Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұзды сор қашан құрғатылады?

Тұзды сор қашан құрғатылады?

Осыдан төрт-бес жыл бұрын болған бұл оқиға есіме түссе күлкім келеді. Орал қаласында тұратын балама баратын болып, түске таман келетін пойызға билет алғанмын. Енді, міне пойыз вагонының купесіне белгілеп берген орныма жайғалып жатқан бетім еді:
–Ту-у ненің иісі, сасып кеткен? – деген дауысқа жалт қарасам, купенің төменгі орнында (маған қатарлас) жатқан сылқым келіншек екен. Төсек жамылғысын жартылай ашып, жоғары орында жатқанға қолын көтеріп:
– Тимур, слышите, закройте окно? –дегенде барып, көңілім орнына түскендей болды. Әйтпесе, кемпірім жолда ауқаттанасың деп, семіз сазан балықты кеспелеп, тұз сіңді етіп қуырып берген пакет қалтадағы азығымның иісі ме деп ойлап қалғанмын.
Жоғарыдағы орнынан ырғала түскен жолаушы, мұнын күйеуі екен. Ашық (жартылай) тұрған терезеге үңіле қарап, темір жол вокзалының қарсы бетіндегі аппақ қардай болып жатқан тұзды сорды көріп, таңғалып маған, анау не деді?
– Cор.
– Не?– деді түсінбегендей. Сірә, бұрын-соңды сорды көрмеген сияқты.
–Маңдайымызға жазылған тұзды сорымыз ғой,– деп әзілдеп түсіндірдім. Әншейінде, теміржол бойында, перронның қақ маңдай алдында қос-қостан бос тұратын вагондар тұзды сорды көрсетпейтін. Бұл жолы, айдын шалқар, бәрі теп-тегіс көрініп тұр. Оның үстіне, күн болса аптап ыстық, солтүстіктен соққан жел-леппен иісі де қатты мүңкімесе де, купе вагонның ішіне кіргендей ме, қалайөзі?! Сол арада пойыз орнынан жылжи бастамағанда...
Иә, кім-кімді болса да Арал теңізі теміржол стансасының қарсы бетіндегі көлемді тұзды сор мәселесі ойлантпай қоймайды?
Тіршілік еткен соң қайсыбір жылдары қаладағы сортаң мен сор жерлерді топырақпен көмгенде, бұл тұзды сор негеұмыт қалған? Әлі күнге дейін көпшілікті таңғалдырып келеді. Бөлінген бюджет қаржысы аз болды ма, әлде күші жетпеді ме?
Жасыратыны жоқ, бұрын Свердлов қазіргі Бекетай би мен Құрманғазы Сағырбайұлы көшелері бойына орналасқан су колонкалары жазда екібастан, ал қыс айларында қатып қалмау үшін үздіксіз ағып тұрған таза судан,яғни шайылып тұрғандықтан сордың иісі шықпайтын. Ал қазір ше?
Осы маңайда тұрған халық бұл тұзды сорды қадірлейтін. Ем-дом ретінде қырық күн шілде айында суына жатып емделетін. Әсіресе, буын ауруына бірде-бір ем еді. Айналасы тізеге келетін екі түрлі сораң шөптер, көкпеңбек болып өсіп тұратын. Мұны көзі көргендер біледі. Енді, міне, осы жерде целлофан қалталардың неше түрі, малдың қыстайғы жеген шөбі қалдығы қимен аралас, тіпті иттің өлімтігіне дейін кездеседі. Соның иісі шығып, қолқаңды атады.Қысқасы, бүгінгі күні осы тұз сордың айналасы лас-қоқысқа толы. Әсіресе жаз айларының ыстық күндерінде демікпесі барларға қиын?
Сондықтан аты аталған сорды құрғатып барып, топырақпен көмуді ойластыру керек. Кешегі күндері қаладағы сорлы жерді топырақпен көмген мұның қасында топырақпен (ілдәләп) көмген мұның қасында ойыншық рөл атқарады. Сол сорды көмуге қаншама машина көшпелі құм кеткенін де білеміз. Қалай ойласаңсолай ойла! Сор болса, бұл күндері бетіне шықпай ма? Демек ол жерлер сор емес. Төбешік жерлерді қуалай аққан жаңбырдың, қардың сулары жиналып келіп, тақыр жерді сортаң қылған. Мұндай жердің көкіманын өз көзіммен көргенімді айтайын. Осы күнгі Арал теңізі теміржол стансасының екі қабатты зәулім мекемесі орналасқан жер су-сор болып жататын. Бұл ғимаратты әскери құрылыс бөлімі салды. Алдынала зерттеген, жобалап іске кіріскенде көрген адамдар таңғалды. Ұзындығы 4 метрлік, ұшы үшкір темір-бетон бағаналарды қазық қылып қағып, жерге сіңірді. Оның үстіне плитка-бетонмен жауып, кірпіш өріп тұрғызды. Әне, құрылыс деп осыны айт. Біз болсақ, жердің үстіне қалыппен цемент араластырып лай топырақ құямыз. Болмаса, жерді тізеге жетпес жер қазып, шебін төгіп құрылыс саламыз. Мұны неге айтып отырмын! Өйткені қазіргі Тәуелсіздік алаңының орны бұрыннан бері соры шығып жатқан шылқыған сулы жер. Соны топырақпен көмгендей етіп, орнына сауда орындарын, тіпті тойхана салып мәз-мейрам болдық. Халықтың қауіпсіздігін ойлап жатқан ешкім жоқ. Әйтпесе, әскери құрылыс бөлімі салған ғимарат сияқты басы үшкір темір- бетон бағаналарын жерге сіңіріп салғанда бұл ой тумас еді.
«Сөзден сөз туады»демекші, бастаған мақаламның тақырыбына оралайын. Тұзды сор дегенді екіге бөліп қарауға болады. Тұзды деп отырғаным, беті сор болғанмен астында камок (кристалл) тұздар. Мұнымен аяқ буыным ауырғанда, сорға түссең жазылады дегенге бір-екі рет пәрмен жасап көрдім. Күн қызбай тұрып күрек, лом сияқты сайманымды алып келіп, тұзды сорға денем түгел (мойныма дейін) бататындай етіп, оп-оңай ойық жасамақшы болып едім, күрегім батпады. Сонымен не керек, ломмен ойып, комок тұздарды күрекпен шығарып, әжептеуір орын дайындадым. Суы да бетіне шылқып шықты. Мұздай екен. Жылысын деп екі-үш сағатқа дейін үйіме барып келсем, әлгідегі су түбінде қалған тұздар тастай ұйысып қатқандықтан, арқама батып, жата алмадым. Сонда ғана, тұз беті сор болғанмен асты кристалл (комок) тұз екенін байқадым.
Бұл жер о баста тақыр жер болған. Осы тұзды сордың шығыс жақ беткейіндегі төбені «Пятый гость» сондай- ақ «Диірмен төбе» деген (міне, көрдіңіз бе?) атауы болған. Кейін ғой, 1-ші км (шақырым) аталғаны.
Міне, осы «Диірмен төбеде» 1958 жылы «Аралтұз» комбинанты болып ұйымдастырылғанға дейін, мұнда тұз өндірудің артелі ме, болмаса акционерлік қоғамының тұз тартатын орны болған. Ол кезде жұмысшылар көлдің (Жақсықылыш) бетінен тұзды сыпырып, ломмен ойып, жинап, ағаш кабиналы «Омо» машинасының қорабына күрекпен атып, тиеп осы жерге әкеліп, түсіретін-ді. Мен мұны екінші сыныпта оқығанға дейін көрдім. Тақтайдан тұрғызылған, төбесі жабылған бұл орынның ішінде тұз тартатын диірмен орналасқан. Даладан шиқылдаған, күтірлеген дыбысын естігеніміз болмаса, ішіне кіргізбейді, баламыз ғой. Тартылған тұзда қап-қабымен ішіне жинайды. Сыртта тек көлден әкелініп түсірілген тұздар болмаса. Теміржолға жақын, әрі тұзды жуатын таза суда қасында, яғни «Райым» су айдау мекемесінен керамика – Николай құбырлары арқылы келіп тұр. Тұз тартатын диірмен көшіп кеткеннен кейін ол паровоздарға су беретін колонкаға бейімделді. Қазір бұл да түс көргендей жым-жылас. Диірменнің жанында тұзды таза сумен жуатын орында болды. Осы жерден шыққан ағынды сулар тұзымен қоса қазіргі Ы.Алтынсарин және М.Төлебаев көшелерінің ортасынан төменге қарай жылға жасап, тақыр алаңға құйылып тұратын. Мен көрген тұз диірмені алдында және кейін неше жыл істегенін білмеймін. Әйтеуір, теміржол вокзалының қақ мандай алдындағы тап-тақыр жерді тұзды сорға айналдырып жіберді. Яғни, «қарық қылды».
Осы кескінмен тұз сор тұра берсе, енді он, жиырма жылдан кейін иістің көкесін көретін шығармыз! Жан-жақтан құйылып жатқан таза тұшы су жоқ, оның үстіне лас-қоқыс тасталмай тұрмайды. Сондықтан да менің пікірім бойынша, әлі де кеш емес, бұл тұзды сордың астын қазып, ас тұзы емес,яғни техникалық тұз ретінде ірі қалалардағы котельдерді (қазандықтарды)жууға, болмаса малдың жеміне араластыруға малдардың ащылап жалап тұруына және басқа да қажеттілікке сұранысты шикізат. Әлі де кеш емес бизнес ашамын дегендердің құлағына алтын сырға. Қалада жұмыс таба алмай жүрген жастарды осы жұмысқа тартып, кіріссе кәнекей! Пайда да мол болар еді.
А. ӨТКЕЛБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
17 қаңтар 2023 ж. 356 0