Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаза басқанға жаза қатаң

Жаза басқанға жаза қатаң

Баяғыда бір баукеспе ұры: «Ет тәттілігін қойса, мен ұрлығымды қояр едім»,- деген екен. Бүгінде әлгі баукеспеше ойлап, кісінің малын қолды ететіндердің, мал ұрлығына тағайындалатын жазаның ауыр екенін де ойлағаны жөн.2020 жылға дейін мал ұрлау қылмысы Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша қаралатын. Бұл бап бойынша мал ұрлаған адам ұсталғанымен, қылмыстық жауаптылыққа тартылу кезінде малдың иесіне келтірілген залалды қайтарып, жәбірленушімен татуласса, кодекстің 68-бабының талабына орай қылмыстық жауаптылықтан босатылатын. Осылайша, ұсталған ұрылардың көбі шығынның орнын толтырған соң жазадан құтылатын. Заңның осындай осал тұсын білген ұрылар жазадан құтылғаннан кейін де бұрыңғы әдетінен ажырамай, қайта ұсталғанша бұрыңғы кәсібіне басатын.
Қазір олай емес, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, мал ұрлығына қатысты жаңа 188-1 бап енгізіліп, бұл қылмыс түріне жаза қатаңдатылды.
Мал ұрлығына қылмыстық жауаптылық пен жазаны белгілейтін қылмыстық заңнаманың жаңа бабына сәйкес, мал ұрлау, яғни бөтеннің малын жасырын жымқыру – үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Егер, мал ұрлығы алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы әрі ірі мөлшерде жасалған болса – 7 жылға дейін, бірнеше рет және мал қораның, қашаның немесе өзге де қойманың ауласына кiрумен жасалса – 10 жылға дейін, қылмыстық топ әрі аса ірі мөлшерде жасалған жағдайда – 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Сонымен қатар, қосымша жаза ретінде мүлкін тәркілеу жазасын міндетті түрде тағайындау көзделген. Тағы бір айта кететін жәйт, осы баптың 1-бөлігі ауырлығы орташа қылмыстар санатына жататын болса, қалған 2, 3 және 4-бөліктері ауыр қылмыстар болып есептеледі.
Өкінішке қарай, заң қатаңдағанымен, қылмыстық әрекет тыйылмай келеді. 2021 жылы Арал аудандық сотының өндірісінде мал ұрлығы бойынша 11 адамға қатысты 4 қылмыстық іс қаралып, айыптау үкімдері қабылданса, 2022 жылы 10 адамға қатысты 4 қылмыстық іс қаралып, сотталушыларға бас бостандықтарынан айыру жазасы тағайындалған.
Елімізде осы қылмыс түрінің тым қарқын алып кетуінің басты себептерінің бірі – жайылымдағы малдарды бақылаусыз, қараусыз қалдыру. «Бағусыз мал – ұрыға олжа» - демекші, арам ниеттілер үшін қараусыз мал ұтымды да, пайдалы «табыс көзі».
Мәселен өткен жылы аудандық сотта Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 188-1-бабының 3-бөлігінің 1)-тармағымен мал ұрлығы дерегі бойынша айыпталған үш азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сот талқысында анықталғандай, бұрын ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін сотталған К. одан өзіне тиісті қорытынды шығармай, С. және М. есімді азаматтармен алдын ала сөз байласу арқылы, адамдар тобы болып жайылымда жүрген бөтеннің түйе малдарын ірі мөлшерде, бірнеше рет жасырын жымқырып, нәтижесінде 11 жәбірленушіге айтарлықтай материалдық залал келтірілген.
Сотталушылардың қылмыстық әрекеттері өздерінің айыбын мойындаған жауаптарымен, сондай-ақ, жәбірленушілер мен куәлардың жауаптарымен, беттестіру және оқиға болған жерді нақтылау хаттамаларымен, сараптама қорытындыларымен және іс бойынша басқа да дәлелдемелер жиынтығымен дәлелденген.
Қылмыстық заңнамаға сәйкес бұл қылмыстық әрекеттер ауыр қылмыстар санатына жатады.
Сот үкімімен К. ҚР ҚК-нің 188-1-бабының 3-бөлігінің 1)-тармағымен кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілеусіз, 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, ҚК-нің 60-бабының 1-бөлігіне сәйкес, бұрынғы үкіммен тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігі ішінара қосылып, оған түпкілікті 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Ал, сотталушылар С. мен М. ҚР ҚК-нің 188-1-бабының 3-бөлігінің 1)-тармағымен кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілеусіз, біріне 6 жыл, ал, екіншісіне 5 жыл мерзімге бас бостандықтарынан айыру жазасы тағайындалған. Қылмыспен келтірілген мүліктік шығындар жәбірленушілер пайдасына өндірілді.
Ежелден төрт түлігін түлетіп, содан ризығын айырып келе жатқан хылқымыз үшін ақ адал еңбегі, маңдай терімен жинаған малының орны ерекше. Сондықтан мал ұрлығы қазақ халқы үшін ежелден лайықты жазалануы тиіс ауыр қылмыс болып саналады.

Камшат САДУАҚАСОВА,
Арал аудандық сотының төрағасы

aikyn.kz
23 қаңтар 2023 ж. 323 0