Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дала дарабозы

Дала дарабозы

От пен оқтың арасынан аман-есен елге оралған Әбубәкір қарттың көзінің қарашығындай ұлы Аралға қарасты бұрынғы «Калинин» колхозында дүниеге келді. Сол Наурызбай есімді ұл бүгінгі кейіпкеріміз. Соғыс ардагерінің үкілі үміті жүріп өткен жолын еңбекпен өрді. Ендеше, ғибратты ғұмыр иесі хақындағы әңгімені әріден бастайық. Наурызбай Әбубәкіров тірлігінде парасат-пайымымен бас тақырыпқа арқау еткеніміздей, дала дарабозы атанған жан. Адами қасиеті көпке үлгі сала мақтанышының аудандағы қой шаруашылығының дамуына қосқан үлесі ерекше. Оны көзкөргендер жақсы біледі. Ұлы Отан соғысы аяқталған соң 1948 жылы шаңыраққа шаттық сыйлап келген перзент өсе келе қошқар ата тұқымын көбейтуге сүбелі үлес қосады деп кім ойлапты. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ұзақ жыл «Қарақұм дегенше, қарағым десеңші» деген қанатты қағидаға иелік еткен мекенде мінсіз қызмет жасаған Әбубәкірдің ізбасары ата-ана есіміне кір келтірмеді. Қаршадайынан төрт түліктің қыр-сырын ұғынған ол Жіңішкеқұм орта мектебін тәмамдаған соң Қазалыдағы ауыл шаруашылығы техникумына құжат тапсырды. Асқақ арман адастырмай, аталған іргелі оқу ордасының студенттері қатарынан табылған Наурызбай алғырлығымен қатарластарының да алдыңғы толқынынан көрінді. Теорияны жетік меңгеруінің арты тәжірибелі маман атануына жол ашты. Қысқасы, 1967 жылы мал дәрігерлік дипломды қолына алып, кәсіби маман ретінде қоғам жұмысына білек түре араласуға кірісті. Алғашқы еңбек жолын №4 фермада ветсанитар болып бастаған жас маман өзін жақсы қырынан көрсете алды. Артынша, орда бұзар отыз жасында «Қарақұм» совхозына қарасты №3 фермаға зоотехник болып бекітіліп, аталған құрылымның сан алуан шаруасына қолтаңба қалдырды. Уақыт алға сырғыды. Қызметке әбден төселген азамат сол кездегі "Жіңішкеқұм" совхозы басшысының сұранысына орай №3 фермаға зоотехник болып іске кірісті. Сол аралықта кейіпкеріміз білім көкжиегін онан әрі кеңейтіп, В.Куйбышов атындағы ауыл шаруашылығы институтын бітіріп шыққан еді. Нағыз маман ғалым-зоотехник біліктілігімен дараланды. Алмас қылыш қын түбінде жата ма? Атқарушы билік тарапынан 1979 жылы №2 ферманың меңгерушілігіне ұсыныс түсіп, Наурызбай Әбубәкіров 5 жыл бойы сол шаруашылықтың тізгінін ұстау бақытына иелік етті. Талапшыл басшы үлкен-кішімен тіл табысып, қоғам жұмысын ақсатпауға бар күш-жігерін жұмсады. Сөзінің өтімділігімен халық қалаулыларының қатарына да енді. Әсіресе, қаракөл қой шаруашылығын өркендетіп, өзге фермаларға үлгі болды. Ісіне адал, біреудің ала жібін аттамайтын азамат беделді басшылар қатарынан табылды. Мен болдым, толдым деген жоқ. Көргені көп, түйгені мол Наурызбай әркез тиянақтылықты негізгі бағдаршам етті. – Адам тіршілігінде талай жанмен әріптес болады ғой. Мен де саналы ғұмырын ауыл шаруашылығының өркен жаюына арнаған Наурызбай Әбубәкіровпен бір қызметте жүрдім. Оның талапшылдығына қызығатынбыз. Өзіне де, өзгеге де дамыл бермейтін. Содан да шығар лауазым биігінен көрінді. Іргелі совхоздардың бас зоотехнигі атану екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. «Жіңішкеқұм» совхозына қарасты 50 мыңға тарта қойдың санын арттырмаса, кемітпеген азамат мал санын көбейту арқылы отарға отар қосты. Бұл дегеніміз, мемлекетке деген нағыз жанашырлықтың айқын көрінісі екені айтпаса да түсінікті. Қысқа ерте қамданып, мал басын сақтауда бірінші қарекет қылатын Наурызбай 1982 жылы мол жетістікке жеткенін көз көргендер біледі. Сол уақыттарда ферма малшылары мұрты шағылмаған рекордты жаңартып, облыстың абыройын асқақтатты. Тіпті, еңбегі ескеріліп, аталған жылдарда Қуаныш Бердімағанбетов мал өсірудегі жетістігі үшін Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. Бұл аудан тарихында қаларлық жағымды жаңалық еді, – дейді ауыл шаруашылығы саласының ардагері Жайшылық Елешов. Бас зоотехник Наурызбай үнемі ізденісте жүрді. Тіпті, бір жылдары Алматы зооветеринария институтының жоғарғы кадр басшылығын даярлау курсында оқып, жарты жыл бойы өз ісінің қыр-сырына тереңірек үңілді. Алған білімін қырдағы тынымсыз тіршілікке пайдаланды. Сенімге селкеу түсірмеуді жан-тәнімен ұғынатын басшы араға жылдар салып, «Жіңішкеқұм» совхозына директор болып тағайындалды. Бұл 1988 жыл-тұғын. Ұйымдастырушылық қабілеті ерек азамат қандай да бір бастаманың сапалы орын алуын жадында ұстады. Қаракөл тұқымды қойдың бабын білетін жайсаң жан совхоз жүгін қара нардай алға сүйреді. Адамзат баласы үшін еңбектің еленбей қалғанынан жаман нәрсе болған ба? Алайда біз тілге тиек еткен өмірі өнеге Наурызбай елден қай істе де оң бағасын алды. Қызмет жолындағы баспалдақтары төменге емес, жоғарыға биіктетті. Ісінің хас шебері жүктелген жұмысты алға бастыруда басқалардан ерекшеленіп, нәтижесінде 1990 жылы ҚазКСР Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде республикалық комитеттің І дәрежелі дипломын еншіледі. Облыс, ауданнан Алғыс хаттары бір төбе Әбубәкірұлы «Халық шаруашылығындағы жетістігі үшін» медалін кеудеге тағып, мерейі тасыды. Елең-алаң кез. Кеңес үкіметі тарап, тәуелсіздік алуға қам жасалып жатқан жылдар. Совхоздар тарады. Бәрі өзгерді. Барша жұрт басқаша тірлікке көшті. Нақтысы, әркім өз халінше еңбек етудің жолдарын қарастырды. Наурызбай Әбубәкіров те қарап қалмады. Уақыт ағымына ілесті. Арал өңірінде алғашқылардың бірі ретінде фермерлік кәсіпті қолға алды. Аудан әкімдігі тарапынан мал мен жерді жалға еншілеп, тыңнан түрен салды. Отбасы – шағын мемлекет. Жұбайы Айжанмен бірге 6 баланы тәрбиелеп өсіріп, шаңырағының шынарына айналған Наурызбай ұрпағына да еңбек ету арқылы жақсы өмір сүруге болатынын айтып, перзенттерінің бойына жақсы қасиеттерді сіңірді. Бір сөзді, бәзбіреудің алдында жағынуға жаны Хас азамат тек халықтың қамын күйттеді. Сол жолдан бақытын тапты. Жұрты оны ұдайы мақтан қылып, ауылдың ардақтысы деп таныды. Өмір болған соң өкініштің қатар жүретіні бар. Алып жүрек соғысы 2008 жылы мәңгілікке тоқтады. Оқыстан келген арсыз ажал дария кеудені келместің кемесіне мінгізіп әкетті...

А.ҚАРЫМСАҚ
03 желтоқсан 2022 ж. 381 0