Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік: Бірлік және ынтымақ

Тәуелсіздік: Бірлік және ынтымақ

Әлемдегі кез келген ұлт үшін ең үлкен байлық, ол – тәуелсіздік. Қазақстан тәуелсіздіктің көк туын желбіретіп, тарихи даму сатысының әр кезеңіне қадам басқан сайын өткеніне шүкіршілік айтып, болашағын бағдарлау үстінде. Тәуелсіздік – еш нәрсемен салыстыруға келмейтін ұлы нығмет. Тек тәуелсіздігі бар ел ғана ойындағы асқақ армандарын жүзеге асырып, жарқын өмір сүре алады. Ана тілі, салт-дәстүрі мен мәдениеті сынды баға жетпес құндылықтары арқылы тәуелсіздіктің шоқтығы қашанда биік тұрады. Біздің еліміз де өз егемендігін алу жолында сансыз қиын кездерді еңсерді. Ғасырлар бойы жүргізілген тынымсыз күрес пен қайтпас қайсарлық бабаларымыздың аңсары – бүгінгі азат күнге жеткізді. Сол нәубетті жылдар мен қақтығыс-қантөгістер ұлтымыздың жадында сақталары сөзсіз. Аузы дуалы хан мен билердің, білек күші мен жүрек күші бірінен бірі өткен баһадүр батырларымыздың, кешегі ызғарлы желтоқсанда жандарын пида еткен боздақтарымыздың қанымен келген Тәуелсіздік – сіз бен бізге аманат. Солардай есіл ерлердің арқасында ешкімге тәуелсіз, тұғыры биік егеменді ел болып отырмыз.
Жаратылыстың ең ардақтысы – адам баласы. Ал адамзат үшін ең басты байлық – оның еркіндігі мен азаттығы, елінің тәуелсіз болғаны. Ислам діні тәуелсіздікті бағалап, құрмет тұтуға шақырады. Алла тағала пенделерін өзінің хақ дінін қабылдауға мәжбүрлемеуі кез келген адамға үлкен сабақ екені сөзсіз. Бұл пікірімізге қасиетті Құран Кәрімдегі: «Қалаған кісі иман келтірсін, қалаған кісі қарсы келсін...», – деген аяты дәлел болады. Бұл аяттағы Жаратушының пенделеріне немқұрайлылық танытуы немесе жаны ашымауы емес, керісінше бұл өмірдің мәні мен тепе-теңдігі еркіндік пен азаттықта жатқанын, соның нәтижесінде жер бетінде бейбітшілік орнайтынын Жаратушымыз жақсырақ білгендіктен, тәуелсіздік негізгі құндылық екенін ескерткен. Бұл аяттағы тәуелсіздік, жеке адамның бас бостандығымен қоса, әр мемлекеттің де тәуелсіз болуына айқын дәлел бола алады. Ал ақыреттегі игілікке тек имандылар ғана қол жеткізетіндігі турасында әр мұсылман үшін Құран мен хадисте бұлтартпас айғақтар бар.
Ислам діні тәуелсіздіктің діні екендігін мына аяттан да көре аламыз: «Дінде зорлық жоқ», – деген аятта ешбір пендені Ислам дініне зорлықпен мәжбүрлеп кіргізуге және діннің жоралғыларын да мұсылманға күштеп орындатуға болмайтындығы айтылып тұр. Бұл дегеніміз – ақиқат діннің өзі тыныштықпен береке-бірлікте дамып, өркендейтінін көрсетеді. Осы ретте еліміздегі халықтардың бірлігі мен ынтымағын, достығы мен татулығын сақтап, қолымыз жеткен тәуелсіздікті баянды етіп, ел іргесін қымтау мақсатында мемлекетіміз біршама оң қадамдар жасады. Алдымен түрлі діндер мен діни ұйымдардың қызметін назарға алып, белсенділіктерін заңмен реттестірді. Ең бастысы – Қазақстан өзін мекендеген этностардың тілі мен діни сеніміне, мәдениетіне құрмет көрсетуді еліміздің тұрақтылығының алғышарты деп біліп, конфессияаралық төзімділік пен түсіністікті дамытуға баса көңіл бөлді. Айқын айғақ ретінде Тұңғыш Президенттің өзі бас болып, жүйелі түрде өткізіп келген әлемдік діндер басшыларының съезін атауға әбден болады.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өнегелі өміріне үңілсек, тәуелсіздік пен азаттыққа аса мән бергенін білеміз. Тіпті, мұсылман қоғамының он жылдық тәуелсіздігі үшін Худайбияда көптеген әділетсіз, мұсылмандық пен адамгершілікке сәйкес келмейтін мүшриктердің шарттарына көніп, келіссөз жасасты. Сонда мүшриктер тарапынан Сұхайл «Мұхаммед – Алланың елшісі» деген сөзге келіспеді. Али (р.а) қолындағы қаламын лақтырып жіберіп: «Алланың атымен ант етемін! «Алланың елшісі» деген сөзді өшіре алмаймын», – деп, мүшриктердің озбырлығына төзе алмады. Келісім бойынша елін, жерін сағынып жеткен мұсылмандар сол жылы Мекке қаласына кіре алмады және қажылық міндеттерін де өтеуге келісім бермеді. Келесі шарттарында Меккеден Мәдинаға барғандар, тіпті мұсылмандықты қабылдаса да кері қайтарылатын болды. Ал Мәдинадан Меккеге барғандар кері қайтарылмайды деп шарттасты. Келісімге келіп болғанда, қаншама уақыт мұсылман болғаны үшін қорлық көріп, қамауда болған Сұхайл бин Амрдың ұлы Әбу Жандал Меккеге қайтты. Бұл әділетсіздіктердің барлығы пайғамбарымыз бен сахабаларының жанына қатты батқанымен, қоғамның он жылдық тәуелсіздігі үшін шыдамдылық танытып, келісімге келген болатын. Өйткені тыныштық пен тәуелсіздік арқылы көптеген ізгіліктерге жол ашылатын еді. Пайғамбарымыздың уақытында әлемде құлдық мәселесі белең алып тұрған болатын. Алланың елшісі Ислам дінінің, мұсылман қоғамының тәуелсіздігімен қоса, әрбір адамның тәуелсіз өмір сүруі үшін аянбай еңбек етті. Нәтижесінде, адамзат қоғамында «құлдық» деген түсінік мүлде қалмады. Қоғам адамнан құралады, ал әр адамның азаттығы елдің тәуелсіз болуын білдіреді. Ислам дінінде азаттық пен еркіндік туралы сөз қозғалғанда, адамның ойына келгенді жасай беруіне рұқсат дегенді білдірмейді. Керісінше, әрбір пендеге саналы түрде тәуелсіздіктің үлкен аманат екенін сезінуді, оның қадір-қасиетіне жетіп, шүкірлік етуді ұсынады. Құран Кәрімде: «Біз аманатты аспандар мен жерге және тауларға ұсындық. Оны (аманатты) көтеруден олар қорқып бас тартты. Алайда ол аманатты көтеруді адам (өз мойнына) алды» делінген.
Бұл жердегі «аманат» сөзі – еркін жолмен, өз қалауынша жүру, ерікті болу, адам азаттыққа ие бола тұра, Жаратушының көрсеткен жолымен жүру дегенді білдіреді. Кімде-кім осы қасиетті дұрыс пайдалана алса, өз тұрмысына сай жер бетінде мамыражай бейбіт өмір сүрсе, Жаратушыға шексіз алғысын білдіре отырып, аманатты өз жолымен атқарған болса, ол адамзатқа Алланың ерекше мейірімі түсіп, жақсылыққа ие болары сөзсіз. Ал екінші жағынан бостандықтың, азаттықтың қадірін білмесе, бұл ерекше қасиетті орнымен, дұрыс пайдалана білмей, жер бетінде бұзақылыққа, бүлікке, басқа да керағар әрекеттерге баратын болса, Алланың алдында жауап беретіндігі тағы бар. Міне, адамның басқа жаратылыстан ерекшеленіп тұруы осы қасиетте. Адам «Жаратушының заңын ұстана отырып, еркіндікте өмір сүре аламын» деп, сол заманнан бері осындай қадір-қасиетке ие болып келеді.
Жаратылғалы өмірден тағылым ала білген кез келген пенденің тәуелсіздіктің қадіріне жетуі, бағалай білуі күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Әсіресе, азаттықтың қадірін бөгдеге тәуелді жандар жақсырақ түсінеді.
Біз бүгінгі таңда ата-бабаларымыз аңсап кеткен тәуелсіздіктің арқасында қол жетпес құндылықтарға кенеліп отырмыз. Мойындау керек, еліміз егемендік алғалы Ислам діні жан-жақты дамып келеді. Кезінде қылыш ұстап тұрып, құптан оқыған мұсылман қауымы бүгінгі біздің заманымыздағыдай ештеңеден қаймықпай, алаңдамай ғибадат, құлшылықтарын жасайтын күнді аңсаған еді десеңізші! Біздің бабаларымыз да емін-еркін қол қусырып, сәждеге басын қоятын күнді зарыға күткені де жасырын емес. Ал бүгін ше? Тәуелсіздікпен бірге дінімізбен қауыштық, ұмытыла бастаған ұлтымыздың тілі тірілді, дәстүріміз бен мәдениетіміз қайта жаңғырды. Осының бәрі – тәуелсіздіктің жемісі. Бұны атабабамыздың тақуалығы мен жүрегіндегі Аллаға деген сенімінің пәктігіне орай, мейірімді Раббымыздың бізге берген сыйлығы деп түсінгеніміз дұрыс. Осы қасиетті құндылығымызды атадан балаға, баладан ұрпаққа қалдыруға үлес қосу кез келген саналы адамға міндет болады. Ол үшін әрқайсымыз саналы, мейірімді, ізгілікке жаны құштар, ілім сүйгіш, еліне жанашыр, қоғамның асыл құндылықтарын қара басының қалауынан жоғары қоя білетін жан болғанымыз абзал.
Аласапыран күндер артта қалып, өркениетіміз бен мәдениетіміз гүлденген мына заманда бағындырған биіктеріміз көп. Күн санап қарыштай дамып келе жатқанымызды айқын сезінеміз. Алайда сенім, жанашырлық, обал-сауап, ұят сынды қасиеттерді, ар мен ұятты аяқасты қылып, пендешілікке көбірек бой алдырып жатқандаймыз. Әркім қара басының қамымен күн кешсе, келешегімізге көлеңке түсуі де ықтимал. Дегенмен, «аққа Құдай жақ» дегендей, Алла тағала тәуелсіздік атты ең ұлы сыйын, ақ жүректі, кеңпейіл, ізгі қоғамға беретіндігін естен шығармаған жөн.
Ұланғайыр қазақ жерінде ең бақытты заманда ғұмыр кешіп отырғанымызды естен шығармай, Алла тағалаға күні-түні шүкірлік айтсақ та аз болмас. Алла тағала еліміз бен жерімізге тыныштық, береке бергей. Тәуелсіздігіміздің тұғырын биік, еліміздің егемендігін мәңгі еткей!
Н.КЕҢЕСХАНОВ,
аудандық орталық мешіттің найб
10 желтоқсан 2022 ж. 607 0