Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Табысты кәсіпорын

Табысты кәсіпорын

Тұз – сонау көшпелі мәдениет қалыптасқаннан бері құнын жоймаған өнім. Тіпті сол замандарда оның құны асыл тастармен, жібек маталармен теңестіріліп, үлкен сұранысқа ие болғандығын тарихтан білеміз. Сол үшін жауласып, бейбіт күнде бір-біріне қару көтерген елдер қаншама?! Міне, сол ақ алтынның қазіргі қоғамда да құны жоғары. Онсыз асыңыздың дәмі кірмес. Біз сол ақ алтынға баймыз. Бұл да Алланың берген ризығы шығар. Қазіргі уақытта тарихы ғасырлық кәсіпорын жұмыс жасайды Аралда. Нақтысы, Жақсықылыш кентіндегі «Аралтұз» АҚ. Тұз өңдеуде табысты жұмысымен тұтас республиканың күре тамырына айналған «Аралтұз» кәсіпорнында бүгінде мыңдаған адам еңбек етеді. Неше буын алмасқан «Аралтұз»кеншілерінің аға буын ұрпақтары өнімді де сапалы еңбек етудің, саналы тәртіпті болудың,бір жағадан бас,бір жеңнен қол шығарып ұжым бірлігін сақтаудың ұйытқысы болудың тамаша дәстүрін жасап берген.Бүгінгі ұрпақ сол дәстүрді сақтап,толықтырып, байытып бір ғасырға жуық тарихы бар «Аралтұз» акционерлік қоғамы зауытының жаңа технологиялармен жұмыс жасауына өз үлестерін қосып келеді.Соның арқасында Ресей нарығына өнім шығарып келген зауыт ТМД және алыс-жақын Еуропа,Орта Азия елдеріне өнімдерін жөнелтуге мүмкіндік алып отыр.

Тұз өндірісінде табысы еселеніп, ел экономикасының негізгі күшіне айналған кәсіпорын қазіргі таңда бірнеше жүздеген мың тонна тұз өндірісін қалыпты жолға қойған. Соңғы жылдардағы көрсеткіштерді санамалай түссек, 2022 жылдың өзінде кәсіпорын қажеті үшін қазылған тұздың жалпы көлемі 743 360 тоннаға жеткен. Ал одан өндірілген өнім көлемі 592 696 тонна. Оның ішінде ас тұзы – 297 799 тонна болса, техникалық тұздың мөлшері – 294 897 тоннаны құраған.
Қанатын кеңге жайған кәсіпорынның тынысы ашыла түсуде. Олай деуімізге негізгі себеп – биылғы жылы №2 тұз өңдеу цехы күрделі жөндеуден өтіп қайта іске қосылуы. Онымен бірге зауыт жанынан тұз байыту бөлімшесі мен жаңа өнім түрлерін шығару үшін «R s D Center»зерттеу және дамыту орталығы іске қосылды. Қазіргі таңда №2 цехта – 78 адам, тұз байыту бөлімшесінде – 18 адам, зерттеу және дамыту орталығында – 5 адамжұмыс жасайды. Міне, осындай жаңа мүмкіндіктердің арқасында жаңа жетістіктерге қол жеткізген «Аралтұз» АҚ бұрын-соңды болмаған ваннаға арналған косметикалық 5 түрлі тұз және мұзға қарсы тұздың 4 түрін, сонымен қатар мал шаруашылығына арналған «Al Karal» биологиялық қоспамен малға жемтік тұз брикеттерін шығаруда. Осы жылдан бастап жаңа өнім түрлерін молайтуды көздеген кәсіпорын 25 түрлі жаңа өнім түрлерін шығаруды жоспарлауда.
Иә, «Елде болса ерінге тиеді» деген ғой дана халқымыз. Атағы Алашқа мәлім кәсіпорынның Жақсықылыш кентінде орналасқанынан ондағы ағайын жамандық көріп отырған жоқ. Керісінше, келешегі бар өндіріс ошағында осы кенттің қаншама тұрғыны жұмыс істеп, нәпақа табуда. Бұл бір. Сонымен бірге «Аралтұз» АҚ кенттің әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне өз үлесін қосып келе жатқанын да айтпай кетуге болмас.
«Аралтұз» бүгінде кент бойынша халықтың және өндірістің пайдаланған көгілдір отынның ай сайынғы төлемақысын төлеп отыр. Сонымен қатар өткен жылдың сәуір айынан бастап (үлкендерге – 500 теңге,балаларға – 200 теңге) 50 орындық монша іске қосылып, бүгінде халық игілігіне жұмыс жасап келеді.
Болашаққа салынған ең тиімді инвестиция баланың болашағы үшін жұмсалған қаржы деп білетін кәсіпорын басшылығы 1 қыркүйекте «Мектепке жол»акциясына қатысып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларының 50 баласына мектеп формасы мен спорттық киімдер алып берді. Біле білгенге қазіргі нарық заманында бұл әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін үлкен көмек. Сондай-ақ акционерлік қоғам әкімшілігі 1200 жұмысшы-қызметкердің балаларына, кенттегі мүмкіндігі шектеулі 8 балаға және №19 орта мектепте оқитын ерекше білімді қажет ететін 21 оқушыға жаңа жылдық сыйлықтар беруді дәстүрге айналдырған.
Өткен жылы кентке газ жүргізілді. Отын жағудың бейнетінен арылған жұрттың бүгінде қатары көбейіп, жер алып үй салуға ниеттенгендердің де саны артуда. Бұл кент көлемінің ұлғайып, түтіні еселеніп келе жатқандығын байқатады. Демек алдымен берілетін жерге инфрақұрылым тарту маңызды. Бұл мәселеде аталған кәсіпорын жер алушылар кезегіндегі 270 адамға берілетін жерге инфрақұрлым жүргізу үшін 9,0 млн теңге қаржы бөлді. Елге жасалған көмектің легі мұнымен шектеліп қалмақ емес. Қанатын кеңге жайған кәсіпорын ендігі кезекте балаларға арналған спорт және ойын алаңын салуды көздейді. Мұнан бөлек цехтардағы тамақтану бөлмелері, жуынатын бөлме, монша және әжетханалар кезекпен жөндеуден өткізілмек.
Бүгінде 1200 адамды жұмыспен қамтып, тұтас бір елдің тіршілігіне арқау болған акционерлік қоғам еліміздегі маңызы бар мерекелерде көпшілік көңілінен шығатын мәдени шаралардан шет қалмайды. Айталық, 8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесі, 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні мерекесіне 1 миллион тенге, 9 мамыр – Жеңіс күніне кенттегі тыл ардагерлеріне,яғни 56 адамға сыйлықтар тапсырды. Құрбан айтта ірі қара малын алып құрбан шалып, кенттің әлеуметтік қолдауды қажет ететін 20 отбасына таратып, жұмыста тұрған жұмысшыларға ет асылды. Конституция күні қарсаңында 25 адамға Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар тапсырылды. 20 қарашада өткен кезектен тыс Президент сайлауына тұзшылар қауымы бір кісідей атсалысып сайлау өз мәнінде өткізілді. Жылды қорытындылау мақсатында 20 жылдан жоғары еңбек өтілі бар 112 адам марапатталды. Оның ішінде теледидар, құрал-жабдықтар жинағы, мультиварка сынды бағалы сыйлықтармен қоса 3 адамға және 76 адамға Алғыс хат пен 10 мыңтеңге қаржылай сыйлық берілді. Сонымен қатар көгілдір отынға қосылмаған тұрмыс-жағдайы төмен, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларына және кенттегі ветеринарлық пункт пен спорт мектебіне тегін отындық ағаш берілген. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақыттары да жалғасын таба бермек.
Иә, ел тынысын еселейтін еңселі кәсіпорынның болғаны жақсы. Ал ол сол елді жағалай қонған қауымға көмек қолын созып, қажет жерде демеуін көрсетсе тіптен жақсы. Бұл межеде сенімге селкеу түсірмей, ірілі-ұсақты өзге де мекемелерге үлгі болып келе жатқан кәсіпорынның тұз өндірудегі табысты бағыты жалғаса береріне сенім мол. Мұндағы басшылық құрам өкілдерімен тілдескен сәтте осы жылдан бастап жалақы мәселесіне қатысты өзгерістер болып қалады деген жан семіртер жылы хабарды құлағымыз шалған-ды. Сенім алдамапты. Сәтін салса, кәсіпорын өз қызметкерлеріне атқарып жүрген жұмыстарына қарай 17 пайызға айлық өсірмек ниетте. Белгіленген жоспар орындалған жағдайда жұмысшы-қызметкерлерге сыйақы тағайындау тетіктері де қарастырылып келеді.
А. БИСЕНОВ
14 қаңтар 2023 ж. 257 0