Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғаламдық тордың пайдасы бар ма?

Ғаламдық тордың пайдасы бар ма?

Иә, қазіргі таңда балалар психологиясының, агрессияның немесе түрлі жаман дүниенің бәрі – ғаламтордан тарайды деп айту оп-оңай. Дегенмен, ойланып қарайықшы, оны ойлап тапқан кім? Зиянын шегіп жатқан кім? Үнемі, барлық жерде ғаламтордың жамандығын көргеніміз дұрыс па? Немесе ол жауапкершіліктен қашуға арналған дайын жауабымыз ба? Ал сіз ғаламтордағы пайдалы арналарды білесіз бе? Міне, осыншама сан мың сауал бір уақытта санамды жаулап алды. Солардың жауабын іздеп, әрине, ғаламторды ақтардым...
Ғаламтор –компьютерлік құрылғылар пайда болған кезден бастау алады.Алғаш рет 1971 жылы желі арқылы электронды почтада хабарламалар жіберуге мүмкіндік беретін бағдарлама жасалып, кеңінен таратыла бастады.
1973 жылы бұл желіге трансатлантикалық телефон сымы көмегімен Ұлыбритания және Норвегияның ұйымдары қосылып, халықаралық дәрежеге ие болды. Бір кемшілігі – басқа техникалық стандарттарға негізделген желілермен байланысу мүмкін емес еді.1984 жылы АҚШ жаңа желі жасап шығарды. Оның артықшылығы – хабарлама тасымалдау қабілетінің артықшылығында еді. Бір жыл ішінде 10 мыңға жуық компьютер осы желіге қосылды.1988 жылы ғаламторда нақты уақытта сөйлесе алатын қазіргі таңдағы «чат» пайда болды.1990 жылы ғламторға телефон арқылы қосылудың сәті түсті және екі жылдан соң алғашқы браузер жұмысын бастады.1997 жылға қарай ғаламторға тіркелген 10 миллион компьютер болды, 1 миллионнан астам домендік аттар тіркелген еді.
Міне, өзіміз көріп отырғандай бар-жоғы 50 жылдың көлемінде ғаламтор осындай үлкен жетістіктерге жетті. Айта кететін қызық жайт, қазірде ғаламторға тіркелген құрылғылар саны, ғаламшардағы адамдар санынан көп. Яғни, бір адамның өзінде бірнеше құрылға бар деп толықтай айта аламыз. Олар қандай мақсатта қолданылады екен?
Әлемді тез жаулаған ғаламтордың біз көбіне теріс жағын көріп жатамыз. Мен, әрине, оны жоққа шығармаймын. Халықты неше түрлі алдау, адамның басын ауыртатын мағынасыз дүниелер мен баланың психологиялық және физикалық жағдайын нашарлататын бейнеклиптер. Тіпті, егер діни сауатыңыз аз болса, алданып, одан да ауытқып кетуіңіз мүмкін. Мұны жеңуге бізге не кедергі?
Ғаламтор бізге жақсыны да, жаманды да үйретуші. Тек сол нәрселерді іріктей білуіміз қажет. Шыны керек, жаңалықтардан көрсеткен жағымсыз тұстарын ести отырып, өз басына түскенде сол қатені қайталайтын жандар қаншама. Өзінің аңқаулық немесе сенгіштігінен көрейін десең, кейбір тұста «заңды білгіш, жұрттан қате іздегіш» кейпінде көресің.
Қазіргі таңда барлығы қолжетімді. Мысалы: алғымыз келген дүниені жеткізу қызметі арқылы алып, уақыт үнемдеуге болады. Әрі ол тек қана жиһаздарға емес, киім түрлеріне, азық-түліктерге дейін қатысты. Бұрынғы кездегідей кітапхананы шарлап, білім қуып, оқитын кітапты іздеудің де керегі жоқ. Ғаламторды ашып, атын жаза қойсаңыз, электронды түрде оқуға дайын тұрады. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі жаңалықтарды да елден бұрын білуіңізге болады. Діни біліміңізді арттырып, үйде отырған күйіңізде қайырымдылық жасауыңызда өз қолыңызда. Денсаулығыңыз сыр берсе, оның емін де тауып, үй жағдайында қолдануыңызға болады. Түрлі құжаттарыңыздың керекті жерге тапсыру жолын білуіңізге немесе үйде отырып-ақ кезекке жазылсаңыз да еркіңіз. Алыс туысты жақындатып, жақын туысты бауыр еткен ғаламтордың пайдасы көп.
Үйдегі тентектердің де бұзақылығын ғаламтордан көру жөнсіз деп ойлаймын кейде. Егер уақытылы қадағаланып, балалар тек қана жақсы дүние қараса, ғаламтордан жан-жақты дамуға, білім алуға арналған ақпарат жинаса бәрі басқаша болар еді.
Оған мысал ретінде өзіміздің туыстарымызды алайықшы. Әрбір отбасында немесе әулетте теледидардан орысша арналарды көру арқылыорыс тілінде сөйлеп үйренген кем дегенде 1 баланы көруге болады. Теледидардағы түрлі бағдарламадан да ғаламтор арқылы жаңа нәрсе үйренген, ойлап тапқан мектеп оқушыларын көруімізге болады.
Қазір түрлі-түрлі жаңа қазақша фильмдер, мультхикаялар және ойын түрлері шығарылуда. Қарапайым тілде «шалақазақ», «орыстілді» атанған жандарға бұл үлкен көмек. Үнемі кітап ақтарып, оқу оқығаннан, қызықты ойын арқылы тіл үйрену бәріне оңай.
Отбасын осында тапқан қаражатпен асырап отырған жандар қаншама. Түрлі блогерлер, кәсіпкерлер, мобилографтар. Олардың арасында қарапайым халыққа айтып-айтпай көмек беретіндер де бар. Олардың кейбір қайырымдылық қорлары арқылы барлық адам өзінің үлесін қоса алатынын айтсаңызшы.
Алыстағы туысқанмен бір сәтте видео арқылы байланыстың өзі қандай қуаныш сыйлайды. Оқудағы баласын, шетелдегі бауырын сағынған жанға таптырмас дүние. Шынайы кездескендей болмаса да, бір ауық мауқыңды басуға болады.
Міне, біз жамандайтын ғаламдық тор осындай. Зияны жоқ демеймін, дегенмен әрбір дүниенің жақсы жағынан қарап, іздей білсек оны да табатынымыз анық. «Заманына қарай адамы» демекші, уақыт ағымымен қатар технологияларды қажетті тұста пайдаланудың зияны жоқ. Бастысы – дұрыс нұсқаны табу, әлемге деген «қызғылт көзілдірікті» шешіп, өзгенің қателігінен сабақ алу. Сонда әлімізге қарамай әлекке түспейтініміз анық.
Г. САҚТАПОВА
05 ақпан 2023 ж. 698 0