Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдық желтоқсаншылармен кездесу кеші өтті

Аралдық желтоқсаншылармен кездесу кеші өтті

Жақында аудандық орталық кітапханада «Ұлт намысын ту етіп көтергендер!» тақырыбында Аралдық желтоқсаншылармен кездесу кеші ұйымдастырылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына отыз бес жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының каһармандарындай қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялаудың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаматтықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан каһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» деп жазған еді.
Мемлекет басшысының тарихи бағдарламасын негізге ала отырып ұйымдастырылған тағылымды кеште арнайы келген меймандар қатарында айтулы ақын, қарымды қаламгер, белгілі редактор «Аралдық Желтоқсаншылар» еңбегінің авторы Ерғали Абдулла ағамыз және арамызда жүрген кешегі желтоқсан тарихының куәгерлері Жанат Абдалиева, Берік Бөкешов, Ләззат Сейілханова, Бибізада Абишева, Сұлтан Елубаев, Ислам Жұбанов, Оңдасын Жалғасбаев ағаларымызбен сырлы сұхбат өткізілді.
Кешке арнайы әзірленген видеослайд арқылы Тәуелсіздік жолында өз тағдырларын құрбан еткен боздақтарымыз бен күні кешеге дейін арамызда болған желтоқсандықтарды бір сәт еске алып өтті.
Кеш тізгінін ұстап қонақтарымызбен сұхбат жүргізген кітапханашы Гүлнұр Шалманова Сын сағатта басын бәйгеге тіккен Аралдық желтоқсаншылар ерлігін тұтас елге мәлім еткен кітап авторы Ерғали Абдулла ағайымызға тарихи еңбектің төңірегінде сауалдар қойды.
Тарихи еңбекті жинақтау және тарихи куәгерлерді іздеп табу жөніндегі кездескен қиындықтар мен ерекше тың деректермен бөлісті.
Термеші – жыршы Серікқали Жұбаниязов Ерғали ағамыздың аралдық желтоқсаншылар шежіресін жинақтап өмірге әкелген «Толғаулы жырмен сөз қаттым» атты терме дастанын орындап берді.
Кеш барысында тарихи оқиғаның куәгерлеріне бірнеше сауалдар қойылып, сырлы сұхбат болды. Кеш қонақтарының 35 жыл бойы жүрек түкпірлерінде сақтаған сол кезеңдердегі тарихи сәттен жүрек мұздар ащы шындықтармен естелік айта отырып толқып, көңілдеріне жас келгенін де байқадық. Ағалар естелігінің желтоқсан тарихының ащы сыры көрермендерді де бей-жай қалдырмады. Сырлы сұхбат барысында бұған дейін еш жерде айтылмаған тың тарихи деректерге кеңінен қанықтық.
Байқоңыр қаласында тұратын жерлесіміз, тарихи оқиғаның куәгері Құлниязова Гүлжан апайымыздың онлайн сұхбаты тыңдалы .
Кітапханамыздың белсенді оқырмандары ақын жерлесіміз желтоқсан тарихының куәгері Серікбай Қосанның «Желтоқсан» туындысын №14 мектеп-лицейі оқушылары Маратқызы Аружан, Жаймақова Гүлім, Бұрхан Ерсұлтан оқыса, ақын Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан жаңғырығы» №260 орта мектеп оқушысы Серікова Фарида жырларын оқып шықты.
Арал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Жанар Ақылжанқызы желтоқсан тағылымынан сыр тарқатып, сырлы сұхбат берген барша кеш қонақтарына алғысын білдіріп Қазақ тілі қоғамы жанынан шығатын «Тіл сақшысы » кітабын кештен арнайы естелік ретінде ұсынды .
Кеш соңында Желтоқсан куәгерлеріне арнайы үйымдастырылған фотокөрме және «Ар-намысым, мақтанышым желтоқсан» тақырыбындағы ұйымдастырылған кітап көрмесі таныстырылып, кеш қонақтары Желтоқсан тарихы төңірегіндегі басқа да тарихи еңбектерімен танысты.

"Толқын" ақпарат 


13 желтоқсан 2021 ж. 1 255 0