Бержановтың белесі
Дөңгеленген дүние дүрмегі талай бозбаладан атпал азамат шығарды. Сол азаматты ел-жұртының алдында абыройлы етті. Десе де әрбір жанның жүрек түкпіріндегі жақсы ойы мен жылы пейілі оның өмірден өз орнын табуға көмектеседі деу де орынды шығар. Біз бүгін әңгімеге арқау етпек болған Жаппар Бержанов та жақсы адам болам деген ойдың жетегінде жүріп жақсылыққа жеткен жандар қатарынан. Әрине кейінгі буын бұл кісі жайында біле бермеуі мүмкін. Алайда кеңестік жүйенің көзін көріп, қайнаған қызу тірліктің бел ортасында жүрген кешегінің азаматтары бұл Жаппарды жазбай танитыны рас. Себебі оны еңбек есейтті. Кеңшардың таңалакеугімде басталатын тынымсыз тірлігінде осы кейіпкеріміз Жаппар жүрді. Ол кез масыл болып жатқанға беретін заман емес. Кім болса да берекені көктен емес, еткен еңбектен тілейді. Бұл – сол уақыттың бұлжымас қағидасы, сырт айналсаң да сыры жасырылмайтын қып-қызыл шындығы.
Соғыс оты тұтанып, жер-жаһанды қанға бөктірген қырғынның уақытында Қарақұм ауылдық кеңесіне қарасты «Жыланды» деген жерде жарық дүние есігін ашқан ол жастайынан еңбектің қандай екенін біліп өсті. Бала күннен басталған бейнет Бержановты бірден есейткендей. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ еңбекке араласқанын кейіпкеріміздің өзі өткен шақты ардагер журналист Ш.Дәрмағамбетовтің «41 жыл бұрынғы кейіпкер» деген мақаласында былай деп еске алады: «Әкем қой фермасын басқарған және ірілендірілген колхоздың екінші басқармасы болған кісі еді. Мал жайына бала кезден-ақ таныспыз. Колхоз «Карл Маркс» деп аталатын. Орталығы – Сазды. Төрағасы Рсалы Тұрымбетов, майдангер. Екінші топтағы соғыс мүгедегі болып оралған. Ал жұмыс істеуі жойқын. Менің әкем де майдангер. Оқуды осы Саздыдағы мектепте бастадым. 1-2-3 сынып оқушыларын қой төлдету науқанында сақманшылыққа апаратын-ды. Расы сол. Өзім 8 жастамын. Өзгелер де қатарлас. Үш отардың ортасына бір киіз үй тігіледі. Жатар орнымыз сол. Түске жақын бір бала төбе басына шығады. Отардың шаңы көрінсе, айқай салады. Содан өзімізге тиісті қозыларды көгендейміз. Қой мен қозысын табыстырып, саулықты саудырамыз. Сүттен құрт, ірімшік жасалып, май алынады, сүтті сепараторға тартады. Қарнымыз тоқ әрі еңбеккүн жазылады. Шөп шабатын түйе косилкасының басы-қасында жүреміз. О кезде механизм тапшы. 1949-1950 жылдар ғой. Сағат таңғы 4-те тұрамыз. Косилка жегілген түйеге мінеміз. «Шу-у жануар, шу-у» дейміз. Содан сағат 11-де қайтамыз. Жуынып-шайынамыз. Тамақтанамыз. Демаламыз. Кешкі 17-де жұмысқа қайта кірісеміз. Ол түнгі 22-ге созылады».
Міне, осылай басталған еңбек майданы Жаппар Бержанов үшін күні кешеге дейін бір дамылдаған емес. Айталық, ол 1966 жылы "Құланды" жылқы зауытында зоотехник-селекционер, №1 Қосаман фермасында зоотехник болды. Білікті маман 1968 жылы «Арал» кеңшарының №3 фермасында зоотехник болып, 1977 жылдан 1995 жылға дейін ферма басшысы қызметін мүлтіксіз атқара білді. Еліміз тәуелсіздік алып, кеңшар тараған кезде де 5 мың бас қой мен 70 адамның үлесі бар кооператив құруға белсене атсалысты. Бұл кезең халқымыздың тәуелсіздік алып, жаңа қоғамға бетбұрыс жасаған кезі екені белгілі. Яғни, жаһанданудың сан тарау тетіктері қарастырылып, қай саланың болмасын тамырына қан жүгірткен 2000 жылдарға дейін Ж.Бержанов өзі негізін қалауға атсалысқан кооператив төрағасының орынбасары, мал шаруашылығының басқарушысы қызметтерін мінсіз атқарды. Кейіпкеріміз «Карл Маркс» колхозының төрағасы Рсалы Тұрымбетов, «Құланды» жылқы зауытының директоры Жақсылық Жетесов және «Арал» кеңшарының директоры Тәлекен Сырымовпен қызметтес болған жан. Сол Тұрымбетовтің тоқпағын көрген Бержанов, сөзден сөз шығып Жетесовтің жекпе-жегін де еске алған тұстары әлгі мақалада қамтылыпты. «А.Захаров есімді бір дәу құрылыста істеген. Өзі жалқау әрі ішіп жүреді. Оқтын-оқтын бухгалтерияға келіп аванс сұрайды. Қанжар пышағы қолында. Табысы болмаса да, арақ пұлын беріп құтылатын көрінеді. Соны директор есітеді. «Келсе маған жібер» дейді. Ол көп күттірмейді. Пышағын жалақтатып кіріп келеді. Жәкең қарулы әрі өжет. Захаровтың пышақ ұстаған қолын қайырып тастайды. Алыс-жұлыста Захаров шалқалай құлайды. Жалынады, жалбарынады. «Түрмеге қайта жібере көрме» дейді. Сол Захаров кейін үйленіп, жұрт қатарлы еңбек етті» деп еске алады өткенді.
Ал Сырымовтың сенімінен шығу оңай шаруа емес. Сол Сырымов кейіпкеріміз Ж.Бержановқа сенім артпаса, білдей атағы Одаққа мәлім миллионер кеңшардың №3 фермасын табан аудармастан жиырма жылға жуық уақыт басқара ма?! Міне, мұның барлығы жастайынан кез келген ортаға сыйып, өзінің іскерлік қабілетімен таныла білген жанның табандылығының арқасы. Сол іскер азаматтың күні бүгінге дейін жеткен жетістігі Бержанов бейнесін айшықтай түсетіндей.
Ауыл шаруашылығы саласын ұршықша үйіріп, өзіне жүктелген жұмысты шашау шығармай атқарған Жаппар Бержанов дүркін-дүркін салалық марапаттар мен көрмелердің жеңімпазы атанады. Кеудеге таққан алтын, күміс, қола медальдары қаншама?! Тіпті облыстық жарыстың жеңімпазы ретінде автокөлік те мінген. Әрине мұның барлығын шынайы еңбектің нәтижесі деп бағалаған жөн шығар. Кейіпкеріміз расында мұндай жетістіктерге лайық тұлға.
Өмірлік жары Ханзадамен бірге 11 бала тәрбиелеп өсірген қадірменді жан кеудесі шежіреге толы қазыналы қарттар қатарында. Өмірін еңбекпен өрген өнегелі жан мерейлі 80 жастың төрінде. Мойнына асылған немере-шөберелерінің алдында шалқып отырғаны да жасында көрген бейнетінің арқасы болса керек. Бүгінде бұл шаңырақтың іші құт-берекеге толы. Оғаны себепші әрине асқар таудай ата-әжелері.
Алтынбек БИСЕНОВ