Тәуелсіздіктің тұғыры биік

Биыл еліміз арайлы азаттығының 31 жылын артқа тастап отыр. Осы жылдар ішінде елімізде көптеген оң өзгерістер орын алды. Өз алдына отау тігіп, егемен ел, дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындыққа кезіксе де мықты әрі берік төзімділіктің арқасында төрткүл әлемге өзінің өркениетке деген үмітін мойындатты. Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған кең-байтақ жеріміз, тіліміз, мәдениетіміз тек қана рухы мықты қазақ елінің бірлігі мен ынтымағының арқасында сақталды.
Бүгінде тарих толқынында талайды бастан кешірген қазақ елі өз тәуелсіздігін алған тұста дұрыс таңдау жасағандығын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық жағдайында Қазақстан жылдам қарқынмен әлемдегі алдыңғы қатарлы жетекші елдердің қатарына қосылып келеді.
Барлық жетістіктер қазақ халқының егеменді заманда өркендеуі, әлемдік қоғамдастық пен дүние жүзінің дамыған озық мемлекеттерімен тереземіз тең, бақуатты елдермен бірдей қарым-қатынас жасау жетістіктеріміздің бастауы – біздің мемлекеттің Тәуелсіздігінде.
Ұзақ жылдар білім саласында еңбек еткен соң, бұл саладағы оң өзгерістерге тоқтала кеткенді жөн деп білемін. Ұстаз қауымына "Педагог мәртебесінің" берілуі, артық жүктемеден босатылуы өз алдына, жалақы мәселесі де оң шешімін табуда. Қазір білім мен білік үстемдік құрған заман. Қарыштап дамыған уақыт көшіне ілесіп, техниканың тілін біліп, өзін ғылыми тұрғыда жетілдірген маман ғана сапалы білім бере алады. Осы ретте мектепке келген білімді, тиянақты жас мамандарды көргенде, жақсы бір толқын өсіп келе жатқанына қуанамын. Себебі олар болашақ ұрпақты тәрбиелейтін, кемел келешектің иелері. Еліміздің тәуелсіз әрі ынтымақта болуы – бүгінгі жас ұрпақтың қолында.
Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен еліміздің еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін.
С. МАХСҰТҚЫЗЫ,
№283 орта мектеп мұғалімі,
Сексеуіл кенті