Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәдірберген Бедер: Жақсылық жасау – азаматтың парызы

Кәдірберген Бедер: Жақсылық жасау – азаматтың парызы

Тұңғыш Президент «Рухани жаңғыру» бағдарламасында елге елеулі қызмет жасап жүрген жомарт жүрек жандарды кеңінен насихаттау керектігін атап көрсеткен болатын. Иә, «Баталы ер арымас» деген қазақта жақсы сөз бар. Көптің алғысына бөленіп, жоққа болысқан, елдің мәселесіне мән берген азаматтың қай кезде де ырысы артып, берекесі бекемделе түсері сөзсіз. Ол талай жанға қолдау көрсетті. Бірақ өзі жасаған жақсылықтың қайтарымын сұраған емес. Оның есімі бүгінде көпшілікке жақсы таныс. Жақсылығымен көпке құрметті болған жанмен тілдесу мақсатында біз де арнайы ат басын бұрған едік. Бүгін темір жол саласында талай жыл табанды еңбек еткен басшы, жеке кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Кәдірберген Бедерұлы туралы айтпақпыз.
Бүгінде бір отбасының ғана емес, бүтін бір елдің ақылшы азаматына айналған Қадірберген Бедерұлы еңбектің наны тәттірек болатындығын ертеректе ұғынды. Балалары мен жақындарына жағымды жағдай жасау үшін талмай, тынбай еңбек етті. Ол 1959 жылы Сексеуіл кентінде өмірге келді. Содан бастап балалық шағының бастауын алған туған жерде өмір кешіп келеді. Қадірберген аға әке жолын жалғады. Әкесі Бедер Таласов ұзақ жылдар темір жол саласында қызмет атқарған еді. Қадірберген аға мектеп бітірген соң, темірдей тәртіпті талап ететін темір жол саласын таңдады. Осы салада қара жұмыстан бастап, басшылық қызметке дейін сатылап көтерілді.
– Қай салада болмасын, білім мен біліктілік қатар жүруі шарт. Ақтөбе темір жол техникумын, мұнан соң Алматы темір жол және коммуникация институтын тәмамдадым. Қызмет жолын 1976 жылы Сексеуіл локомотив депосында қарапайым жұмысшы болып бастадым. Әр жылдары инженер, бригадир, цех басшысы қызметтерін атқардым. Қазір «Қазақстан-Отын энергетикалық кешені» ЖШС-ның Сексеуіл филиалын басқарып отырмын. Қарап отырсам, 42 жыл бел жазбай жұмыс істеппін. Аллаға шүкір, еңбегім еленді. Ел бағасын берді,– деді ол.
Кәдірберген аға бір салада тоқтап қалған жоқ. 2001 жылы кәсіпкерлікке ден қойды. Алдымен шаруа қожалығын ашып, мал басын көбейтті. Қазіргі күні «Бедер» және «Мадияр» шаруа қожалықтарында ет бағытында жылқы мен түйе өсіруде. 2018 жылы Сексеуіл кентінен «Қарақат» сауда үйін ашты. Ақеспеде балық сақтауға арналған 300 тонналық тоңазытқыш алып, балық өнімін балғын күйінде жеткізуге де үлес қосып келеді.
– Қазір кәсіп жасаймын деген жанға мүмкіндік өте көп. Әсіресе жастарға жол ашық. Тек соны оңтайлы қолдана білу керек. Біздің жас күнімізде дәл қазіргідей мемлекет тарапынан қолдау болған емес. Жастар өздеріне жасалған осы жағдайларды пайдалана білу керек. Тіпті мамандықты дұрыс таңдай білу керек. Кейбір жандар бар оқу керек деген мақсатпен оқу оқып алып, дипломы сандықтың түбінде қалады. Өзі қара жұмыс істеп жүреді. Әрбір уақыт бағалы. Барыңды, білімің мен білігіңді өзің сүйген іске жұмсасаң, табыс өзі-ақ келеді, – деді.
Оны бәрі қайырымды жан ретінде жақсы біледі. Алдына жәрдем сұрап барған адамды бос қайтармайтын мәрттігін бағалайды. Ел аузында оның қайырымдылық ісі жайлы жиі айтылады. Әкенің қанымен бойға сіңген жомарттығы ісінің берекелі болып, кәсібінің кеңеюіне де септігін тигізіп отыр. Өйткені елдің батасын алған ердің тілеуін тілейтін тілекші жандар жетерлік. Өзі жасаған жақсылығының көбін айта беруді жөн көрмейтін жан. Тек бір жесір әйел мен жетім балаларға баспана салып берген оқиғасын ғана ашып айтты.
– Қазақ – жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған халық. Елдің іші шағын болған соң, оның үстіне бар өміріміз осында өткен соң ауылдың халқын жақсы танимыз. Бірде өзімнің жаңа кәсіптік нысанымның іргетасын қалап жатқанмын. Сырттан жалдамалы жұмысшылар алып келіп, құрылыс басында жүрген кезім еді. Аралдың құмды желі көз аштырмай тұрған бұрқасын. Жаздың аяқ тұсы болатын. Құрылыс басына ойнап жүрген кішкентай балалар да қызықтап келді. Содан әлгі балалар өздерінше қызықтап әңгіме қылып тұр екен. «Кімнің баласысың?» деп қазақы әдетпен жөн сұрастық. «Маралдың» деді балалар. Марал деген әлгі қайтыс болған азамат болатын, артында жесірі мен үш жетім баласы қалды. Бұрын да үйінің апатты жағдайда тұрғандығын айтып, ауыл азаматтарын ұйымдастырған едім. Жаңа үй салып алдыңдар ма? деп сұраған едім, балалар: «жоқ, үйіміз құлап қалды» деді. Содан бар шаруаны тастай салып, бір құрылысшы маманды жаныма ертіп алып әлгі үйге бардым. Барсам, шынымен үйдің бір шеті құлап қалған, әйелі далада ас әзірлеп жүр екен. Сол жерден орын белгілеп, құрылысқа қажетті материалдарды алдырып, бар жұмысшымды жұмылдырып, бас-аяғы 1 айға да жетпейтін уақытта шағын үй салып бердім, – деген ағамыз, өзінің бұл ісін елдің адамы болған соң парызым деп біледі. Балаларын да осы тәрбиеге үйреткен.
– «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген. Жоқ-жітікке болысу, қайырымдылық жасау – бізге парыз. Жылда зекет беруді міндет деп санаймын. Сондықтан балаларға да мұны қатаң ескертіп отырамын. Өткен жылы қарамағымда жұмыс істеген бір жігіттің үйі құлап қалып, көмек сұрап келді. Құрылысқа қажетті барлық шығындарын есептеттім де, қаржылай көмек көрсеттім. Жылда оқу жылы басталар алдында бір оқушыны бастан-аяқ қамтамасыз етуді мойныма алғанмын. Өзіме болсын дегеннің өзегі талады. Алла бізге өзгелерге де қайырлы іс қылсын деп мол несібе берді. Дүние деген бүгін бар, ертең жоқ, уыстағы құм секілді. Бұл жалғанда бар кезінде қайырлы іс қылсаң, ел абыройыңды өсіреді. Халықтың ағеден көңілінен артық не құрмет бар, – дейді Кәдірберген аға.
Бұдан бөлек, биылғы жылы Алланың үйі – мешіт құрылысына да атсалысуда. Бұған дейін мешіт жанынан асхана мен имандылыққа бет бұрған балаларға арнап дәріс алу орталығын салып берген болатын. Енді мешіттің кішілігі сезілген соң, 1000 орындық мешіт құрылысы жұмыстарын жүргізуге қажетті материалдарын алып қойған. Күн жылынса, құрылыс жұмысы басталмақ. Өзі тіктеген шаңыраққа бақ дарытқан азамат жары Базаркүл екеуі 3 баланы өмірге әкеліп, бәрін қанаттандырды. Қазір немеренің қызығын көріп отыр. «Сізді не қынжылтады?» деген сауалған ағамыз:
– Адамдардың масылдық көзқарасы. Мен депутат болған соң елдің арасында болып жатқан түйткілді мәселеге жиі құлақ түріп жүремін. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан әлеуметтік көмектерді місе тұтып, өздері жұмыс істегілері келмейді. Қазір мал бағатын малшы, балық өңдейтін балықшы, сауыншы таба алмайсың. Қомақты жалақы ұсынсаң да, барғысы жоқ. Сондағысы: «үкімет атаулы көмек бермей қояды» дейді. Міне, ұлт үшін бұл үлкен проблема. Тіпті қоғамның бұзылуы да осыдан басталады. Хакім Абай: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» демеп пе еді?! Мұның астарында үлкен мән жатыр. Тіпті ұрпақ тәрбиесіне де кері әсерін тигізбей қоймайды. Бала ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі. Үйде ата-ананың бала бағу үшін тер төгіп, бейнеттеніп жүргенін көріп өскен баланың ата-анаға деген құрметі де ерекше, қадірі де биік болады, – деді.
Қаршадайынан алдына аласармас мақсат қойған, сол мақсатқа жету жолында талай белесті бағындырған азаматты көрдік. Қандай жетістікке жетсем де әуелі Алла, сонан соң халықтың арқасы дейтін кішіпейіл жанмен таныстық. Бүгін әңгімеге арқау болған Кәдірберген Бедердің қайырлы ісі мен ел үшін еткен еңбегінің айтылмай қалған тұстары да баршылық. Өзі көп мақтау мен мадақтауды жаны сүймейтін жан Алланың бергенін беру парызым деп санайды.
Назерке Марат
12 ақпан 2020 ж. 1 094 0