Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғам белсенділерімен Арал теңізінің мәселесіне қатысты кездесу өтті

Қоғам белсенділерімен Арал теңізінің мәселесіне қатысты кездесу өтті

Бұған дейін әлеуметтік желілерде қоғам белсенділерінің тарапынан Арал теңізіне су әкелу мәселесіне қатысты көптеген алаңдаушылық туындаған болатын. Осыған байланысты облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Құрманбаевтың тікелей тапсырмасы бойынша басқарма басшысының орынбасары Қ.Жансұлтанұлы, «Арал-Сырдария» бассейіндік инспекциясының бөлім басшысы З.Қазтуғанов және «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы басшысының орынбасары Ж.Ерназаров аталған белсенділермен әлеуметтік желідегі көтерілген мәселелерге байланысты онлайн жиын өтті.
Жиынға Арал ауданының белсенділері және "Тұран ойпаты-Арал теңізі" ҚБ мүшелері Көлбай Данабай, Нұртуған Тұржанов, Айжарық Ерали және Ұлмекен Төлеуова қатысты. Кездесуде басқарма басшысының орынбасары Қ.Жансұлтанұлы Арал ауданының белсенділерінің әлеуметтік желідегі көтерген мәселелерінің орынды екенін жеткізіп, салаға жауапты басшылардың тиісті шаралар қабылдап жатқандығын жеткізді.
Сонымен қатар, қоғам белсенділері әлеуметтік желіде көтерген мәселеден бөлек Шардара су қоймасының артық суын көрші мемлекетке кері қайтару мәселесін, Көкарал бөгетінің қазіргі жағдайын, өңірдегі су тораптарының суды сақтау деңгейін және Түркістан облысындағы су тасқынына байланысты апатты жағдайдың біздің өңірде де орын алу қауіпі туралы қозғады. Жиын соңында қоғам белсенділері әлеуметтік желіде көтерілген мәселеге сала мамандарының жауап беріп, дер кезінде кері байланыс жасағаны үшін ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта онлайн жиындарды жиі өткізуді ұсынды.

Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы
04 ақпан 2023 ж. 496 0