Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұңғыш Елбасы мақаласы Тәуелсіздіктің қастерлі ұғым екенін айшықтап берді

Тұңғыш Елбасы мақаласы Тәуелсіздіктің қастерлі ұғым екенін айшықтап берді

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі қарсаңында «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы жарық көрді. Бұл мақалада Елбасы өз халқын айтулы мерекемен құттықтай отырып, осы орда бұзар отыз жыл уақыт аралығында жас мемлекет Қазақстанның бағындырған белесі мен асқан асуы толағай екенін тілге тиек етті.
Ендеше, мақаламен танысқан кез келген азамат басты құндылығымыз – Тәуелсіздіктің бізге оңайшылықпен келмегеніне көз жеткізеді. Мен де мақаланы оқи отырып, еліміздің Тәуелсіздігі жолында жүріп өткен жолына көз жүгіртіп, бірлігіміз бекем, еңбекқор, жаңашылдыққа бет бұрған қоғам болуымыз керектігін ұғындым.
«Азат еліміздің жастары тәуелсіздікке барар жолдың қандай азапты болғанын, қандай құрбандықтар мен сынақтар – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, азамат соғысы, ашаршылықтың алапат екі толқыны, қуғын-сүргін мен репрессиялар, Ұлы Отан соғысы, тың игеру жылдарындағы жаппай қоныс аударудың зардабы арқылы жеткенімізді білуі керек. Мұның өзі өткен тарихты қастерлеп, одан сабақ алу үшін қажет. Менің «Тәуелсіздік – бабалар қанымен келген киелі құндылық» дейтінім осыдан» дей отырып, «Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан ғасырлық күресінің заңды жалғасы, халықаралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берілген сыйы» деп, ойын түйіндеді.
Осы орайда Тұңғыш Президент: «Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екендігіне кәміл сенемін» деп айтқандай, еліміздің ертеңіне бек сеніммен қарайтынымды жеткізгім келеді.
Батырхан ПРЕКЕЕВ,
аудандық мәслихат депутаты
13 желтоқсан 2021 ж. 608 0