пайызды  Ақшатау  мен Аманөткелдің  дін  ғұламаларының  өздері  ғана  орындап  тастағандай әсер қалдырады маған. Ақшатаулық Жұбан ишан  «жастайымнан  оқыдым  Құранның отыз парасын» деп толғанады. 600 беттік Құран  аяттарын  жатқа білу сол  заман  мен бүгінгі  күннің  өзінде  екінің  бірінің  пешенесіне  жазыла бермейтіндігі ақиқат. Елдің ауызбіршілігі мен ынтымағына, адамдардың білімі мен ой-саналарының өсулеріне айтарлықтай қызмет  жасаған ғұламаларымызды ескеріп жүргендігіміз абзал демекпін, қадірлі  ағайындар. Оның үстіне бұлар  Аманөткел  мен  Ақшатау тарихының киелі  парақтары, құрамдас  бөліктері.
2013 жылдың ақпан айында мен аудан әкімінің орынбасары  қызметінде жүргенімде Қазақстан телерадио компаниясынан облыс әкімдігі   арқылы бір хат келген-ді. Мақсаттары – 100 жырау шыққан Аманөткелге барып хабар түсіру. Хабардың жүргізушісі және  ұйымдастырушысы белгілі тележурналист Нұрбек Бекбау. Жолға ішкі  саясат  бөлімінің  басшысын  жіберуді  ойлап  тұрсам  да, өзімнің  баруымды  аудан әкімі Н.Т.Мұсабаевтан сұрап,  себебін  де  айтып  өттім. Түсірілім  тобы жақсы хабар ұйымдастырып,  ұлттық  арнадан  көрсетілім жасады. Алайда Нұрбек те, менде бұл  сұрақтың  жауабын жеріне жеткізе алмадық. Себебі Аманөткел мен Мырзастан қаншама шайырлар мен жыраулар шықты. Бірақ жүзге жетпейді. Бұл ойланатын мәселе, себебі бізде әлі зерттелмеген, жарыққа шықпаған өнерпаздарымыз қаншама. Соңғы жылдары Маханбеттің Әбілдасы мен Сәрсеннің Тельманы және Серікбай жырауларымыздың  есімдерін анықтап, рухани айналымға қосып жатырмыз. Қолда бар мәліметтердің өзі-ақ Әбілданың арқалы жырау, суырыпсалма ақын  екендігін  дәлелдейді. Өзінің бір шығармасында: «үстіне мініп зырладым, қос  қанатты  жорғаның» деп, балықшының  қос ескегі мен қайығын әдеби  теңеуге  айналдырып, жаңалық ашқандай болады. Атақты  әнші Ғарифолла  Құрманғалиев  мынадай  естелік  қалдырыпты. «Кіші Жүздің ән падишасы Мұхиттың інісі Даху  ән салғанында  төрт  рет  демалып  барып  дауысымды зорға үйлестіретін едім» деп. Ал Жаңаберген атамыз жырдың бір қайырмасын созғанында, «алпамсадай  зор  денелі  Сариев  Әбужан  ағамыз  өзінің  асықпай  отырып  жеті  рет  дем  алғанында, дауыстың  ырғағы  әлі  де  созылып шырқап  жатқандығын»  тамсана  әңгімелеп  берген  еді. Таң  алдындағы  дауысы  Мырзастан  Сорғаққа  дейін  жеткендігін  өз  құлағымен  тыңдаған. Екі  араның  арақашықтығы  жиырма, жиырма  бес  шақырымдай. Белгілі өнер  зерттеушісі, Аралдың  мақамдарынан  кандидаттық диссертация  қорғаған Құрманғазы атындағы консерваторияның оқытушысы Төлепберген Тоғжанов мынадай деректерді менімен бөліскені бар. 1936 жылы жыршы, жыраулардың республикалық слетінде Жаңаберген жыраудың дауысы қорғасын таспаға жазылған екен. Бүгіндері таспаның түпнұсқасы  Мәскеудің   қорында  сақтаулы  көрінеді. Бірақ оған  үлкен  күш  пен  қаржы  болмаса  қол  жетпейтін  түрі  бар.
Аға ұрпақ өкілдері жасаған қазына байлықтың құндылығы сонда, егер   ол  ұлттың мүддесіне сүбелі үлесін қоса алған болса. Осы тұрғыдан алатын  болсақ, Аманөткелдің жастары үшін рухани тұрғыдан өзгелердің бетіне мақтанышпен қарауға толық мүмкіндіктерінің бар екендігін айта кеткім келеді. Олай болатын себебі, Бітімбай жырау жазған  «Қарабек  батыры» мен «Кенесары-Наурызбайы» және Нұртуған жырлаған «Едіге»,  «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Ақкете-Шернияздары» ұлттық құндылық ретінде  дәріптеліп  келеді. Бұл  шығармалар  кез келген  зерттеушілер  үшін  кезегін  күтіп  жатқан  алтын  көмбе тақырыптар екендігін  айтуымызға  болады. Белгілі журналист, А.С.Оңғарбаев «Нұртуған Кенжеғұлұлының шығармашылық өмірбаяны» деген тақырыпта филология ғылымының  кандидаттығын сәттілікпен қорғаған  зерттеушілеріміздің  қатарына  жатады. Осы  тұрғыдан  алғанымызда  мына  бір  ғылыми  мәселені  ортаға  салғым  келеді.  Мен  ретті  жерінде  мәселені   көтеріп  келемін. Әдеби және мәдени  орталарда  тек  қана  Нұртуғанның  жыраулық  мектебі  туралы  ғана  айтылады. Оған  талас  жоқ. Ал  оған  дейін   он  жеті  жасында-ақ Қыр  мен  Сырға кеңінен танылып  үлгірген  Бітімбай  жыраудың   тағылымды  мектебі жөнінде  айтыла бермейді.  Шындығына  келсек, Нұртуған  өзіне  дейінгі   Еспенбет пен  Бітімбайдай аға  ұстаздарының   тағылымын  жоғары  деңгейге  шығара  білген  сыншыл, талғампаз  тұлға. "Алтын  шыққан  жерді  белден  қаз" деген. Аманөткелдің осы күнгі жастары мен келесі буын  зерттеушілерінің  назарын  осыған  аударғым  келеді.
Ауылымыздың  кеңестік  дәуірдегі  талантты  буындары  мал  баққан   шаруасы  мен  балықшы, жастарынан  құралған   көркемөнерпаздары 1970 жылдарға дейін-ақ М.О.Әуезовтің "Қаракөз" трагедиясын сахнаға  шығарғандарында таңданбаған жан  қалмады. Сол сахнада Сырымның   ролін белгілі азамат, марқұм Қуандықов Елубай ойнаса, Қаракөздің бейнесін  аяжан   Тілеуқабылова  Жансия  апамыз  сомдаған  болатын. Әуезов  әлемінің  күрделі шығармасына Аманөткелдегі әуесқойлар түгілі, профессионал  ұжымдардың өзі тәуекел етіп бара бермейтіндігін ескеретін болсақ, аға-апаларымыз  жасаған еңбектің бағасының құны арта түсетіндігі анық  мәселе. Олардың қатарында Прекешов Дөңес, Смағұлов Сейтәлі, Сәдібеков Елеусіздер болып, тіпті емізулі балаларын көтеріп  жүріп өнер көрсетуді дағдыға айналдырған қаншама апаларымыз болды. Өнердегі сабақтасты  жалғастырған Төлебай Сапаров, Ыбырашов Киікбай, Жұмабаев Жаңаберген, Нұралиев Лайықтар бастаған ауыл жастары 1970 жылдардың басында  "Халық театры" атағын жеңіп алып, әлі күнге өз биіктерінен төмендеген  жоқ.
Ауылымыздың ауызбіршілігі  бекем, ынтымағы  жарасқан  тұрғындары тек қана өз ауылы емес, аудан халқына абыроймен қызмет  жасағандықтарын   бүгінгі  буын  біле  ме  екен. Арал қаласының   қырық  мың  халқы   дәл  осы  Аманөткелден айдалып, жеткізілген ауызсуын күні кешеге дейін  пайдаланып келгендігі белгілі. Сонымен қатар судың техникалық  мақсаттарға  да  қолданылғандығын да ескеретін  болсақ, аталған  цифрдың  еселене түсетіндігін байқауымызға болады. Аралға дейінгі  құбырды жағалай  қаншама шаруашылықтар  жұмыс жасады. Аптап ыстық пен қытымыр  аязда  осы жұмыстарды ұйымдастырудың басы-қасында Алданов Сатыбай, Есіркепов Молдахмет және Маханжанов Мырзахан мен Кенегесов  Жолдастың  өз  ұжымдарымен жүргендіктері  белгілі. Осынау  алқалы  жиын  үстінде  олардың  есімдерін  айтпай  кету  біздер  үшін  үлкен  айып  болар  еді. Байқап  қарағанымызда,  ауылымызға  өзге  ұлт  өкілдерінің  үшінші  рет 1960 жылдардың  басында  келіп  қоныстануыларының  осы  су  құбырын  тарту жұмыстарымен байланысты екендігін аңғаруымызға болады. Солардың  ішінде  «мен  Аманөткелдікпін, Жақайыммын»  деп, құдайы садақаларының  төрінде отырып айтқан   Кашлев  Иванның  сөздері  әлі  күнге  құлағымызда  күмбірлеп  тұрғандай  әсер қалдырады. Кеңес Одағының ыдырауымен бірге қыздарының қолқалауымен Калиниградқа көшкен Иван ағамыздың, өз  ағайынымыздың терезеге телміре қарап «Аманөткелімді  айтсайшы, мені  қайтадан ауылыма апарып тастаңдаршы» деп жалбырынып жылағанын  естідік. Мұның өзі Аманөткелдің өзге ұлт өкілдерін өзекке теппей, бауырларына тарта білгендігін, құтты қоныс болғандығын дәлелдейтін  жарқын мысал  деп айтуымызға  болады. Осылайша  ауылым  деп  тебіренген  бір  жүректің  сонау  неміс  жерінде  қалғандығын  аңғаруымызға  болады.
Алпысыншы жылдардың  басында  Аманөткел,  Ақшатау  колхоздары  таратылып,  Бөген  балық аулау  базасына  біріктірілді. Ауылда  учаске  ғана  құрылып,  Өтепбергенов  Кемалаш, Маханбетов Абаттай  әкелеріміз  балықты  көшіп аулау жұмыстарын ұйымдастырып,  балықшылардың  қажеттіліктеріне  сәйкес қызмет жасады. Сексенінші жылдардың басында теңіздің  тартылуы  ауыл  өміріне  жаңаша  қарауды   талап  ететін  ахуал  қалыптасты. Осындай  сәтте  республика  балық  шаруашылығы   министрі   қызметіне  кіріскен  Саржанов  Құдайберген  ағамыз, ашығын айтуымыз  керек, елжандылықпен  ауылымыздың мәртебесін көтеруге шын ниетімен кірісіп, түрлі   кедергілерге  қарамастан Аманөткел үшін ашық айқасқа шыға білді. Жұмсалған  күш-жігердің нәтижесінде республика көлемінде құрылыс, суландыру жұмыстарымен, тауарлы көл шаруашылықтарының  қажеттіліктерін өтейтін  ПМК-4 мекемесі құрылды. Аталған  жұмыстарды  ұйымдастыру   мақсатында  Байсалбаев Ақмырза, Талапбаев Еділ, Шыманов Ұсынадин сынды  азаматтарымыз басшылық жұмыстарын атқара  білді. ПМК-4 -тің  шарапатын  Аманөткел ауылының әрбір тұрғыны көрді десек артық айтқандық  болмайды деп ойлаймын,  құрметті  ағайындар. Осы арада есімдерін айтпай  кетуге болмайтын Жалмағанбетов Балтабай мен Жаймағанбетов Кемал  сынды ағаларымыздың жүгіріп жүріп қызмет жасағандықтарын көрдік.
Мәртебелі жиын үстінде өздерінің жанқиярлық еңбектерімен, азаматтық ерлік өнегелерімен құрмет пен даңққа бөленген құрметті  азаматтарымызды айтпай кету елдігімізге сын, арымызға дақ болып қалары  сөзсіз. Колхоз құрылысының шебер ұйымдастырушысы қайсар тұлға,  балықшы Рысқалов  Бақыт  Социалистік  Еңбек   Ері  атағын  иеленіп,   Қазақ  КСР-ы  Жоғарғы  Кеңесінің екі  бірдей  шақырылымының   депутаты  болып  қызмет  атқарды. Отан қорғау  қорына  100000 сом  қаржысын   аударғанында  үйінде  сілкіп  салар  жөні  түзу  көрпесі  де  болмаған  екен.  Ауылымыздың  төл  перзенті, балықшының  баласы, саланың  зіл-батпан  қиындықтарында  ысылған  Саржанов Құдайберген  ағамыз  Қазақ  КСР  Балық  шаруашылығы  Министрі қызметін бірнеше  жыл  атқарып, Қазақ  КСР  Жоғарғы Кеңесінің   депутаты  болып  сайланғандығы  өздеріңіздің  көз  алдарыңызда. Еңбек  Ері   атанып,  депутат  болып сайлану оңай  шаруа, қалпақпен  соғып алар  жеңіл-желпі аңшылық емес. Мұның арғы жағында төккен тер, қаншама ұйқысыз  күндер мен түндер, кездесетін кедергілер қаншама. Сондықтан да   ауылымыздың бағы мен абыройына қызмет жасаған ата-ағаларымызға бір  рет болса қол соғып қошемет жасап қойғандығымыз артық емес, ағайындар.
Есімі қазақ спортының тарихында алтын әріппен жазылып қалған  Кеңес Омаров қандай бір құрмет пен абыройға да лайықты тұлға. Жеті  бірдей жаттықтырушылар мен қаншама боксшыларды шаршы алаңға  шығарғандығын айтпағанның өзінде, Серік Қонақбаевтың Мәскеу  олимпиадасында спорт мамандарының өзі фантастика деп баға беріп  таңдай  қаққан ұрыс әдістерінің түп  негізі ағамыздың  жұмсаған күш-жігері  мен төккен терінің арқасы. Ауылымызда салынып пайдалануға берілген  спорттық-сауықтыру кешеніне Кеңес Омаровтың есімін беру  туралы  ұсынысымды  аудан  әкімі  С.С.Сермағамбетовтің   тікелей  қолдағандығын  ауыл  тұрғындары,  сіздердің  біле  жүргендеріңіз  абзал. Сол  үшін  де  Серік  Сағитжанұлы осы ауылдың төл перзенті ретінде жерлестеріміздің атынан    рақмет айтып, алғысымды білдіреміз.
Өлке тарихы тынымсыз ізденуді талап ететін сан-қырлы жұмыс. Кейбір  адамдар   үшін  бұл  елеусіз, аңғал  тірлік.  Бұл  тұрғыдан  алғанда  өлкеміздің  тарихының өте бай, даңқты тұлғаларымызға  кенде  емес  екендігін  айтқым  келеді. Халықаралық тұрғыда мойындалған жерлестеріміз, экономика   ғылымдарының докторы, профессор марқұм Бердәлиев Кеңес пен техника  ғылымының докторы, профессор Кенжеәлиев Бағдаулет, қаржыгер  Маханжанов Ниязбек, дәрігерлер Сәрсенбаев Жақсылық, Нұров Қарасай, математик Қуандықова Зағипа сынды аға-апаларымыз елдің мақтанышы, жастарымыздың бой түзеп, осындай  болсақ  деп  армандайтын  феномендері. Соңғы жылдары ел тарихы, ауданымыздың шежіресі  тағы  бір  тарланбозбен   толыққандығын  айтпай   кету  мүмкін  емес. Ол  өзге  ағайындарымыз  осы  кезге дейін есімі мен абыройын  иемденіп келген Кеңес Одағының  Батыры, №73 гвардиялық дивизияның ту ұстаушысы Балмағанбетов Мақаштың  аманөткелдік  екендігі, іргеміздегі  Қарадөңде  кіндік  қанының  тамғандығы  да  дәлелденді. Аудан  үшін  өте  маңызды  тарихты  дәлелдеуім  үшін  республика  көлемінде  іссапарға   шығуыма  көмек  жасаған  сол  кездегі   аудан  әкімі  М.Ә.Оразбаевтың   тікелей  қолдауын  айтып  өткім  келеді. Ұрпақтары түгелімен Аралға келіп, аудан жұртшылығымен кездесу    ұйымдастырылды.  Сексен  сегіз  жылдан  кейінгі  арадағы   үзілістен  соң   Аққұлақ   елді мекеніндегі   туған  нағашысымен   қауышты. Арал  қаласынан  көше  атауы  берілді, аудандық  және  ауылымыздағы  мұражайларына   экспонаттары мен  құжаттары тапсырылды. Аяқталмаған  бір  жұмыс  берілген  көше  атауының  ресми  түрде  ашылмауы. Оған  себеп  екі  жылға  созылған  пандемияның  әсері. Тіпті  көшенің  басына  қойылатын  мрамор  тақтайшасына  дейін  демеушілердің  күшімен  дайындалып  дайын  тұр. Құрметті  Серік  Сағитжанұлы,   бір  атаулы  күні   осындай  рәсімнің  өтуіне  қолдау жасауыңызды сұраймыз. Себебі Балмағанбетов Мақаш өз  ұлтымыздан, Аралымыздан   шыққан  тұңғышымыз.
Ауылымыздағы  іргелі  білім ордасы  туралы  мен  көп  тоқталып  жатпаймын. Себебі бүгінгі  конференцияның   күн  тәртібінде  ол  жөнінде  бөлек баяндама бар. Тек  қана  Маханбетжанов Бержан, Суханбердин Әлімжан және Тілеуқабылов Сағабай сияқты ұстаздарымыздың   мектебімізде  бірі  бас, бірі  ақыл-ойы, бірінің  жүрек  болғандығын  білдіре  отырып, алған  білімдеріміз, бойға  сіңірген  тәрбиелері  үшін  басымызды  иіп, тағзым  ғана  жасаймыз. 1986 жылы  қаңтар  айында  менің  қолымда  Б.Рысқаловтың  бір  ғана  фотосуреті болды. Осыны  негізге  ала отырып бастауыш  партия  ұйымының жиналысында  мектебімізде   мұражай  ұйымдастыру  туралы  ұсыныс  жасадым. Осыдан бастау алған зерттеу  жұмыстарымыздың   негізінде  1988  жылдың   9  желтоқсаны  күні   ел  ағасы  Жаңабаев Абдолла, мектеп әкімшілігің және ауыл азаматтарының   қатысуымен мұражайымыз ресми түрде ашылды. Сол кездегі техникалық  мүмкіндіктерінің  төмендігіне  байланысты  түсірілген  суреттеріміз  жанып   кеткендіктен сақтай алмадық. Мұражайымызды  ұйымдастыру кезінде  маған  қолғанат болған оқушыларыма, соның ішінде бүгінгі күндері бір-бір  әулеттің отаналары, шаңырақтарының ұйытқысы болып отырған  Тілеуқабылова  Гүлбада, Құрманалиева  Гүлфайрус, Қуандықова  Гүлсайран  және  Мусаева  Жанар  тәрізді  шәкірттеріме  шын  көңілден  разылығымды  білдіремін. Мұражай  қорында  аудан,  облыс  көлемінде  жоқ  сирек  экспонаттарымыз  бар екендігін  айта  аламын. Бір-екеуіне ғана тоқталатын болсақ, балықшылардың  балық  аулау   құралы  ығызбай  ауының   табанына  салынатын  шүнек  тасты  ауыл  шетіндегі  шағын  цехта  Досымов  Әзілхан  атамыздың  жасағандығын  бүгіндері  біреу  білсе, көпшіліктің  білмейтіндігі  аян. Ал өгіз шығыр сияқты сирек кездесетін жәдігерді ұстазым Тілеуқабылов Сағабайдың жасап бергендігін жұртшылықтың біле  бермеулері де мүмкін. Осының бәрі де, келешектің зерттеу обектісі, таңдаулы  ғылыми жоба   тақырыптары болатындығына сенімім мол. Тек ықылас қоятын өрендеріміздің  көптеп  шығуын  шын  жүрегімізден  тілек тілейік.
Ауылымызда дәрігерлік емдеу орындары мен мал өнімдерін  дайындау  мекемелері  өз  жұмыстарын  сол  дәуірдің  талап -тілектеріне  сай  атқара  білді. Олардың  қатарында  Қазиев  Жаналы, Нұралиев Манас, Тілеуқабылова  Жансия, Өтемісов  Мамай, Жаңабаева  Марал, Маханбетжанова  Лида  және  Сүлейменова Гүлханыстың болғандығының куәсі болдық. Мал өнімдерін  дайындау мекемесіне жетекшілік жасаған Жайлауов  Жеткерген  ағаларының  сүйікті інісі бола білді. Пошта мекемесін ұзақ жылдар басқарған  Қазмағанбетов Нұрмағанбет ағамыздың нар тұлғалы азамат болғандығына  ешбір  адам  таласа  қоймасы анық. Ол кісінің сүйікті ізбасарлары Өтебасов  Тастыбай, Үсенов Құндақбай мен Мусаев Айкөрген болғандығын  көпшілік  ұмыта қойған жоқ. Кино бөлімін басқарған Көкенеев Тұрсынбайдың   қылықтары өзінше бір әлем. Кітапхана саласын басқарған Маханбетәлиева  Рәш пен Прекешова Ұлмекен және Қуандықова Зағипа апаларымыз   жасаған шаралар көпшіліктің есінде. Балық қорғау мекемесінің инспекторлары Наурызәлиев Кенжалы мен Мақышбаев Сақташ әкелеріміз елдің де, мемлекеттік қызметтің де орайын тапқан азаматтар қатарына  жатады.
 Ұлы Жеңістің  30 жылдығы   қарсаңында  боздақтарымызға  арналып  ауыл  орталығынан ескерткіш   ашылған   болатын. Сол  ескерткішті  апта, ай сайын, атаулы күндерінде ұстазымыз Тілеуқабылов Сағабай ағамыз   бәрімізді жинап тазалап, сырлап, жөндеп жүретін, өзінің табиғи  жаратылысына сай тыным таппайтын. Ескерткіштің маңдайшасына  жазылған:
Иә, бұлардың  батыр  еді  барлығы,
Батырлардай  дастан  еді  әрбірі.
Қай  жерлерде  жатыр  екен  ұйқыда,
Қай  жерлерде  үзілді  екен   тағдыры, – деген  бір  ауыз  өлең  жолдарын  да өзі тауып әкеліп жаздырғандығы аян. Бір күні бір інісі "Сәке, осы  ескерткішке сізден  басқа  ешкім  қарамайды. Егер, тағдырыңыз таусылып, о дүниелік болып жатырсаңыз, кім қызмет жасар екен мына майдангерлерге?"  деп сұрағаны бар. Сонда Сәкең ойланбастан: «мен өлгенде осы араға  жерлеңдер, сонда сендер күтім жасайсыңдар» деген болатын. Әрине Сәкең   өмірден  өтті, әзіл  болса  да  айтылған  аманаты орындалмады. Ол жерге  жерленген жоқ. Ескерткіш қайта жаңартылды. Елу жылда ел жаңа, тәуелсіздік тұсында ауылымыз, мектебіміз дамыды, өсті-өркендеді.  Ауданымыздағы маңдай алды ауызбіршілігі бекем, жарасымды сәулеті  бар, қала типтес орталыққа айналды. Бұл – тәуелсіздігіміздің жемісі. Тәуелсіздік тербеткен тұлғаларымыздың қатарында Жалғасбаев Махсұт Алматұлы інімізді де айтуымызға болады. Ол өзінің жеке қаржысына ауылы үшін  асханасымен  бірге жаңа мешіт үйін салып пайдалануға берді. Мінекей, ауылдан  түлеп  ұшқан мүмкіндігі бар  әрбір  адам "мен  елімнен  не   аламын, маған  ел  не  берді  немесе  не  береді"  деп  дәметпей-ақ,  "туып-өскен, кіндік  қаным  тамған  жеріме, киелі топырағыма не бере аламын" деген үлкен ойлар  бүгінгі жас буынды мазалап жүрсе деген ниетпен  азаматтық, қайырымдылық  жасаған ініміздің еңбегін айтып өтуді мен де жөн көрдім. Мақсатымыз – Сәкеңнің  және ауылымыздың өсіп-өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқан аға-әкелеріміздің, іні, апа-қарындастарымыздың еңбектерін айтып, бүгінгі ұрпаққа жеткізу, өмірден  өткендерінің  рухтарына тағзым жасау ғана.
Тәңірберген Дәрменов,
Аманөткел ауылы
22 қараша 2022 ж. 471 0