Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Білімді басшы – білікті маман

Білімді басшы – білікті маман

Кенжалиев Бағдәулет 1948 жылы, тамыз айының 15-інде Аманөткел ауылдық округіне қарасты Ақшатау елді мекенінде өмірге келген. Балалық шағы Сырдарияны жағалай қоныстанған Ақшатау, Шөмішкөл, Аманөткелде өткен Бақдәулет оқуының 3-7 сыныптарын Аманөткел орта мектебінде, әрі қарай көрші Қазалы ауданындағы Жаңақазалы қыстағындағы (қазіргі Әйтеке би кенті) №42 қазақ орта мектебінде жалғастырып, кәмелеттік аттестат алды. Әскер қатарынан оралысымен Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Мемлекеттік университетінің (қазіргі ҚазҰУ) химия факультетіне түсіп, 1975 жылы бітіріп, химик, химия пәнінің оқытушысы дипломын алды.Университетті бітірісімен Шымкент қаласындағы қорғасын зауытына жолдамамен барғанымен, көп ұзамай Алматыдағы сол кездегі Қазақ ССР Ғылым Академиясының «Металлургия және кен байыту» институтына инженер болып орналасты.
Институт директоры, әйгілі металлург-ғалым Асқар Қонаевтың шәкірті Болат Бисембаев еді.
Өзінің тың ойларымен атқарған лабораториялық жұмыстары мен зерттеулері басшылықтың ойынан шығып, құнды зерттеулері институтқа қомақты қаржылардың көзін ашты. Соның нәтижесінде көп ұзамай аға инженер, кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, лаборатория меңгерушісі, бөлім меңгерушісі, институттың ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасарлығына дейінгі қызмет сатыларынан өтті.
1981 жылы «Қазақстанның шикізат қорларын ұлғайтудың жаңа жолдарын іздестіріп, пайдаланылмай жатырған жұтаң кендерді өндіріске қосу арқылы түсті металлдарды алудың жер асты және жер бетіндегі үйінді кендерді сілтілендіру тәсілі арқылы алу жолын» ұсынғаны үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.
 «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, ССРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қола  медалымен 2 рет марапатталды. 1993 жылы осы тақырыпта диссертациясын сәтті қорғап, техника ғылымдарының кандидаты атағына ие болды. 1998 жылы докторлық диссертациясын қорғады.
Теориялық жұмыстарын жинақтап, оны мыс және алтын кендерінде пайдалану арқасында мемлекетке үлкен пайда келтіретін докторлық диссертациясы ғылыми деңгейі жағынан дүние жүзіндегі ең жақсы жұмыстар қатарында мойындалғаны туралы Ғылыми кадрларды аттестациялау департаментінің 1996 жылғы №4-ші бюллетенінде жарияланды.
2002 жылы профессор атағын алды. Сол жылдары Қазақстан Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның секция мүшесі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын тағайындау жөніндегі Мемлекеттік комиссиясының мүшесі болып сайланды.
1999 жылы қазан айында Қазақстан Респубикасының Ғылым және Білім министрлігіне қарайтын РГКП (Мемлекеттік Коммуналдық мекемесі) «Металлургия және кен байыту» институтының директоры болып тағайындалды.
1999 жыл мен 2004 жылдың арасы институттың қарбалас жұмыстары мен қаржы қарастыру жолдарын іздестіру, инновациялық технологияларды дамыту жағдайындағы қиындыққа қарамастан институтқа оңтайлы жыл болды. Себебі сол жылдары Қазақстан Республикасының Ғылым және Білім министрлігіне қарайтын РГКП (Мемлекеттік Коммуналдық мекемесі) «Металлургия және кен байыту» институты болып қайта аталған болатын.
Құнды технологияларға шет ел қызығушылық таныта бастады. Қытай, Индия, АҚШ, Канада, тағы да басқа шетелдерде өткен Халықаралық конференцияларда оқыған баяндамалары жоғары бағаланып, қомақты қаржының ізі шыға бастады.
Өзінің докторлық еңбегін өндіріске енгізу бағытында Алматыда эксперименталды-тәжірибелік алтын қоры кіші зауыты іске  қосылды. Бұл зауыт сол кездегі алпауыттардың бірі «Қазатомның» назарына ілікті. Құйтұрқы істер басталды.
Б.К.Кенжалиев Институттың директоры болып тұрғанда дегендеріне жете алмайтынын сезген алпауыттың ықпалы болса керек, оңтайландыруды желеу етіп, Институттарды ғылыми орталықтарға біріктірген болып ежелден келе жатырған Қазақстанның металлургия және кен байыту Институтын, жер зерттеу институтымен қосып, Қазақстанның Ғылым және Білім министрлігіне қарайтын «Жер, металлургия және кен байыту ғылыми орталығы» етіп қайта құрып, басшылық қызметті қысқартып, жаңадан болған орталыққа жер зерттеу институтының басшысын басшылыққа алып келді. Бұдан Бағдәулеттің беделі түсіп, абыройы кеміген жоқ.
Өзінің еңбектерімен жақсы таныс, өткен жайлардан хабары бар, әлемге танымал «Британ-Қазақстан» техникалық университеті басшылығы проректорлық қызметке шақырды.
2016 жыл жаңалықтарға толы жыл болды. Бағдәулет Кенжалыұлы сонау жылдары өзін қызметтен кетіру үшін ұйымдастырылған, кейін Акционерлік қоғам болған «Жер, металлургия және кен байыту ғылыми орталығына» Президент болып тағайындалды. «Британ-Қазақстан» Университетіндегі қызметі де Вице-Президенттікке жоғарылатылды.
Ең басты жаңалық «Жер, металлургия және кен байыту» Институты Акционерлік қоғамы болып аталуы, басқарманың төрағасы – Бас директоры Бағдәулет Кежалыұлының қайта тағайындалуы еді.
Бағдәулет Кенжалыұлы Институттың қызметін дұрыстап қолға алу үшін «Британ-Қазақстан» университетіндегі қызметінен бас тартты.
Аманөткелден шыққан ғалым Кенжалиев Бағдәулет Кенжалыұлының осы кезге дейін өзі айналысып жүрген металлургия және кен байыту туралы 165 мақала (оның ішінде 85-і шетелдік басылымдарда) жарық көрсе, халықаралық конференциялар мен конгресстерде оқылған баяндамалары жоғары бағаланған, барлығы 500-ге тарта еңбегі басылымдарда жарияланған. 7 монографиясы, 38 авторлық патенттер мен Қазақстан, Ресей, Алмания, Американың жаңалық ашу куәліктеріне ие.
Институт бойынша жас кадрларды дайындауға жіті көңіл бөлді. Олардың кандидаттық, докторлық диссертация қорғауына мүмкіндіктер қарастырылды.
Бағдәулет Кенжалыұлының жетекшілігімен 2 докторлық, 15 кандидаттық диссертация қорғалды.
Ғылымға сіңірген еңбектері еленіп, 2016 жылы «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер» атағы берілсе, 2019 жылы Қазақстан Республикасының Аль Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Осындай қарбалас тіршілікте жүрсе де, туған жерді, балалық бал дәурені өткен Аманөткелді, болашағына бағдар берген, мектеп қабырғасынан түлеткен Қазалыны есінен шығарған емес.
Бағдәулет Кенжалыұлы Аманөткелдегі әкесі Кенжалы мен анасы Ұлғараның қарашаңырағын тікейтіп, еңселі үй салып, қарындасы Қаршаға аманаттады. Жылына бір рет бала-шағасы, немерелерімен келіп, туған жеріне тағзым етіп, әке-шешесіне құран бағыштап, ағайын-туыстардың қуаныш, қайғысына ортақтасуды да өзіне міндет санаған азамат.
Жанұялы өмірінде жан жары Жаңылғанмен бірге бала-шағаларын тәрбиелеп өсіріп, немерелерінің қызығын көріп отырған өнегелі отбасы.

Құдайберген Есекей
01 желтоқсан 2022 ж. 432 0