Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғибратты ғұмыры көпке үлгі

Ғибратты ғұмыры көпке үлгі

Айжарық Ізікенұлы 1963 жылы Сазды сегіз жылдық мектебін бітірген соң, ата кәсібі мал шаруашылығы болған соң, Қазалыдағы ауыл шаруашылық техникумына түсіп, зоотехник мамандығын алып шығады. Сол жылы әскери қатарына алынып, Украинаның Луганск облысында борышын өтеп, 1970 жылы елге оралады. Келуіне сол совхозға кіші мал дәрігері болып орналасады. 1974 жылы "Арал" совхозының №2 фермасына зоотехник болып ауысады. «Тегінде бар, топырағында бар, санасында бар азамат азбайды һәм айнымайды» демекші, 1981 жылы ферма орталығы Күршекке көшкен кезде сол №2 ферма басқарушысы болып тағайындалады. Сол кезден бастап 1997 жылға дейін 16 жыл бойы ферманы басқарып, совхоз тарағанша абыройлы еңбегімен жұртшылық ықыласына бөленген екен. Осы жылдан бастап нарық заманына байланысты "Батыр" шаруа қожалығын ашып, оның төрағасы ретінде күні бүгінге дейін мал басын көбейту, оларды аман сақтау жөнінде өз мамандығы бойынша мол тәжірибесінің арқасында табыстарға жетіп, халықтың ырзық-несібесін молайту мақсатында еңбектенуде. Сол кездерде "Арал" асыл тұқымды қаракөл қой совхозы республикаға танымал «миллионер совхоз» атанғанын білетінбіз. Осы жетістіктерге Айжарық ініміз басқарған ферма да сүбелі үлесін қосқан екен. Төккен маңдай тердің қайтарымы ретінде №2 ферма «Социалистік жарыстың жеңімпазы» болып, бірнеше мәрте ауыспалы Қызыл туға ие болған екен. Әрине бұл еңбек табысы өз-өзінен келмейтіні анық, білікті басшының тынымсыз еңбегінің арқасы десе болады.
Айжарық ініміздің ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан, аудан басшылығынан алған марапаттарымен қоса басқа сала басшыларынан алған алғыс хаттары мен сыйлықтары да жетерлік. Айжарық Ізікенұлы бірнеше мәрте ауылдық кеңес депутаты болып сайланып, халық қалаулысы ретінде тұрғындардың өтініш, ұсыныс, тілектерін жоғары басшылыққа жеткізіп, оның оң нәтижелері де болған. –Алғашқы басшылықта болған жылдары совхоз директоры Тәлекен Сырымов ағамыз болды. Ол кісі совхозды 25 жыл басқарды. Есімі Одаққа белгілі азамат болатын. Бізге де қоятын талабы қатаң болатын еді және оның қойған талабын мүлтіксіз орындау біздің парызымыз деп түсінуші едік те және солай тапсырманы орындай жүріп, ағадан үйренеріміз көп болған еді. Күндіз-түні ел аралап, шаруашылықтың басынан табылатынбыз. Ол кезде жауын-шашын көп болатын, сол көктемдегі судан тоған жасайтынбыз. Сол тоғандарды бұзылып кетпесін деп қатты бақылауға алатынбыз. Сондай бір сапарда жаңа ГАЗ-66 машинамен елсіз жусандық батпаққа батып, екі күн, екі түн ас-сусыз далаға түнеп, мал ауылға зорға жеткен едік. Бір жылдары қыс қатты болып, көмекке Қостанай облысынан К-700 тракторын алдырған едік. Оларды қажетті жеріне орналастыру, жұмыс кезінде жанында болып, елге, малды ауылға жете алмай далаға қонған кездеріміз де болған. Қыстың қаттылығы сондай, К-700-бен жаңа ғана ашылған жол әп-сәтте қар басып қалатын. Қардың биіктігі сондай, аттылы адам өте алмайтындай еді, – деп өткенді еске алады А.Ізікенұлы.
Әрине ауырлықсыз жеңіл болмайды, жоғалтусыз табу болмайды, сабырсыз жеңіс болмайтыны баршаға аян нәрсе ғой. «Өз қосағын тапқан қос жас жұптың өмірді ақ некемен бастауы – мұсылмандық парызы» дегендей, 1973 жылы Мариямкүл Жеткергенқызымен отау құрып, мұсылмандықтың парызын орындады. Мариямкүл отбасын жұмаққа айналдырған, бес перзентін дүниеге әкелген алтын құрсақты ана болған екен. Байқауы жоқ баянсыз өмір бір күні өтер де кетер, көрген қызық, сүрген өмірдің көзді ашып жұмғандай-ақ қысқалығын қайтерсің. Келіп қалар қонағың бардай күтінесің. «Өттің дәурен осылай» деп бір жамбасқа қисая кетесің. Көнсең де, көнбесең де өмірдің заңы осылай» деп ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, Мариямкүл Жеткергенқызы 1994 жылы науқастан дүниеден өтті. Бұл Айжарық інімізге ауыр соққы болғаны белгілі. Жастайынан қол ұстасып, өмір баспалдағын аттаған адал жарынан айырылу кім-кімге де оңай болмайтыны анық. Алланың үкіміне не шара?! – Алланың артқан жүгін арқалауға көнесің. Оның ішінде балаларымның барлығы жас болатын.Тағдыр басқа салған соң көнесің, тағы да өмір бір орнында тұрмайтыны да белгілі. Екінші рет Сексеуіл кентінің тұрғыны, өзіммен жастас ұстаз Күнзия Серікбайқызымен бас қостым. Күнзия өзіме де, балаларыма да жайлы болды. Ол балаларға өз анасындай болды. Барлық баланы жеткізді, жетілдірді, бағып-қақты. Барлығын оқытып, қатардан қалдырмай білімімен қоса мамандығын алып беріп, қолдары аузына жететіндей тәрбие берді. Ана сүтімен дарыған жайсаң мінезі ағайын-туыстарды жақындастырып, ошағы оттан түспеген адал жан болатын. Балаларымның асыл анасы Мариямкүл мен балаларымның туған анасындай болған Күнзия екеуі де мен үшін қымбат жандар болатын. Жазмыштан озмыш жоқ. «Ажал айтысатын дау емес, алысатын жау емес, адам істеген қорлық емес, Алланың ісі зорлық емес. Алла пұлсыз жаратады, құнсыз алады» деп Асқар Тоқпанов Ідіріс Ноғайбаев қайтыс болғанда осылай төгіле сөйлеген екен. Сондай-ақ Күнзия Серікбайқызы 2008 жылы ауыр науқастан қайтыс болған еді. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын, – деп күрсінген Айжарық бауырымыздың жан дүниесін түсінуге болатындай.
«Сөз жоқ, бірінші тәрбиешің де, үлгің де, өнегең де, идеалың да – әкең мен шешең. Әкең қамқоршың болса, анаң жанашырың, құдайдың құдіретімен өмір сыйлаған жан екені белгілі.Айжарық және Мариямкүл мен Күнзиядан, яғни, осы үш қайнардан қанып ішіп, мейірге шөлдемей өскен ұл-қыздары бір-бір шаңырақтың отын маздатып отырған жайсаң жандар. Бүгінде бір әулеттен өсіп-өнген ұлқыздары қоғам дамуы үшін маңызды деген салалардың шылбырын қаққан кәсіби маман. Қай істе болсын әулет атына кір келтірмейтін адал перзент. Кейіпкеріміз осындай ұрпағымен үлкен құрметке бөленіп отыр. Қазақта «Жақсы ұлың болса – қазығың, жақсы келінің болса – азығың» деген ұлағатты сөз бар. Батырбек қара шаңырақтың қазығы болса, ал Айбану сол шаңырақтың тынысын кеңейткен, ұрпақ шашқан отбасының таусылмайтын азығы іспетті. Гректің ұлы ғұламасы Платон «Кімде кімнің үйінде қартайып отырған әке-шешесі немесе ата- әжесі секілді қымбатты «қонағы» болса, ол үйге Құдайдың ол үйге құрметті өкілі келеді деп ойламасын. Егер үйдің иесі оларға дұрыс қарап, қамқорлық жасаса, ата-аналары оның отбасылық құты болып табылады екен» деген. Сол айтқандай, сол үйдің «құты» Айжарық атасы болып табылады. Атасының төсегін қалың салып, жағасын кірлетпей, сүйікті асын уақытылы дайындап беріп отырған Айбану келініне Айжарық атасының сөзімен айтқанда: «Айбану келінім мені алақанына салып бағып отыр» деген сөзі оған берген бағасы деп түсінеміз. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» дейді атам қазақ. Сол айтқандай, Айбану келіннің өнегелі ісі басқаларға да үлгі боларлық деп айтуға тұрарлық. «Түбіріне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы» демекші, Айбанудың әкесі Қоңырбай Қонысов Бүкілодақтық комсомол сыйлығының лауреаты болғанын білетінбіз. Осындай тектінің теберігі іспетті Айбану осал болсын ба? Қартайғанда сыңарынан айырылған қарияларымыз кездеседі. Қарттарымыздың көңілін кірбің шалмаса екен дейміз.
Пайғамбар хадисінде: «Әр уақытта екі адамның біреуі, үш адамның екеуі, төрт адамның үшеуі, қайырлы көкпен бірге болу – ең жоғарғы мәртебелі іс. Серіктестерімен, жамағатпен, ниеттеспен бірге болған адам еш уақытта қор болмайды» деген екен. Сондай-ақ қайырлы көппен болу – адамды танудан басталады. Адамды тану адамдар арасындағы қарым-қатынас, мейірімнен басталады. Мейірімділік – адамның өзге біреуге жылулығын, ізгі ниеті мен лебізін білдіру көрінісі. Көппен бірге болу – адамдар арасындағы сыйластық кішіпейілділік, жанашырлық, ізгі ниет секілді қасиеттерге негізделген. Шын мәнінде, адами қасиеттердің барлығы адамдардың бір-біріне деген қатынасы ең жоғарғы мәртебелі іс екені белгілі. Осы адами қасиеттерді Айжарық Ізікенұлы да бойына сіңіре білген азамат екені айқын. «Бейнет пен зейнет бірге қартаяды» демекші, 2011 жылы зейнетке шықты. Өзінің «Батыр» шаруа қожалығын дөңгелетумен қатар қоғамдық жұмыстардан да тыс қалған жоқ. Ауылдық қоғамдық кеңесінің төрағасы болып бірнеше жылдар еңбек етті. Қазір ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде ауылдың өсіп-өркендеуіне, әсіресе тұрғындарға, аз қамтылған отбасыларға қол ұшын беру жұмысын ұйымдастырумен қатар өзіде сол көмекке қолын созғаны бар. Айжарық ініміздің азаматқа лайық жарасымды келбеті, жүріс-тұрысы, тектілігі, айналасына шашатын шуағы, жайсаң мінезіне тәнті болатынымызды онымен құда ретінде жиі кездесіп тұратын болғандықтан білетін болған соң айтып отырмын.
Дарабоз жазушы-журналист Шерхан Мұртаза: «Өз пайдаңды ойлама, елдің, ұлттың пайдасын ойла! Өз пайдаң соның ішінде» дегендей, елінің,ауыл тұрғындарының қамын ойлап, әдемі қартаюдың үлгі-өнегесін кейінгі ұрпаққа егіп келе жатқан, адалдықтың эталонындай Айжарық ініме зор денсаулық, отбасына амандық тілей отырып, немерелеріңнің шат күлкісіне бөлене бер деген тілегімді жеткізгім келеді.
Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,
КСРО-ның және ҚР халық ағарту ісінің озық қызметкері
22 қараша 2022 ж. 397 0