Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » САРАТС: Теңіздің жаңа тынысы

САРАТС: Теңіздің жаңа тынысы

«Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шула­ған», бүтін бір халықтың асыраушысы болған, Ресей ашаршылыққа ұшырағанда әлденеше шақырымдарға же­тетін вагондармен балық жібер­ген айдынды ана Арал­дың жағдайы қазір нешік?!
Аралға қастандық қол­мен жа­салғаны рас. Кеңес им­периясының көбесі сөгіл­геннен кейін бас-басына би болған кешегі бауырлас мемлекеттер бір-бірін тыңдаудан қалып еді. Жыл сайын Қиыр Шығысын топан су басып жататын Ресей ға­лым­дарының Сібір өзендеріне арна салып Аралға жіберейік деген бастамасын көршіге суыртпақ жіп қимайтын өзімшіл топ іске асыр­май тастаған. Басқа да іргелес елдермен осы ба­ғытта болған келіссөздер де нәтижесін бере қоймады.
Ен су үстін ба­сып өтетін Өз­бекстан өз жыртығын диқан­шылықпен жамауға тырысты. Әмудария мен Сырдарияның табаны тартылды. Байтақ елді асырап келген, қысылғанда қа­сық­тай су беруге өзімшіл ниеті жібер­меген Ресейді төңкеріс жылдары аштықтан аман алып қалған Арал су келмеген соң күн көзінде қа­лып тартылған көндей етек-жеңін жиып, жағалаудан алыс ке­тіп қалды. Тек, Қазақстанға ғана емес көршілес мемлекеттерге де экологиялық жағдай туды. Аралдан ұшқан тұз-тозаң мәңгі мұз басқан Арктикаға дейін барып жатыр деп ғалымдар дабыл қақты.
Егемендік алған жылдары Қазақстанның жағдайы да мәз емес еді. Сонда да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Аралды сақтап қа­лу үшін үл­кен тәуекелдерге бар­ды. Тоқ­са­ныншы жылдары Елбасы Аралд­ың әлемдік апат екендігіне дүниежүзілік қауымдастық на­зарын алғаш рет аударды. Пре­зидент бастамасы бойынша «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлі­гін сақтау» жобасы жүзе­ге асты. Бастама аясында жа­сал­ған жұмыстардың нә­ти­жесінде аймақтың әлеу­мет­тік-экономикалық дамуы жанданды. Әсіресе, ба­лық шаруашылығы серпін алып, аквамәдениет аяғынан тұрды. Бүгінгі таңда об­лыста жылына 11 мың тоннадан аса өнім шығаратын 8 балық өң­деу зауыты жұмыс істейді. Оның төртеуі соңғы 5 жылда салынған. Сондай-ақ «еурокод» белгісі бар 4 зау­ыт өнімі экспортталып, шекара асады. Өткен жылы 3410 тонна балық өнімі 9 мем­лекетке жөнелтілген. Бүгінде Ресей, Грузия, Әзер­байжан, Өзбекстан, Польша, Голландия, Дания, Германия және Қытай елінде Аралдың ба­лығына сұраныс бар.
САРАТС-2 (Сырдария өзе­нінің арнасын реттеу жә­не Арал теңізінің сол­түс­тік бөлігін сақтау) жоба­сы­ның 4 компоненті би­ыл рес­пуб­ликалық бюджет есе­бінен жүзеге асырыла бастайды. Премьер-Минис­тр Б.Са­ғын­таев­тың Арал ауда­ны­ның ак­тивімен кездесуінде об­лыс әкімі Қырымбек Кө­шер­­баев осы жағдайды айтқан.
Жиында Солтүстік Арал­ды сақтау және суармалы жер­лердің мелиоративті жағ­д­айын жақсарту жөніндегі жобаларды іске асыру мәсе­лелері талқыланды. Үкімет бас­шысы Арал өңірінің жағ­дайы әрдайым Елбасы назарында екенін жеткізді.
Елбасының бастамасы­мен өңірге серпін берген САРАТС жобасының екін­­ші кезеңі шеңберінде тұр­ғын­дардың қауіпсіздігін қам­­­­тамасыз ететін 4 компонент республикалық бюджет есебінен іске асырылады. Со­­­ның ішінде «Қызылорда» су торабын кешенді жөндеу, қор­ғаныс бөгеттерін нығайту, өзен арнасын түзету, Қазалы ауданындағы Бірлік елді мекенінің тұсында көпір салу қарастырылған. «Қы­зыл­орда» су торабын кешенді жөн­деу компоненті бойынша инвестициялық ұсыныс әзірленіп, Ұлттық экономи­ка министрлігіне жолданды. Аралды қалпына кел­тіруге байланысты ұлан-ға­йыр жұмыстар жасалып жат­­­қанымен, кейінгіге қал­дыр­­майтын, жақын аралықта шешуге тиісті мәселелер бар.
– Өткен ғасырдың елуін­ші жылдары салынған су торабы бүгінгі күні апатты жағдайда және оның үсті­­мен автокөліктердің жү­­руіне 2014 жылдан бастап тыйым салынған. Ол бұ­зылған жағ­дайда шамамен 400 мың адам тұратын Қызылорда қаласы мен үш аудан­ның аума­ғында 110 мың гек­тар суар­малы жер, 250 мың гектар шабындық пен жайылымдық сусыз қалады, 38 елді мекен­ді су басу қаупі туын­дайды, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Ал Қармақшы, Қазалы аудан­дарындағы қорғаныс бөгеттерін нығайту, Жалағаш ауданының «Тұрымбет» және «Қорғанша» учаскелерінде Сырдария өзенінің арнасын түзету компоненттері бо­йын­ша мемлекеттік сараптама нәтижесі күтіледі. Одан кейін аталған компоненттер республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылмақ. Қазалы ауданындағы Бірлік ауылының маңында автомобиль көпірін салу бағы­тында тиісті құжат әзір­леніп, бюджеттік өтінім Инвес­ти­циялар және даму минис­трлігіне ұсынылады.
Аймақ басшысы САРАТС-2 жобасын Дү­ние­жү­­зілік банктің қатысуы­мен жүзеге асыру жұмысы 12 жыл­­дан бері кейінге ше­геріліп ке­ле жатқанын, оны созу­дың енді жөні жоқ екенін айта келе, бір­қатар шараны қарастыруды ұсынды.
2005 жылы САРАТС-1 жо­­басы аясында салынған 13 шақырымдық «Көкарал» бөгетінің 135 метрін су шайы­п, мүжіп тастаған. Сырдария өзенінің Арал теңізіне құяр тұсындағы «Ақшоқат» учас­кесінде солға қарай жаңадан екі арна пайда болды. Осы­дан да өзен ағысы Кіші Арал те­ңізінің «Көкарал» бөге­тіне әсер ете бастады. Облыс әкі­мінің айтуынша, ол бұ­зылған жағдайда Кіші Арал теңізінің 27 млрд текше метр суы Үлкен Аралға құйылып, жаһандық экологиялық апат болуы әбден мүмкін.
Бұрынғы Қазақ КСР ба­­лық шаруашылығының ми­нис­трі Құдайберген Сар­жа­нов Аралға байланысты жақ­­­сылықтарға өз пікірін біл­дірді.
– Өткен жылы Орталық Азия елдері өкілдерінің қа­ты­суымен Қызылордада Арал­­­ды халықаралық тұ­рақ­ты дамыту форумы ұйым­дас­тырылды. Сонда Халық­ара­лық Аралды құтқару қо­ры­ның құрылған күні 26 наурыз «Арал теңізінің күні» болып белгіленді. Күні кеше біз қордың 25 жылдығын және «Арал теңізінің күнін» атап өттік. Оның сыртында бұрын дүркіреп өтетін Ба­лықшылар күні басқаша форматта, ауқымды көлемде қайта тойлана бастады. Бұл балықшылардың үміті мен сенімін оятты, – деді ол.
Жиын қорытындысында Премьер-Министр айтыл­ған ұсыныстар мен ой-пі­кір­­­­­лерді Мемлекет бас­шы­­сы­на жеткізетінін, те­ңіз­­ді тү­ле­тудегі қадам­дар қар­қын­­ды түрде жал­ға­саты­нын айт­қан. Содан бері Арал пай­да­­сына Үкімет тарапынан бір­­та­лай маңызды шешімдер қа­былданды.
Аталған жобалар респуб­ликалық бюджеттен және Дү­ние­жүзілік банк заемы есе­­бінен екі кезеңде жү­зеге асы­ры­латындығы жөнін­де Қы­зылорда облысы әкі­мі­нің орынбасары Серік Қо­жа­ния­зов аймақтық коммуника­ция­лар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Дүниежүзілік банктен қар­жыландыру рәсімдерінің созылуына байланысты Қы­зыл­орда облысы әкім­дігі­нің ұсынысы бойынша Үкімет САРАТС-2 жобасының ал­ғашқы кезеңін жүзеге асыру­ды республикалық бюджет есебінен Дүниежүзілік банк қаражатынсыз бастау жө­нінде шешім қабылдады.
Қызылорда су тора­бын кешенді жөндеу компо­нен­ті бойынша Ауыл шару­ашы­лығы министрлігі ин­вес­­тициялық ұсыныс әзір­­леп, Ұлттық экономика ми­нис­трлігінің экономикалық қо­ры­­тындысы алынды. Қар­жы министрлігіне жоба­лау-сме­та­лық құжаттар әзір­леу үшін 198 млн теңге бөлу жө­нін­де бюд­жеттік өтінім тапсырылды.
– Биыл республикалық бюджетті нақтылау барысын­да қаражат бөлу жоспарланып отыр, Су торабы 2019 жылдан бастап жөнделеді. Жа­лағаш ауданындағы «Тұ­рым­­бет» және «Қорғанша» учас­­келерінде Сыр­­дария өзе­­нінің арнасын түзету жә­не Қармақшы, Қа­­залы аудан­дарындағы қор­ғаныс бө­геттерін нығайту ком­по­нен­тері бойынша об­лыс­тық бюд­жет есебінен ЖСҚ әзір­лен­ді. Ол жөнінде 2018 жыл­ғы 28 наурыздағы мем­ле­кеттік сараптаманың қорытындысы бар. Жобалар «Су тасқыны қатерлерінің алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жыл­­дарға арналған шаралар ке­ше­ні» жол картасы шең­бе­рінде жүзеге асырылатын болады.
Қазалы ауданының Бірлік ауылы маңында автомобиль көпірін салуға облыстық бюд­жеттен жобаның ТЭН-ін әзір­леуге 20,9 млн теңге бө­лінді. ТЭН және ЖСҚ әзір­­ленгеннен кейін респуб­ли­­калық бюджеттен қар­жылан­­дыру үшін аталған ком­­понент Инвес­тиция­лар және даму минис­трлігіне ұсы­­нылады. Шара өңірлерді да­мыту бағдар­ламасы шең­бе­рінде 2019 жылдан бастап жүзеге асырылады.
Қамыстыбас пен Ақшатау көлдер жүйелерін қалпына келтіру компоненті бойын­ша іс-шаралар жасалып жатыр. Облыс әкім­дігі осы жы­лы көлдер жүйе­сін құ­жат­­­т­андырып, Су ре­сурс­­та­ры комитеті бөлім­ше­­сі­нің тең­геріміне береді. Ком­­­по­нент Су ресурстары ко­мите­ті­нің ағымдағы бюд­жет­­тік бағ­дарламалары шең­берінде іске асырылады.
– Балық шаруашылығы комитетінің ұсынысы бойын­ша аталған компонентке өз­герістер енгізіледі. Ба­лық өсі­ру питомнигінің тоз­­ға­нын ескерсек, бірінші кезек­те Қамыстыбас балық өсі­ру питомнигі қайта жаң­ғыр­­­тылады. Содан кейін «Тас­­­тақ» учаскесіндегі ба­лық өсіру тоғандары қайта жа­ң­­ғыртылады. Жұмыстар балық шаруашылығы коми­тетінің ағымдағы бюд­жеттік бағдарламалары шең­берінде іске асырылады. Осы­лайша Дүниежүзілік банктің заемынсыз САРАТС-2 жоба­сының екін­­ші фазасының бірінші кезеңін жүзеге асыру бойын­ша жұмыстар басталды деп ай­туға болады, – деді облыс әкімінің орынбасары С.Қо­жаниязов.
Арал проблемасы тек қа­зақ­­­­стандықтарды ғана алаң­­­­­­датып отырған жоқ. Қы­зыл­­орда облысында биылғы жыл­­дың басында Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағ­дар­ламасы аясында симпозиум өткізілгенде де Аралдың өткір мәселелері сөз болған.
Сонау толқыны жағаны ұрып мейманасы тасып тұр­ған шағынан Арал 2007 жы­лы он есеге дейін тарты­лып­ты. Тар­тылған аймақ тұз­ды шаңы қолқа қапқан шөлге айналған. Апатты жер ха­лықтың денсаулығына әсер ете бастаған соң жүздеген мың адам атақонысынан бас­қа жаққа ауа көшкен. Арал зар­дабы миллиондаған адам­дарға тиген.
«Арал теңізінің тартылуы салдарынан экологиялық апат­пен қоса әлеуметтік-эко­­номикалық проблема да бе­лең алды. Тәуелсіздік ал­ған алғашқы жылдары ел­дегі экономикалық қиын жағ­дайға қарамастан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан Арал проблемасына өлшеусіз қолдау көрсетілді. Құрғап бара жатқан теңіздің қоршаған ортаға кері әсерін азайту үшін және Арал теңі­зінің Қазақстандағы аума­ғы­ның мәселелерін шешу мақ­сатында тиісті шаралар қа­былданды. Аралды құт­қаруға бағытталған шара­лар­дың ең үздігі, халық ара­сында «Ғасыр жобасы» аталып кеткен «Сырдария өзе­нінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал бөлігін сақ­тау» жобасы болатын. Бұл Тұң­ғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бас­тама­сымен және Дүние­жү­зілік банктің қол­дауы­­мен жү­зеге асты», деді Қызылорда об­лысының әкімі Қырымбек Көшербаев.
«Қазақстан Арал теңізінің құрғауы салдарынан болатын проблемалармен күресте айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді». Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы тұрақты үйлес­­тірушісі және БҰҰ ДБ-ның тұрақ­ты өкілі Норимаса Ши­момура осылай деді.
– Біздің қызмет аясына Арал теңізін бұрынғы қалпына келтіру және эко­ло­­гиялық мәселелерін то­лық жою кірмейтіні құпия емес. Дегенмен біз осы проб­­леманың қоршаған ор­таға және осы аймақта әрі оның сыртында тұратын мил­лион­даған адамдарға жой­қын әсерін жергілікті ха­лық үшін әлеуметтік және эко­но­микалық көмекті барынша арттыру арқылы азайта аламыз. Ендігі жұмысымыз аймақ тұрғындары үшін ла­йықты жұмысқа орналасып, үздік сапалы әлеуметтік қыз­меттерді алуға, өмірлерін жа­қсартуға көмектесу, – деді ол.
Бүгінде мемлекет тарапы­нан жасалып жатқан жұ­мыстардың нәтижесінде Арал теңізіне байланыс­ты ауқымды іс-шаралар атқа­рылды. Мәсе­лен, 2003 жылы теңіз бен қаланың аралығы 70 шақырым болса, қазір бұл қашықтық 17 ша­қырымға дейін қысқарды. Он бес жылда ауданда балық аулау көлемі 83 есе артты. Бұ­рын балықтың тек 7 түрі қалса, былтыр олардың саны 22-ге көбейді. Қазіргі кезде об­лыста 8 балық өңдеу зауыты жұ­мыс істеп тұр. Оның 4-еуі соңғы 5 жылда салынған.
Аралдың жандануы аудан­­­ның әлеуметтік-эко­но­микалық дамуына оң әсе­рін тигізді. Өнер­кәсіп орын­дарының саны 3-тен 7-ге көбейді. 2003 жы­лы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъек­ті­лерінің саны 874 болса, 2017 жылы олардың қатары 3266-ға артты. Пайдалануға берілген тұрғын үйлер саны 2 есе өсті. Соңғы 15 жылда 29 меди­цина­лық мекеме мен 31 мектеп салынды. 2003 жылы 7 балабақша болса, бүгінде бұл көрсеткіш 52-ге өсті.
Уақытында әлемдегі те­ңіздердің бірегейі болған Аралға осылайша жан бі­тіп келеді. Еламан мен Қа­лендер ашық теңізге шық­қан айдын­ның өгіздей өкір­ген долы толқындары жаға­лау­ды ұра­тын кезде алыс емес сияқты.
Бақтияр ТАЙЖАН,
05 желтоқсан 2022 ж. 282 0