Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада мектеп асханаларының тамағынан бактерия табылды

Қызылордада мектеп асханаларының тамағынан бактерия табылды

Қызылорда облысындағы кейбір мектептер мен интернаттардың тамақ пен ауыз суынан бактериялар табылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлері облыстағы 288 мектепте балаларға берілетін тамақ пен судың үлгілерін тексерді. Тексеру нәтижесінде заң бұзушылықтар анықталды.

Басқарма басшысының айтуынша, 11 мектеп-интернат та облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің бақылауында. Өткен жылы аталған мекемелерде тексеру жұмыстары жүргізіліп үлгерді.

«Интернаттардан алынған тағам сынамаларында бактериологиялық зертханада бір сәйкессіздік анықталды, қоршаған ортадан алынған 300 тампонның екі сынамасынан бактерия табылды. Сондай-ақ мектеп-интернаттардан алынған 38 сынаманың 14-інің санитарлық-химиялық көрсеткіштерге сәйкес келмейтіні анықталды. Тамақ пен судағы бактериялар АІИ ауруларын қоздыруы мүмкін екенін айта кету керек», – деді бөлім басшысы Динара Жаңабергенова.

Сонымен қатар, тексеріс барысында мамандар микроклимат, жасанды жарықтандыру және электромагниттік өрістердің бұзылуын анықтады.

«Білім беру нысандарында санитарлық ереже талаптарының бұзылуына қатысты тексерулер барысында 315 санитарлық анықтама шығарылып, жалпы сомасы 25 580 646 теңге болатын 402 айыппұл салынды, облыстық ауданаралық экономикалық және әкімшілік сотқа 13 материал жолданды, 11 шешім шығарылды. Тексеру жалғасады», – деді Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.  
20 қаңтар 2023 ж. 268 0