Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Адамның бақыты – балада

Адамның бақыты – балада

Әр ата-ана үшін баланың дүниеге келуі зор қуаныш. Өйткенібала – өмірдің сәні, отбасының шаттығы. Бала дүниеге келуімен жақын адамдарына ынтық болады, солармен сөйлесіп, ойнағысы келеді. Яғни, жүрекпен қабылдаған ет жақындарына деген құштарлығы басым болады. Бала анасына ұқсағысы келіп, анасының әдет-қылықтарын бойына сіңіре бастайды. Ата-әжесінің ең сүйкімді немересі болғысы келіп, жанынан қалмайды. Жақын адамдарының бәрі оны түсінгенін қалайды.
Отбасында бала тәрбиелеудегі басты ұстаз ол – ата-ана. Адамгершілік, бауырмалдық, қайырымдылық, әдептілік сынды қасиеттер отбасында үлкендердің үлгісімен сіңеді. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені абзал. Әр ата-ана өз баласымен ашық сөйлесіп, пікірімен де санасып отырған орынды. Кейбір ата-аналар:«Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Оған арнайы уақыт бөлудің де қажеті жоқ. Кәдімгі үй тірлігін жасап жүріп-ақ ұл-қыздармен әңгімелесіп, ой бөлісуге де болады ғой. Отбасындағы ұрыс-керіс, үлкендердің балалардың көзінше былапыт сөздерді айтуы, біреудің сыртынан өсек айту балаға теріс әсер етеді. Сондықтан ата-ана қай кезде болмасын балаға әдептілік танытқаны дұрыс. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дегендей, күні ертең-ақ ұл ержетеді, қыз бойжетеді.
Атам қазақта «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген даналық сөз бар. Бала бүлдіршін кезінен-ақ әр нәрсеге әуестеніп, үлкендерге көмектескісі келіп тұрады. Сол кезде кей ата-ана: «жұмысымнан қалдырасың, сенің қолыңнан келмейді"деп баланың меселін қайтарып жібереді. Бұл дұрыс емес. Керісінше, баланың қолынан келетін ісіне жағдай жасап, оның үйренуіне көмектескен жөн. Сөйтіп баланың ол жұмысты қалай атқарғанына назар аударып, бақылап отырған абзал. Осылайша баланың еңбекке деген құлшынысы артады. Баланың жақсы ісін мақтап, кемшін тұсын дұрыстап, ақылын айтып отырса, ол да үлкендердің айтқанын екі етпей, қандай тапсырма болса да орындауға ынталы болады. Баланың жақсы көруін, араласқысы келгенін ата-ана да ұғынуы керек. Сондай-ақ баламен қарым-қатынаста кереғарлық болмауы тиіс. Баланың бойына жауапкершілікті сіңіру керек. Өзіңіздің бауырларыңызға қатысты жауапкершілікті күшейтіңіз. Сонда бала да өз бауырларына деген жауапкершілікті түсіне бастайды.
Бала – ата-ананың қолындағы аманат. Олардыңжүректері пәк, таза, гауһардай құнды. Олар құнарлы топыраққа ұқсайды, құнарлы топыраққа не ексең, соның жемісін аласың. Сондықтан бала неге бейімделетін болса, сол бойынша бағыт алады, сол бойынша өседі. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі.Тәрбиеде «былай істе, мұны істеме» деудің орнына жүріс-тұрысымызбен балаға үлгі болуымыз керек. Шығыста: «Үш іс тындырған адам: яғни бала өсірген кісі, ағаш- талдар өсірген кісі және кітап жазған кісі өлмейді» деген даналық бар. Балаға, ұрпаққа қазақ халқы қашанда үлкен мән берген. Мектеп партасында отырған баланың жан-жақты тәрбие алуына ең бірінші ықпал ететін ұстаз болса, оның сүйеушісі – ата-ана. Сондықтан ата-ана өз баласының білім алуына барынша жағдай жасауы тиіс, оқу үлгеріміне күнделікті назар аударып, қадағалап отыру керек. Өкінішке орай, кейбір ата-аналар бұған жеткілікті мән бермей жатады...
Бүгінгі оқушы еліміздің ертеңгі үлкен азаматы, кәсіп иесі. Сондықтан да бала тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарап, жас ұрпақты назардан тыс қалдырмағанымыз жөн. Бүгінгі таңда ата-анасы қасында болса да қадір-қасиетіне жете алмай, кейбір ұлдарымыз маскүнемдік пен нашақорлыққа бой алдырып, қыздарымыз шылым шегіп,жеңіл жүрістерге түсуі отбасындағы тәрбиенің дұрыс жолға қойылмауының айғағы. Шариғатта да алтын ұя – отбасы жоғары бағаланып, оны бала тәрбиелеп өсіруіне айрықша мән берілген.
Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау – ата-ананың басты парызы.
М. СӘРСЕНБАЕВА,
№231 орта мектеп мұғалімі
04 ақпан 2023 ж. 390 0