Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Байланыс саласының білгірі

Байланыс саласының білгірі

«07 нөмері арқылы өтетін желілік байланыстың кезі қазіргі аға буынның есінде болар. Біз ол кезде жас болдық. Аудандық пошта деп аталған мекемеде телефонистка болып қызметке келген кезім. Талай мәрте алыс-жақын шет елдермен байланыс орнатып, елге жететін жақсы жаңалықтардың жаршысы болдық. Жан-жақты байланыс орнатуымыздың нәтижесінде салалық министрлік тарапынан ай сайын грамоталар мен көтерме сыйлықтар алып тұрдық. Сол жемісті еңбектің арқасында халықтың қажетін өтедік деген ойдамын», – деп сөзін бастады Жеңіс Тәңірбайқызы. Оңтүстік аумақтық телекомуникация дерекциясына қарасты аудандық желілік техникалық цехының сату бөлімінің маманы болып қызмет атқарған Жеңіс апаның қырық жылдық қызметі мен өнегелі өмірін бүгінгі әңгімемізге арқау етпекпіз.
А.Қарасай
Сонау 1961 жылдың 9 мамырында жарық дүние есігін ашқан Жеңіс Тәңірбайқызы саналы ғұмырының 40 жылдан астам уақытын бір салаға, оның ішінде байланыс және ақпарат саласына арнаған. Еңбекпен есейген жанның сонау кеңес заманынан келе жатқан өзіндік қағидасы, бұлжымас тәртібі бар. «Ең бастысы жауапкершілік жүгін сезіне білу керек» дейді тәжірибелі маман. 1979 жылдың қыркүйек айында аудандық пошта деп аталған мекемеге телефонистка болып жұмысқа қабылданған. Ол кезде аталған мекеменің бастығы Қайберен есімді соғыс ардагері. «Алғаш жұмысқа тұрғанда қалааралық байланыс аға телефонистка А.И.Лоскутованың қарамағына келген едім. Одан бөлек С.Қарашаева, М.Абдулаева есімді телефонистка апалардың біраз тәлімін алдым. Ол кездегі басшылардың да біз үшін орны бөлек еді. Жұмысқа деген адалдығы өз алдына, іштегі тәртіпті темірдей ететін қатал басшылардың қарамағында болдық. Менің алғаш қызметке қабылданып, өзіме жүктелген міндетті жұмыстарды жемісті атқаруыма сол кісілердің еңбегі көп сіңді деп айта аламын», – дейді зейнеткер байланысшы. Жастайынан қызметке келіп, халық арасындағы тығыз байланыстың себепкері болған Жеңіс Тәңірбайқызының қашанда жұмысқа тиянақты, өз қызметіне адал екендігін бірнеше мәрте байқаған да болатынбыз. Халыққа үздіксіз қызмет ұсынылатын жауапты саланың жанашыр жаны бүгінде отбасының мәуелі бағына, ұл-қыздары мен немерелерінің қадірлісіне айналып отыр. – Біз қызмет атқарған мекеме 1994 жылы «Қазақтелеком» болып өз алдына мекеме атанды. Сол уақыттан бастап байланыс дами бастады. Мен жеке абоненттердің операторы болдым. Өткен ғасырдың соңғы жылдарынан бастап, кешегі 2016 жылға дейін өзім қызмет атқарған мекеменің кәсіподақ ұйымының төрайымы болдым. Сол кезде жас болғандықтан шығар, бәріне үлгеретінбіз. Кейін уақыт өте жас келе бастады. Кейде шамадан тыс тапсырмалар мен қауырт жұмыстардың барлығына қалай үлгергенбіз деп іштей ойланамын. Аллаға шүкір ол еңбектеріміз де ескерусіз қалмады. Қанша екенін қайдам, өз басымда әйтеуір марапаттан көп нәрсе жоқ, – деп өткенін еске алады Жеңіз апа. Талай буынның тәлімінен сабақ алып, өзінен кейінгі көптеген буынды байланыс саласының қыр-сырына баулаған кәнігі маманнан аталған мекемеде үлгі алмаған жан жоқ шығар. Қазіргі оңтүстік аумақтық телекомуникация дерекциясына қарасты аудандық желілік техникалық цехының сату бөлімінің бастығы М.Жалғасбекова, оператор апайлар А.Бекмурзина, С.Керімбердиева, З.Сейтмамбетова, Т.Қосымова және Л.Рысбаевалар қызметте жол көрсеткен Жеңіс сынды өз ісінің шеберін үлгі тұтады. Еңбектегі ұстазын құрметтеп, қай жерде, қай уақытта болмасын күлімдей қарсы алады. – Шүкір жұмыстас болған жандардың барлығына разымын. Өзімнен кейінгі әріптес іні-сіңілдерім осы кезге дейін алдымнан кесе өткен емес. Қызмет болған соң түрлі жағдайлар болып тұрады. Десе де жұмыстастар менің көңілімді қалдырған кезі есімде қалмапты. Демек ондай сәт болмағаны ғой, – деп күліп алды. – Мен осындай ортада еңбек еткеніме қуаныштымын. Қазіргі ІТ саласын түсіну уақыт өткен сайын қиындап барады. Қайткенмен цифрлы Қазақстан дәуірі басталды. Ендігі жұмыс жастардың қолында, – дейді өнегелі әулеттің отын маздатқан адал жар, аяулы ана, асыл әже. Өмірлік серігі Қуаныш ағамызбен бірге өмірге әкелген үш перзентінің қызығына кенеліп отырған бақытты жан - ұяның бүгінгі көрінісі басқалар қызығарлықтай. Үлкені Бақтияр мұнай саласында еңбек етсе, қолындағы ұлы Данияр да вахталық әдіспен еңбек етеді. Гүлжайна есімді қызы темір жол саласында. Бұл әулетке мың жылдық құда болған жандардың да жарасымды тірлігі тонның ішкі бауындай бірлік пен татулыққа негіз болатындай. Бастысы балаларын бақытқа балайтын бұл отбасының өрісі кеңейген. Бұдан асқан бақыт бар ма?!
22 қаңтар 2020 ж. 387 0