Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұйқысыз түнгі тәтті ойлар

Ұйқысыз түнгі тәтті ойлар

– ПАПА, ПАПА! ТЕЛЕВИЗОРДЫ ҚАРА, ЖАП-ЖАҢА ҮЙЛЕР ҚҰЛАП ЖАТЫР... – ДЕГЕН БАЛАСЫ НҰРПЕРЗЕНТТІҢ АПТЫҒА АЙТҚАН СӨЗІ ТЕЛАҒЫСТЫҢ ТҰЛА БОЙЫН ТІТІРКЕНТІП ЖІБЕРДІ. АЛДЫНДАҒЫ ҚАҒАЗДАРЫН ЫСЫРА САЛЫП ТЕЛЕДИДАР АЛДЫНА КЕЛСЕ, ҚҰЛАП ЖАТҚАН ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСТАРЫ. БЕС ҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ САПАСЫЗ САЛЫНҒАНДЫҒЫ ЖАЙЛЫ МҰНАН БҰРЫНҒЫ ХАБАРЛАРДА ДА АЙТЫЛҒАН. ЕНДІ МІНЕ, СОЛ ҚҰРЫЛЫСТАР БАЛАЛАРДЫҢ БҰЗЫЛҒАН ОЙЫНШЫҚ ҮЙЛЕРІНДЕЙ ЖЕРМЕН- ЖЕКСЕН, ОПАТ БОЛЫП ЖАТЫР. ӘЙТЕУІР АДАМДАР АМАН, АЛЛА САҚТАҒАН ҒОЙ. «КЕМЕДЕГІНІҢ ЖАНЫ БІР» ДЕГЕНДЕЙ, ҚҰРЫЛЫСТАРДАҒЫ ОСЫНДАЙ ЖАЙСЫЗ ЖАҒДАЙЛАРДЫ КӨРГЕНДЕ МҰНЫҢ ДА ЖАНЫ ЖАЙ ТАППАЙТЫН. ӨЙТКЕНІ ҚҰРЫЛЫСШЫ БОЛҒАНДЫҚТАН БА, МҰНДАЙДА ӨЗІН ДЕ СОЛАРДЫҢ ҚАТАРЫНДА ТҰРҒАНДАЙ СЕЗІНЕТІН.
Осы бір құрметі мен қиындығы, абыройы мен азабы мол кәсіпке қалай келіп еді?.. Иә, 1977 жылы Шижағадағы №57 орта мектепті алдыңғы қатарда бітірді. Әкесі Қонысбай ұста, шебер адам еді. Содан ба, бұл да соған еліктеп құрылысшы болуды қалап, Шымкент қаласындағы химиятехнологиялық институтының құрылыс факультетіне құжаттарын дайындады. Бір күні үйіне жазушы Сайлаубай Жұбатыров келді. Бұл кездері ол Алматы қаласында тұратын. Жазушылық атақдәрежесі жаңа дүркіреп тұрған кезі. «Телағыс, давай, Алматыға жүр. Одан да күшті университетке түсіремін» деп қолқа салды. Жақындығы бар, жаны ашып айтқаны да. Қанша үгіттегенімен Алматыны іші қаламады. Күндер өтіп барады. Шымкентке барып құжат тапсыратын уақыт та таяды. Тез баратын тек самолет қана. Билетке таныс керек. Содан әкесінің сол кездері аудан түгілі республикаға танымал, автобазаның директоры Оразғали Ерекешовке барғаны бар. Бұл далада. Бір уақытта қолында тілдей қағазы бар әкесі шықты. – Балам, ағаның Алматыдағы ауыл шаруашылық институтында бір танысы бар екен, соған қағаз жазып берді. Сен оқуға түстің. Құжаттарыңды соған тапсырасың, – деп қарап тұр. Телағыстың маңдайы терлеп кетті. – Жоқ, әке, мен Шымкентке барамын, – деп алған бетінен қайтпады. Содан құдайдың бұйыртқаны осы шығар, Шымкентке шақ жетіп, құжатын тапсырып үлгерді. Емтихандардан сүрінбей өтіп, 1982 жылы осы институтты инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітіріп шықты. Сол жылы әскер қатарына алынып, Ресейдің Красноярск өлкесінде азаматтық борышын өтеді. Алғашқы кезде рота командирінің орынбасары, кейін құрылыс учаскесінің бастығы болды. Мұнда негізінен әскери құрылыс нысандарын салумен айналысты. Ауылда өскен Телағысты 5-10 қабатты зәулім тұрғын үйлер, өзіндік архитектуралық ерекшеліктері бар құпия әскери құрылыстар күнненкүнге қызықтыра түсті. Институт қабырғасында алған теориялық білімін мұнда тәжірибеде іске асырды. Құрылыс нысандарын сметалық негіздемелері бойынша орындау, сызбаларды зерделеу, атқарылған жұмыс көлемін есептеп шығару, ең аяғы уақытылы наряд толтыру сияқты талаптарды да осында жүріп үйренген-ді. 1984 жылы екі жылдық әскер қатарындағы азаматтық борышын орындаған Телағыс Жылмағамбетов ауылға өз мамандығы бойынша үлкен әзірлікпен келді. Жоғары білімді, екі жылдық тәжірибесі бар жас маман еш қиындықсыз сол кездегі «Приарал» кеңшарына құрылыс шебері болып қызметке орналасты. Әскер қатарында алып құрылыстардың басы-қасында болған Телағыс үшін шаруашылықтағы малшылар үйі, мал бордақылау алаңы, сауын комплексі сияқты объектілерді салу дегендерің баланың ойынындай болып көрінетін. Кейін аудандық агроөнеркәсіп бірлестігіне ауысып, төрағаның құрылыс саласы бойынша орынбасары қызметін атқарғанда да құрылыс нысандарының сапасына ерекше ден қойды. Ел тәуелсіздігін алған кезеңде әкімшілік аппаратына алынып, мемлекеттік қызметке араласты. Онда да құрылыс саласы. Кеңес Одағы ыдырап, одақтас елдер арасындағы өзара байланыс үзілген шақтағы алғашқы қиындықтар құрылыс жұмыстарын тұралатып тастады. Біткелі тұрған құрылыстардың өзі аяқталмай қаңырап қалды. Жаңа құрылыс салмақ түгілі, пайдаланып отырған ғимараттардың өзін жөндеуге жөнді материалдар табылмаған, бір тақтай, бір уыс шегенің өзі қат кездер болды. Қаншама құрылысшылар кәсібінен айырылып, ел кезіп кетті. Алтын қолды адамдардың халі аянышты-ақ. Сол кездері Арал қаласының маңындағы барлық әскери гарнизондар Ресейге көшіріліп, көп қабатты тұрғын үйлер, сәнді сауда, мәдени-тұрмыстық, өндірістік орындары бар үш әскери қалашық қаңырап бос қалды. Олар аралдықтарға таусылмас несібе болды. Есебін тапқандар еншісіндегі мүліктей иемденіп, күн-түн демей бұзып, кімге кірпіш, кімге темір тұрба, бетон плита, іргетас керек, соларды бөлек-бөлек жинап, сатты, айырбастады, сөйтіп күнкөріс көзіне айналдырады ғой. Сол әскери қалашықтағы құрылыстарды аралдықтар 15-20 жыл өтсе де қиратып тауыса алмады ғой. Өйткені ол ғимараттарды бульдозермен соғып, трактормен тартып, сваркімен кессең де құлатып, қиратуың қиын еді. Құрылыстағы сапа деп соны айт, құрылысшы деп соларды салғандарды айт. Ал мына, Қарағандыда жыл өтпей жатып қирап жатқан құрылыстарды салған құрылысшыларға не дерсің. Сол тұрғын үй нысандарын жобалауда, оның салыну барысын бақылауда, соңында біткен үй нысандарын жобалауда, оның салыну барысын бақылауда, соңында біткен тұрғын үйлерді қабылдауда мемлекеттік қызметкерлер де болды ғой. Сонда, халыққа қызмет ететін мемлекеттік қызметкердің міндеті қайда, халықтың мүддесі қайда? Осылай ой түйіндеп толқыған Телағыс сағатына қараса он екі болыпты. Баласы Нұрперзент те, жолдасы Даража да тәтті ұйқының құшағында екен. Қораптан бір темекі суырып тұтандырды да, сораптай тартып, тысқа шықты. Аралдың айлы түні көктемнің қоңыр салқын ылғалды ауасы жанға жағып барады. Ұйқысы келер емес. Осындайда өткен күндер ойға орала береді. Құдайшылығымызға келіп, ақиқатқа жүгінсек, алдымен еліміздің экономикалық жағдайының жақсарғаны шығар, сонымен бірге ауданға іскер азамат Нәжмәдин Мұсабаев әкім болып келген 2004 жылдың екінші жартысынан бастап, құрылыстардың талай жыл тартылып қалған тамырына жан кіре бастады. Өзінің мамандығы құрылысшы болғандықтан жаңа әкім ең алдымен осы салаға ерекше ден қойды. Ауданда жаңа мектептер, балабақша, медпункт, мәдениет үйлерін салу, жаңа алаң, аллеялар ашып, еңселі ескерткіштер орнатып, аудан орталығын абаттандыру жұмыстары атаулы жылдар аясында кешенді түрде қолға алынды. Ол кезде құрылыс бөлімін басқаратын. Мазасыз әкіммен жұмыс істеу қызық та, қиын да болды. 2005 жылдың наурыз айы болатын. Бір күні аудан әкімі кеңес өткізіп, алдағы сәуір айында ауданымызға Президенттің келетіні, оған дейін жаңа объектілер ашу керектігін алға тартты. Солардың ішінде бүгіннен бастап қолға алынатын орталық алаңнан «Тағзым» алаңын ашу қажеттігі міндеттелді. Кеңеске аудандағы көптеген құрылыс инженерлері, Қызылорда, Шымкент қалаларының белгілі суретші, мүсіншілері қатысып, «Тағзым» алаңы архитектуралық жобасына конкурс жарияланды. Қорытындысында кеңеске қатысушылардың бәрі дерлік Телағыстың архитектуралық сызбасын мақұлдады емес пе? Енді оны жеделдетіп іске асыру керек. Ол үшін Ұлы Отан соғысында майдан даласынан оралмаған аралдық алты мың боздақтың аты-жөнін мрамор тақталарға қашап жазу, оларды ретімен биік қабырғаға орналастыру, оның алдында баспалдақты тұғыр жасап жауынгер анасының алып бейнесін орнату, мұнымен бірге 16 Еңбек Ерлері мен Кеңес Одағының екі батырының суреттері мен аты-жөні жазылған тұғырлар жасау сияқты «Тағзым» алаңының кешенді салтанатын көрікті көрсету міндеті тұрды. Жоба бекіген соң жұмыс күн-түн демей қызу жүрді. Құрылысшылар электр шамдарының жарығымен таңғы сағат үшке дейін жұмыс істеді. Жұмыс барысы күн сайын қорытындыланып тұрды. Жоба авторы, әрі құрылыс бөлімінің бастығы ретінде Телағыс Жылмағамбетов пен осы жұмысқа жауапты аудан әкімінің орынбасары Ерсаим Раймбетов те «Тағзым» алаңы біткенше күндіз-түні басында болды. Президенттің келетін күні таяған сайын құрылысшыларда дамыл болмады. Осындай үлкен ұйымшылдық, жауапкершілікпен «Тағзым» алаңы өз уақытында бір жарым айда салынып бітті. Аралға арнайы іссапармен келген сол кездегі Президентіміз Н.Назарбаев «Тағзым» алаңының ашылу салтанатына қатысып, көгілдір лентасын қиды. Алғашқы гүл шоғын қойып, боздақтар рухына тағзым етті. Осылайша Президенттің Аралға сапары үлкен абыроймен аяқталды. Оған ауданның көптеген азаматтары атсалысты. Солардың арасында Телағыстың да есімінің айрықша аталғаны бар. Мемлекеттік қызметке осындай кіршіксіз берілгендік оны аудан әкімінің сеніміне кіргізе білді. 2005 жылдан бастап ауданда құрылыс ауқымы күн санап кеңейе түсті. Кеңес Одағы кезінде 70 жылда салынбаған құрылыстар енді жыл сайын салынып жатты. Бұрын әр бесжылдықта бір мектеп бой көтерсе, бүгінде республикалық, облыстық, аудандық бюджет есебінен жылына 4-5 мектепті жаңадан салу жоспарға енді. Келе-келе аудандағы барлық қала, кент, ауылдық округтерден мектеп, мәдениет, медициналық орындар мен әкімшілік үйін жаңа үлгіде қайта салу міндеті қойылды. Соңғы жылдары оған округ орталықтарынан балабақша ашу бастамасы қосылды. Аудан әкімінің талабы, аудандық құрылыс бөлімінің іскерлігі арқасында бұрын-соңды болмаған мұндай ауқымды жоспарлар жүзеге асып, өз нәтижесін беріп келеді. Небәрі үш-ақ адам жұмыс істейтін аудандық құрылыс бөлімі арқылы 2 миллиард теңгенің қаржысының игерілуі де бұл саланың үлес салмағының ауыр екенін аңғартады. Осыншама қаржылар арқылы қаншама құрылыстар салынып, қаншама адам жұмысқа тартылып, күнкөрісін түзеп отыр десеңізші. Не деген керемет! Аудан құрылысына жыл сайын миллиардтаған қаржы құйылып жатса, жаңа нысандар жарыса бой көтеріп, бірінің артынан бірі пайдалануға беріліп жатса, қалайша масаттанбайсың. Бәрі жақсы, айтарың жоқ! Бірақ... бірақ...Телағыс тағы бір түйір темекіні тұтатып тістене тартты. Көңілі қобалжулы. Жүзінде әлгі қуаныштың ізі де қалмаған. «Бірақ» деп барып тағы ойланды. Сол кереметтердің астарына шындап көз салсаң, көптеген кемшіліктер, шешімін күткен мәселелер көмулі көмбедей жатқан жоқ па деп бір тоқталды. Олай дейтіні, қазіргі құрылыс саласының қалыптасу жүйесіне, даму деңгейіне Телағыстың көңілі тола бермейтінді. Мүмкін кешегі кеңестік кезеңдегі құрылыс ұжымдарының жұмысына қалыптасып қалғандықтан шығар. Ол уақыттары құрылыс жұмыстарын техникалық базалары берік ірі трест, ПМК-лар атқаратын. Онда мемлекет мүддесі, құрылыс сапасы бірінші кезекте тұратын. Ал қазір тек өз пайдасын ойлайтын, кәсіпкерліктің көзінен өткен, техникалық базасы, құрылыс маманы не жұмысшы күш жоқ, тек құрылыс салуға рұқсат қағазы, банкте есепшоты бар жеке тұлғалар жұмыс істеп жүр. Есебін тауып 400-500 миллион теңгелік ірі құрылыс нысанын тендерден ұтып алу бойына жекелердің техникаларын жалдап, көненің көзіндей бұрынғы құрылыс мамандарын пайдаланып, жұмыссыз жастарды азынаулақ айлық жалақымен жұмысқа тартып жоқтан бар жасайды. Мұнымен бірге қазір құрылыс мамандары жетіспейді. Олардың алды 55- 60 жас аралығында. Жастар құрылысшы мамандығына қызықпайды. Көбіне жұмысы жеңіл, айлығы көп мамандыққа құштар. Ал жоғары оқу орындарын бітіріп келгендердің тәжірибесі жоқ. Соңғы кездері салынған, салынып жатқан құрылыс жұмыстарының сапасына көп сын айтылып жүр. Әрі дұрыс айтылады. Телағыстың пайымдауынша, оның бірнеше себептері бар. Біріншіден, белгілі объектіге жасалған жоба-сметалық құжаттарының сапасы өте төмен. Бұрын жобаларды әр сала бойынша (жылу, су, электр, сәулет, т.б.) жасап беретін, 40- 50 адамнан тұратын жобалау институты дайындайтын. Ал қазір бұрын құрылыста жұмыс істеп көрмеген, бір компьютермен бір-ақ адам айналысып отыр. Жете зерттеу, талдаудың жоқтығынан жобада көптеген кемшілік, қателіктер кетіп жатады. Екіншіден, жобада қаралған құрылыс материалдарының көбісі сырттан әкелінеді, ал нормада белгілі бір қашықтықтан тасымалдау ғана қаралған. Яғни, ол 20-30 шақырым деп көрсетілген. Басқа тасымалын айтпағанның өзінде құрылыс жұмыстары жүріп жатқан елді мекендердің аудан орталығынан 100-200 шақырым қашықтықта орналасқанын ескерсек жобадағы бұл норма Арал ауданында көп қиындық туғызуда. Мұнымен бірге 2002 жылғы бағалау нормасына негізделген құрылыс материалдарының құны қазіргі аспандап кеткен бағамен сәйкес келе бермейді. Үшіншіден, құрылыс жұмыстары «Мемлекеттік сатып алу» заңына сәйкес конкурс арқылы өтеді. Заңды орындау міндетіміз, дегенмен құрылыс ұжымдарына қаржыны үнемдеу деген желеумен белгілі бір объектінің мемлекеттік сараптамадан өткен сметалық құнын конкурстарда 10 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берілген. Яғни конкурстан ұтып алушы мекеме 500 миллион теңге тұратын объектінің құнын 10 пайызға төмендетсе 50 миллион теңге үнемделеді екен. Сонда құрылыс мекемесі оның құнын немен толтырады, әрине көзбояушылықпен. Міне, құрылыстарғы сапасыздық алдымен үнемдеуден басталады. Құрылыс саласындағы осындай кемшіліктерді болдырмау үшін не істеу керек? Бұл – Телағысты көптен ойландырып жүрген мәселе. Ең бастысы әр іске мемлекеттік мүдде тұрғысында қарап, талап қоя білу, жауапкершілікті арттыру. Олай дейтіні, биылғы жылдан бастап құрылысқа рұқсат (лицензия) беру шарттары күшейтілуде. Ол үшін енді лицензияны мекеменің жұмыс өтіліне, матералдық-техникалық базасына, салған объектілеріне қарап, санаттарға бөліп, жұмыс түрлерін әр санатқа сәйкес атқару үшін беру керек. Мұндай талаптар жобалаушы мекемелерге де қойылуы тиіс. Конкурстарды электронды түрде өткізудің тиімділігі зор. Осындай сәулелі ойлардың көңіліне қонақтауы мұң екен Телағыстың бойынан ауыр жүк сыпырылып түскендей өзін жеңіл сезінді. Түн ортасы болса да ұйқы келер емес. Ұшқыр ойлар Телағысты қол-аяғын жерге тигізбей қиял қанатына қондырып, арман биігіне көтеріп келе жатқандай. Қара ормандай қаптаған құрылыстардың арасынан сәнді сәулет салтанатымен бой көтерген «Тағзым», «Тәуелсіздік», «Даңқ», «Ғашықтар», «Ақ кеме», «Жалаңтөс Баһадүр» алаңдары мен «Құрметті азаматтар», «Батыр Аналар», «Рәміздер» аллеялары жарық жұлдыздай жарқырап көрінеді. Осының бәрінде де Телағыстың сәулетші-құрылысшы ретінде өз қолтаңбасы, шығармашылық шеберлік, ізденіс-толғанысы жатыр. Ондағы әр монумент, ескерткіштің өзіндік сыры бар. Өткен «Мың бала» жылында оның құрметіне «Даңқ» алаңын салу жоспарланды. Оған бірнеше жобалар ұсынылды. Солардың арасында биіктігі 20 метрлік монументтің басына шаңырақ, оның үстіне қыран қонған Телағыстың жобасы жеңіп шықты. Жұмыс біткеннен кейін бір азамат: «Мынау дұрыс емес, қыран ешуақытта шаңыраққа қонбайды, тау шыңына, қияға қонады. Бұл қыранды қорлау» деп пікір айтты. Азаматтың сөзі Телағысқа атқан оқтай тиді. Өйткені қыранның шаңыраққа қонғанын өз көзімен көрген-ді. Жас кезі. Бір күні әкесі қақпанға түскен бала қыранды үйге әкеліп, аяғын емдеп бақты. Әлгі қыран жазылып өсе келе қозылаққа, ешкі-қойға маза бермеді. Ешкінің екі мүйізін екі аяғымен шеңгелдей қысқанда жануар баладай бақыратын. Әкесі қайбір бүркітші дейсің, маза бермеген соң оны шынжырлап бақты. Оған да көнбеді. Бір күні әлгі қыран темір шынжырды үзіп ұшып кетті. «Енді келмейтін шығар» деп едім, әкем: «Ол қайткенде де үйге бір соқпай кетпейді, келеді» деді. Бірнеше күн өткен соң қыранның үйінің шаңырағының үстіне қонып отырғанын көрген. Салақтаған шынжырын алып тастағысы келіп ұстауға әрекеттенген әкесінен үріккен қыран қанатын қомдап, келген жағына ұша жөнелді. Бұл оның соңғы келуі әрі қоштасуы екен. Телағыс «Даңқ» монументінің сәулетін сызғанда осы оқиғаны негізге алған. Сол тұста бір жерлесі: «Мұнан мен ешқандай қателік көріп тұрғаным жоқ. Қазақта «Бақыт құсы басыңа қонсын» деген жақсы бата бар. Қыран да бақыт құсы, оның шаңыраққа қонғаны басымызға қонғаны емес пе?» дегенінде көпшілік жөн сөзге жүгінген еді. Телағыс тапсырылған әрбір жұмысқа осындай шығармашылық ізденіспен қарауды үрдіске айналдырған. Осы үшін де ол мемлекеттік қызмет тізгінін ұстаған әріптестері арасында беделі биік, мәртебесі жоғары келеді. Құрылыс саласындағы көп жылғы жемісті жұмысы да әділ бағасын алуда. Ауданда аудан әкімінен кейін «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» атағын иеленді. Мерекелік медальдармен, облыс, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Шындығында Телағыс атақ үшін емес, мемлекеттік мүдде, абырой үшін қызмет етіп жүрген жан. Көктемнің бір түнін ұйқысыз тәтті ойлармен өткізсе де Телағыс кеңсеге өз уақытында келді. Алдымен бүгін атқарылатын жұмыстарын айқындап алды. Биылғы жылдың жүгі де ауыр. Олар бөлім арқылы пайдалануға берілетін 3 мектеп, 8 тұрғын үй, 10 спорт алаңы, облыстың құрылыс басқармасы арқылы салынып жатқан Абай ауылындағы 600, Аралдағы 300, Аманөткелдегі 300 орындық мектеп, қаладағы 200 орындық балабақша, Ақбастыдағы 50 орындық мектеп пен 50 орындық балабақша, Жақсықылыш кентіндегі құны 450 миллион теңге тұратын ішкі су желісін қайта салу жұмыстары. Енді мұның үстіне республикалық бюджет есебінен «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша 2013- 2015 жылдарға межелеген Аралдың кәріз жүйесін жүргізуге дайындық жұмыстары қосылып отыр. Келешек Арал қаласы үкімет қолға алып отырған «Шағын қалалар» жобасына енсе, аудан орталығы адам танымастай өзгерері анық. Осындай Аралдың жарқын болашағы жолында жан аямай тер төге, еңбек етіп жүрген, аудан орталығы мен елді мекендердің әлеуметтік бейнесін жақсартуда салынып жатқан құрылыстардың, ескерткіштердің жас ұрпақ үшін маңызын жете сезінген, сәулет өнерінің ескерткіштерін тарихтың жанды куәлері деп бағалайтын «Сәулет анасы – тарих, тарих анасы – сәулет» деп сәулет пен құрылысқа тәңірдей табынатын Телағыстың өз ұстанымы, өзіндік түсінікпайымы бар. Ол – мемлекеттік қызметке деген зор құрмет, антына адалдық, міндетті ісіне жауапкершілік. Өнебойына өзгелерден ерек дарыған осы үш қасиет ошақтың үш пұтындай Телағыстың тіршілік отын маздата жағып, түтінін көкке түзу көтерді. Иә, осы материалды осылай аяқтап, газетке дайындап жатқанымда «Телағыс қайтыс болды» деген қайғылы хабар қолымды да, осы мақсаттағы жолымды да байлап тастап, жазылған дүние жарыққа шықпай қалған-ды. Телағыс 2012 жылы 22 қазанда өмірден өтсе, қазір одан бері 10 жыл болыпты. Осыншама уақыт өтсе де мақаладағы бала Нұрперзент бүгінде әке жолын жалғастырған, аудандық құрылыс бөлімінің білдей маманы атанғаны болмаса, Телағыстың сол кездегі құрылыс жайлы көтерген мәселелері мен ой-армандары бүгінгі өмірімізде әлі де өз құнын жойған жоқ. Сондықтан осы мақаланы өзгеріссіз сол күйінде жариялауды жөн көрдік.

Жұмабай ЖАҚЫП,
Қазақстанның құрметті журналисі
03 желтоқсан 2022 ж. 395 0