Студенттердің шәкіртақысы екі есе ұлғаяды
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ведомство алқасында қазақстандық студенттерді қандай жаңашылдықтар күтетінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрдің айтуынша, бірінші кезекте шәкіртақы мәселесін қайта қарау жоспарланып отыр.
«2025 жылға дейін студенттердің шәкіртақысын екі есе арттыру жоспарланған. Сондықтан бюджетте қаржыландырудың қажетті көлемін қарастыру маңызды», деді Саясат Нұрбек.
Бұдан бөлек, министр жуырда барлық студенттер әлемдік цифрлық кітапханалармен тегін қамтамасыз етілетінін атап өтті.
«Coursera корпорациясымен келісімге қол қойылды. 16 қаңтарда тараптар қаржыландырудың бірінші кезеңіне шығады. Осылайша, биыл Coursera-ның қазақ және орыс тіліне аударылған алғашқы курстары біздің студенттеріміз үшін қолжетімді болады. Жастар бұл ресурсты ұтымды пайдалану қажет деп есептеймін», деп қосты Саясат Нұрбек.