Адал еңбектің айнымас досы

Біздің балық аулауға барған жердегі өзен-көлді жағалай қоныс тепкен елді мекендегі жергілікті басшылық кәсіби шебер біздің балықшылардың өнімді жұмыстарына қызғаныш көзбен қарағандай кедергі жасады. Уақыт өте мұндай жұмыстың нәтижесі көңіл көншітпей, комбинаттың болашағы бұлыңғырлана бастады. 1500 адамды қысқартып, 200-300 адаммен камбала аулап көрсек деген де ойлар келген. Соншама жанды бір сәтте жұмыстан қысқартып, қаншама отбасын нәпақадан айыру да оңай шаруа емес. Біреудің өзі таныс, біреудің көзі таныс дегендей, бәрі - ауылдас, ағайын адамдар. Ойлана-ойлана келе, Аралдың жұмыс жасап тұрған бірнеше мекемесін жекешелендіріп алған Құлмұратов Көшербай деген азаматты өзіміз тауып алып, оған комбинаттың акцияларын беруді ұйғардық. Балық комбинатының жұмысшыларын күнкөріс көзінен айырмай, іркіліп қалған жұмыс ырғағын қалпына келтіруге әрекет жасайды деген сенімде болдық. Бірақ ол алаяқ болып шықты. Приозерскіде Әбекең «Нұрбалық» кәсіпорнының директор қызметін атқарды. Сонда мұздатқыш салып, Арал ауданынан балықшы апарып, бір-екі жыл балық аулады. Бірақ елді сағынған Әбекең бір күні жергілікті жердің бір азаматына мекемені тапсырып, ауылға қайтып келді. Оның бұл шешімін мен де мақұл көрдім. Себебі, осы уақытта Президенттің қолдауымен САРАТС жобасы жасалынып жатты. Біз осы жобаны қолдап, бұрыннан ұсыныс-пікірлерімізді айтып жүргендіктен, оған атсалысуды орынды көрдік.
Еліміздің балық өнеркәсібі дамыған тағы бір өлкесі Атыраумен бұрын ешқандай байланысымыз жоқ еді. Оған себеп Атыраудың балық шаруашылығы Кеңес үкіметі тұсында тікелей Одақтың астанасы Москваға қарады. Еліміз егемендік алғаннан кейін, бұл шаруашылық та Қазақстан экономикасына жұмыс жасай бастады. Соны пайдаланып, «Атыраубалық» комбинатына қарасты балық колхоздарының басшыларымен танысып, Қиғаш өзенінің бойында балық тұздайтын лабаз салмақ болдық. Әбекең комбинаттың он шақты жұмысшысын бастап барып, құрылысқа қызу кірісті. Алғашында Атырау азаматтары қызғанып, құрылыс жүмысының қарқынды жүруіне кедергі жасап бақты. Әсіресе, «Атыраубалық» комбинатының бас директоры Алиев ағамыз. Әрине, оларды да түсінуге болады. Ұзын сөздің қысқасы, жаңадан облысқа әкім болып келіп жатқан Бердібек Сапарбаевқа өтініш айтып, Атырау облысының әкіміне телефон соқтырып, соңғы 50 тонна көксерке аулауға рұқсат алдық. Бірақ та Әбекең жігіттермен келісіп, оны 150 тонна етіп, Аралға жеткізді. Ол да болса, кәсіпорынның жұмысшыларына көмек болды.
Біз Әбекең екеуміз Приозерск балық зауытынан ауысып келгенімізде, Аралдағы балық комбинатының қаңқасы ғана қалған екен. Сонымен 2000 жылдың март айында мен «Қамыстыбас балық питомнигі» республикалық мемлекеттік кәсіпорынға басшы болып келдім. Сол күннен бастап, Әбекең питомниктің өндіріс басшысы болып бекіді. Енді питомникті көтеру керек болды. Жұмысшылар жалақысына берешегінің өзі 2,5 миллион теңгеге жеткен. Электр жарығының шығындарына 500 мың теңге қарыз болғандықтан, орталықты ток жүйесінен ажыратқан. 1999 жылы бөлінген қаржы 5,8 млн теңге екен. Сонда да Әбекеңді өндіріс басшысы ретінде жұмысқа қабылдап, екеуміз жұмысқа бел шеше кірісіп кеттік. Содан бері атқарылған жұмыстар халықтың көз алдында.
2010 жылы зейнетке шыққанда, питомниктің қаржысын 200 млн теңгеге жеткіздік. Жүргізілген құрылыстарға Әбекең басшылық жасап, өз қолтаңбасын қалдырды. Соның ішінде көзге көрінетіндері - сыйымдылығы 100 тонна мұздатқыш, реконструкциясы Израйльдің МАШАВ қоғамымен жасалынған инкубцехы, спорт және демалыс кешені, жаңа офис. 2005 жылдың 27 сәурінде Елбасы Н. Ә. Назарбаев Арал ауданына жасаған сапарында Қосжарға арнайы келіп, кәсіпорынды аралап көріп, жұмыс барысымен танысып, атқарылып жатқан істерге көңілі толып, риза болған. Міне, осының бәрінде Әбекеңнің еңбегі және үлесі бар. Көкарал бөгеті салынып, 2005 жылдан бастап кіші Аралдан балық аулау толқыны басталды. Сонда да Әбекең балықты өңдеу керектігін айтып, ақыл берген. Тас-талқан болып, талан-таражға түскен комбинаттың бұрынғы мұздатқыш ғимаратын сатып алып, оны реконструкция жасау, сөйтіп, балық өңдеу цехын салу көзделінді. Мемлекеттен қаржы бөлінуі белгісіз, сол себептен жеке қаржыға жұмыс жасауға тура келді. Несие алу мақсатында Шымкенттегі әлеуметтік корпорацияға өзім 8 рет барсам, Әбекең 2 рет барды. Оны да дер кезінде шешіп, міне, қазір де балық өнімінің құны бір миллиард теңгеден асқан зауыт жұмыс жасап жатыр.
Сөзімді қорыта келе айтатыным, «жақсының қасында жүрсең жақсы іс көресің, жаманның қасында жүрсең жаман түс көресің» дегендей, Әбекеңнің қасымда ақылшы аға болып жүргені маған үлкен қолдау болды, талабым жүрді. Әбекең де осы жұмыстардың игілігін көрді, бала оқытты, Алматы қаласынан балаларына үй салып берді. Немерелері де үлкен азамат болып келе жатыр.
Әбекең өмірде өз үлесін алған адам, сыйлы болды. Жатқан жерің жайлы болсын, Әбеке!
Әйімбетов Әділбек, «Арал сервистік дайындау орталығы»
ЖШС балық зауыты бас
директорының кеңесшісі