Алгоритм: әр жұмыстың өз реті бар
Соңғы бір қоғамдық сөздерде «Көкарал» бөгетін көтеруде біртұтас Кіші Арал жиегін Балтық жүйесі (БС) бойынша 52 метр деңгейге жеткізсе деген ой айтыла бастады. Әрине, бұндай биік деңгей, яғни, ежел жағасына жақын келетін су – халықтың біраздан бергі арманы. Бірақ бұл жағдайдың бірсыпыра кілтипаны бар. Осы күні «Көкарал» бөгеті құрылысының вахта қыстағы тұрған жер – кешегі, жағасы 53 метрге теуіп жатқан Арал-Сыр тоғысындағы солжағалық Шошқаарал қайыры болатын. Ал енді «Көкарал» бөгетінің су деңгейі (НПУ БС) 52 метрге жеткізілсе, аймақтағы норд-ост желі, ұрма толқын, сең көшуі бұл тұстағы судың асып-төгілуіне, яғни, апатты жағдайға әкелуі мүмкін. Ол апат дария арнасын біржолата ұлы теңізге бұрып әкетуі де ғажап іс емес. Сондықтан бұл деңгей қанша тартымды болғанымен, қаупі зор және ол үшін қосымша қауіпсіздік шараларының техникалық жұмыстарын қарастырмаса болмайды. Әрі Сырдария суының бұл көлемге қауқары жете қоюы да неғайбыл.
Кіші Аралдың 51 метр су деңгейін (НПУ) нақты түрде сұрап жүрміз. Бұл – барлық жағдай, тараптар ескерілген есеп. Түгел Арал емес, жасанды бөгетпен бөлінетін кіші теңіздің мұндай техникалық ерекшелігін ескермесе болмайды, орны толмас апатты ойлау керек... Дегенмен, «Көкаралды» 51-52 метр беріктік запасымен көтеруге қол жеткізе алсақ, ол бір оңды іс болар еді. Ел саясаты бет бұрып отырған бір мүмкіндікте, қалай да, Кіші Арал сыйымдылығын кең көлемде жасатып алу – көрегендік шешім болмағы айдан анық.
Бұл ретте, жақын болашақта Аралға солтүстік беттен Қарақұмды көктеп өтіп, мол су келу мүмкіндігі бар екенін де атап көрсетіп келе жатырмыз.
Бұл туралы нақты ұсыныстар ел Президенті Қ.Тоқаевқа, облыс басшылығына, «Веком» жоба жасаушы мекемесіне 2020, 2021, 2022 жылдары Арал халқының хаттары түрінде бірнеше рет жолданған.
Талқыда айтылған тағы бір ой: Кіші Аралдағы тұщы су айналымы үшін Қамбаш көлінен Сарышығанаққа арна тарту. Оның да бұрыннан бар 70 шм.-дық нұсқасынан енді бас тартып, Аралқұм стансасы тұсынан арнаны батысқа бұрып әкетіп теңізге құйғызу. Орынсыз ойлар. Ең алдымен, Сыр алабындағы бірден-бір табиғи көл, ғасырлар бойы қалыптасқан Қамбаштың табиғатын бұзу – қиянат, қылмысқа тең амал. Теңіз табиғатты Қамбаш балығының сапасы, қалыптасқан өзіне тән экологиялық кешені, суының емдік қасиеті бар. Бұларды бүлдіруге ешкім жол бермес. Бұл мақсатта ихтиологтар айтып жүрген «Қамбашта жем қоры көбейеді, балық көбейеді» деген уәждер – экономикалық молшылыққа кенелеміз деп, Аралды құртқан баяғы кеңес ұрандары секілді. Қамбаштан алынған судың шығыны (кебуі, құмға сіңуі, ояңдарды толтыруы) қайтымсыз көп болады, тың-өрістердің тұздану-сорлануына әкеледі. Кіші Арал суы азаяды. Анығында, 30 шм.-дық тиімді нұсқа деп ұсынып отырған бұл «жаңалық» тым тиімсіз нәрсе. Ол Сапақ, Тасбөгеттің (қалың тұзына түсетін) 70 шм.-дық арнадан қысқа да тиімді болмайды. Ортада Шаян әулие, Шөміш сорының жарты Қамбашқа тең аңғары жатыр. Оны айналып өту жоқ, толтыру қажет болады. Мұның бәрі Сырдың аз суын онан сайын жұтату, ысыраптау жолы болмақ.
Осы іспетті мамандар есебінің қатесінен тым төмен салынған «Көкарал» өткен 17 жылда 42 млрд.т.м.-ден аса су рәсуа етті, көп балық қырылды. Бұл жағдай әлі жалғасуда. Кіші Аралды 1,5 есе толтырып алатын су еді ол.
Осы күні «Көкарал» бөгетін жөндеу кешенінде Бөген басатына арна тартылды. Осыны үйлесімді түрде ПРРВСАМ 2-фаза (САРАТС-2-нің жаңа атауы) жобасына ұластырып, Ақбике, Кіші Қаратүп басаттарымен Үшшоқы астына, тіпті Үлкен Қаратүпке жалғау – жұмыс реті. Су айналымы үшін тиім-қажеттісі осы. Баяғы Аралдың балығы өсіп-өнген қолайлы басаттар осылар. Басаттар дәстүрі қайта тіріледі. Кебу шығыны болмаса, бұнан жерге сіңген су, айдаланы сорландырмай, тіке теңізге құяды. Бұл идеяны халық 1984 жылдан бері («Қазақ әдебиеті» газеті, 1984 ж. «Сұрауы бар су» мақаласы) ұсынумен келе жатыр.
Жалпы, Кіші Аралда ауқымды су айналымын жасай алатын Ақбасты ауылынан түсетін теңіздің реттеуші шлюзі ғана болмақ.
Және бір ділгер жайт: дариядағы Аманөткелдің аспай түйіні. Оның пайдасынан зияны көп болған сыңайлы. Қаупі әлі де сейілмей тұр. Бірақ табиғат өз емін өзі табуға ұмтылады: қазіргі мол су «Ералы» арнасын бұзып, дарияға жол тапты деген хабар бар. Жалпы, бұл тұстағы «Мырзас» су реттегішін уақыт өткізбей бастау керек. Әйтпесе, аспай бір жағы – апат, бір жағы – Кіші Аралдан айырылу қатерін төндіріп тұр. Еліміз САРАТС-2 кезеңінің 6 компонентінің біразын өз күшімен жүзеге асырып жатыр ғой. «Мырзас» та сол жолмен шешілуі тиіс. Тіпті, болашақ ПРРВСАМ-2 қаражатына қарыз есебінде...
Бұл ретте популист сарын сөздер көп. Ел-жер нақты істер сұрап тұр.
Екінші: ПРРВСАМ-2-нің 2-ші компонентіне 60 млн доллар сұралып отыр. Бұл Солтүстік Аралды құтқаруға деген 190 млн доллар қаржының 1/3 үлесі. Бұл – түбегейлі қайта қарауды қажет ететін көлем. Біз үшін басты мақсат – Кіші Аралды көтеру. Соған бөлінген, шын мәнінде, шектеулі ғана ақшаның үштен бірін сафари-парк (сексеуіл-бұталар егу), жылыжайлар, аквапарк, ойын-сауық орны, томат өсіру сияқты – барлығы 10 бағыт жұмыстарына бұрып әкету – қисынға келмейтін жоба. Бұл істерді жобалаушылар ХАҚҚАД(Халықаралық Аралды құтқару қоры Атқарушы директоры) мемлекетіміздің жергілікті жерлерде, әр деңгейде, бюджет арқылы істеп жатқан жоспарлы жұмыстары «шекарасына» кіріп кетіп отырған жоқ па? Мысалы, үкіметіміз кепкен Арал табанына өсімдік егу жұмысын көптен бері жүргізіп келе жатыр...
Әрине, Сыр бойындағы әр мекенге жылыжай, сауық-сайран орнын салып берсе артық болмас еді. Бірақ Аралды құтқару ақшасымен, тіпті, жергілікті әкімдіктердің өздері шешіп ала алатын шаруашылық-әлеуметтік істер бақшасына қол сұғу қалай? Базалық мақсат – Солтүстік Арал. Сондықтан да ең алдымен әлем назарында тұрған теңіз мәселесін шешіп алу міндет. Басқа «надстройкалық» шаруалар сонан соң, сол теңіз факторына табан тірей отырып, кешенді түрде ары жалғасуы ретті болады... Жоғарыда сұралып отырған «Көкаралдың» 51-52 метр межесі осы кезге шейінгі құжаттарда көзделіп келген 48-50 метр деңгейден жоғары. Ал бөгеттің әр жаңа метрі миллиард қаржы талап етуі мүмкін. Ендеше, сол құрылыс үшін ауадай қажет соманы сафари-парк, ойын-сауық, томат өсіру жолына «шашудың» реті жоқ. «Көрпеңе қарай көсіл». Бүгін САРАТС-2 фазасының Арал-Сырға тікелей қатысты 4 маңызды компонентін еліміз өз қаражатымен жүзеге асырып жатыр дедік. Сол мысалдан үлгі алу керек. Яғни, «2-ші компонент» деген бағытқа 60 млн доллар жобаны 2 есе, 5 есе, бәлкім, онан да ары шектеуді, ХАҚҚ-ның әкімшілік ұйғарымымен емес, қоғам өкілдерін қатыстыра отырып, жаңа жобалауда шешкен дұрыс болар.
Арал халқы «бізді сексеуіл асырамайды, судың балығы тойындырады» деп отыр. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі стратегиясының да бір шарты осы.
Жалпы, ХАҚҚ-ының Атқарушы дирекциясын Қызылордаға көшіру мақсатынан бұрын, А.Нұрышев басқарған 24 жылда, Б.Бекниязов басқарған 6 жылда, Аралды құтқару үшін Қор нақты не істеді, соның есебін халық тыңдауы қажеттігі бар. «Аралды құтқару қоры емес, сексеуіл егу қоры болып кетті» деген Арал халқының реніші 30 жыл бойғы ел сұраныстарына батыл үн қоспай, протоколдық шаралармен шектеліп келген Қор жұмысына қанағаттанусыздық себебінен туындап отырған сөз. Мысалы, арысы – 33 жыл, берісі – 17 жыл бойы аралдықтар сұрап келген нақты Кіші Арал теңізін көтеруге, Сыр суын үнемдеуге Қор қалай атсалысты? Мұның бір жауабы болуға тиіс.
Солтүстік Арал көтерілгеннен кейін ғана жалғасуы ретті тағы бір жұмыс: төменгі Сыр бойында 6 су қоймасын салу идеясы. Тағы қайталасақ, бүгін әлем назарында тұрған проблема бірінші шешілуі керек. Кіші Арал факторы – теңіз жүзеге асса, ары қарай не істеу керек екенін өзі көрсетеді, бағыттарды ашып айтады. Иә, бір кездері теңізге азын-шұғын қысқы ағын жетіп, ол «Көкаралдан» ары кетіп жатты. (Қазір 7-8 млрд.т.м. суын жоғалтқан кіші теңізде ол қауқар да жоқ). Сол су солай кетіп жатыр екен, «соны 6 су қоймасында ұстап пайдалана тұру керек, ертең Солтүстік Арал көтерілсе, барлық бөгет қайта ашылады» деген уақытша уәж көңілге қонбайды. Біраз қаржы салынған қоймалар ертең қайта бұзылады екен деудің реті жоқ. Оңтүстік ағайын екінші Шардараға айналдырғысы келіп отырған «Көксарай» жағдайы осыған мысал. «Көксарай – су реттегіш, ол Арал үшін жұмыс істейді» деген уәделер ұмытылды. Оның жазда егіске ылғал беретін су қоймасы болмағына біздің, төмендегі жұрттың да көндіккен жағдайы бар...
Арал қасіретін орнатқан кешегі сондай су қоймалары еді.
Республиканың ішкі нарығында күріш қажетіміз 165 мың тонна. Қазір бізде екі есе артық запас бар. Ал экспорт... Жазы аптап қатал шөлде, табиғат күйзелісі, су шығыны, Арал азабымен келетін сондай қымбат өнім экспорты не үшін қажет? Өркениетті жұрттар сырт жаққа өз халін қинамай, зиян келтірмейтін артық-ауыс игіліктер шығарады. Біздің қамыс, балық экспорты соған келеді. Бұл ретте, «Сыр бойы ел күрішінің 90 процентін береді» деп тұщыну – экологиясы әлемді түршіктіретін Арал аймағы үшін енді мақтан бола алмайды.
Кешегі күні аграрлық саясаты Аралды күйзелткен аймақтарға енді Арал есебінен көмек қолын созудың моральдік те, саяси да мәнін терең зерделеу қажет. Сыр бойында әлі де су ысырабы көп. Ұрлық гектарлар тыйымсыз. Күріш көлемі КСРО кезінен де өрескел асып кеткен...
Халықты әлеуметтік қорғауда Арал экологиялық заңы жұмыс істеп тұр. Сыр бойында, әсіресе, аграрлық салада әртараптандыру – күріш көлемін шектеу, су үнемді дақылдар өсіру – су жағдайын, экология ахуалын басты нысан ете отырып, ежел кәсіпке әбден дағдыланған, бала өсіріп, әулет таратып отырған диқан жұртшылықты тиісінше мемлекеттік қолдау арқылы ғана жүзеге асуы керек.
Осындай көкейтесті сұрақтарды, бейнелеп айтқанда, «немқұрайлы, бір жаққа кетуге асығып» отыратын салғырт ортада емес, проблемалар кіндігіндегі Арал жұртының алдында тыңдаудан өткізу әділетті болар еді.
Сайлаубай Жұбатырұлы
жазушы, эколог