Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Телекеңістік: не істеп жетістік?

Телекеңістік: не істеп жетістік?

Қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді»,– деген болатын. Осы тұста, бүгінгі ақпараттық кеңістік кең көлемде дамыған уақытта газет оқитын жан жоқтың қасы екендігі еске түседі. Расыменде, кез келген адамға «газет оқисың ба?» деген сауал қоя қалсақ, «өткен заманда қалып қойғаннан саумысың?» деген көзбен таңғала қарайтыны жасырын емес.
Жаңа технология уақыт санап дамыған сайын ақпарат тарату ағымы да соған сай жылдам дамуда. Яғни, кез келген адам қолындағы ұялы телефон арқылы қай елде не болып жатқандығын және сол оқиға болып жатқан уақытта хабардар бола алады. Дегенмен, ақпараттың шындыққа жанасатыны және жанаспайтыны бар екендігін естен шығармағанымыз жөн. Қазір шыны керек, кімнің айтқан сөзіне сенетініңді білмейсің. Мәселен, қандай да бір оқиға жөнінде бірі бұрмалап айтып жүрсе, енді бірі мүлде өзгертіп айтады. Сол сәтте халыққа шынайы ақпаратты ғана тарататын арнайы басылым беттерін ақтаратынымыз рас.
Сонымен бірге кей балалардың ойлау қабілеті мен сөйлеу қабілеті де артта қалып бара жатқанын аңғарамыз. Бұл әрине ұялы телефонның зияны екендігі айдан анық. Егер бала кітап пен газет оқитын болса, оның ойлау қабілеті де басқаларға қарағанда біршама жоғары, сондай-ақ сөйлеу мәдениеті де өзгеше болады. Сол үшін әр ата-ана таңнан кешке дейін баланы кішкентай көгілдір жәшікке байлап қоймай, кітап оқытып, тіл байлықтарын дамытуға атсалысқандары жөн.
Жалғыз ұялы телефонды кінәлай бергеніміз де дұрыс болмас, үйдегі көгілдір жәшікте болып жатқан бағдарламалардың қандай пайдасы бар екендігін де ойға алайық. Мәселен, «Бір болайық» сынды бағдарламалар қазаққа керек пе?! Онда отыратын қыз-жігіттер кімді күтеді? Бүгінгі кей қыз-келіншектердің қызығушылығына айналуына не себеп? Тіпті кейбірі жеті атасын білмегені былай тұрсын, атаулы бағдарлама кейіпкерлерінің аты-жөндерін жатқа айтып отырмасы бар ма?! Бір-бірімен жанжалдасып, тіпті 18-19 жастағы ер жігіттер өзінен біршама жас үлкен қыздарға үміткер болып келіп отырады. Саны көп, сапасы жоқ мұндай бағдарламалар өскелең ұрпаққа дұрыс тәрбие бермесі анық. Сонымен бірге ондағы бағдарлама кейіпкерлерінің бір-бірімен жанжалдасқанының өзі бір бөлек әңгіме. Бірін-бірі көрмей кететін жандардай, намыстарына тиетін сөздер айтып жатады. Ал ертесіне түк болмағандай күліп-ойнап отыра бермесі бар ма?! Қыздарымыздың жігіт іздеп, ондай бағдарламаларға барғаны дұрыс емес деп ойлаймын. Ал шетелдің қайдағы бір мән-мағынасы жоқ сериалдарын қазақ теледидары төрінен шығарып та жүрміз. Алғышқыда үнді сериалындағы үйлену тойының дәстүріне қарап, өз тойларында кей қазақтар қайталаған болатын. Яғни, тойды үнді дәстүрінше өткізген еді. Осы уақыттары қалың көпшілік бір сынға алып, қайта басылды.
Бүгінде елімізде отандық фильмдер саны артуда. Мұндай кинолар ұлттық арна төрінен де орын алып келеді. Олардың қазіргі жастарға беретін тәрбиесі де жетерлік. Мәселен, қазіргі уақытта көрермен көзайымына айналып жүрген «Бозторғай» атты телесериалда Кеңес Одағы ыдырап, халық басынан тоқырау жылдарын өткізіп жатқан кездердегі жағдайларды баяндайды. Баласын асырауға жағдайы жетпей, балалар үйіне өткізіп, халықта ақша жоқ, көрген нәрсенің барлығын ақша жасау мақсатында пайдалана беретін. Мұның барлығы бүгінгі жастарға өткен күндерімізді таныстырумен қатар, халық басынан қандай қиын уақыттар өткендігінен хабардар етуге бағытталған сериал екендігі анық. Сонымен бірге мұнан бөлек басқа да түрлі отандық фильмдеріміз баршылық.
Мақала барысында айтылып өткен әр дүние ақпаратқа жататыны белгілі. Сол үшін ақпаратты тек арнайы баспасөз беттерімен бірге, теледидар жаңалықтарынан ғана алғанымыз жөн. Өзіміздің қазақтың баспасөзі мен фильмдерін қарай отырып, оны жас ұрпаққа үлгі ете білгеніміз абзал. Сапасы жоқ бағдарламалар арқылы бала тәрбиелей алмасымыз анық. Сондықтан телекеңістік деп таусыла сөйлегенше не істеп жетіскенімізді бір сәт ойлап қойған жөн шығар.
А. НҰРЛАНОВА
24 қаңтар 2023 ж. 217 0