Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Толеранттылық – заман талабы

Толеранттылық – заман талабы

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап өз мемлекеттік позициясын айқындап алынды және бұл кезеңде толеранттылық мәселесі де тысқары қалған жоқ. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі экономикалық дағдарыс жылдары да халқымыз өзіне тән толеранттылық сипатын сақтап қалды. Алайда жаһандану үдерісіндегі адамзаттың қол жеткізген жетістіктеріне, сондай-ақ адами құндылықтарға баса назар аударылып отырғанына қарамастан, қауіп-қатер де белең алып отырғаны жасырын емес. Нақтылап айтар болсақ, өркениетке қадам басқан бүгінгі әлемнің түкпір-түкпірінде дау-дамай, жанжал және соғыс ошақтары баршылық. Мемлекетаралық, дінаралық дүрдараздықтар, экстремистік, лаңкестік топтар тарапынан болып жатқан қысым, адам құқығын таптау секілді келеңсіздіктер, тыйылар емес. Бұл арада әлемдегі экономикалық, әлеуметтік-экологиялық мәселелердің де біздің болашағымызға, тіпті, бүкіл адамзат өркениетіне қауіп төндіріп тұрғанын айтпай өтуге болмайды. Ол өз кезегінде адами және рухани құндылықтарға да кері әсерін тигізбей қоймайды.
Толеранттылық (латын тілінде – шыдамдылық, төзімділік қабілеті, көнбістік) – басқа дүниетанымға, өмір салт-дәстүріне, мінез-құлық пен әдет-ғұрыпқа төзімділіктің социологиялық термині. Толеранттылық немқұрайдылықпен бірдей емес. Бұл сонымен қатар, басқа дүниетанымды немесе өмір салтын қабылдау дегенді білдірмейді, ол басқаларға өз дүниетанымына сәйкес өмір сүруге құқық беруінен тұрады.
Осынау сын-қатерлерге лайықты жауап қайтару үшін адамзат толеранттылыққа, төзімділікке, тағаттылыққа, өзара келісімге басымдық беріп, адамгершілікке жүгінуі тиіс. Толеранттылық қай кезеңде болсын ізгілікті іс ретінде саналған. Ол – рухани бірлікке апарар жол. Толеранттылық түрлі адамдар өмір сүретін ортада өзара сыйластық пен құрметтің ортаймауына ұйытқы болады. Толеранттылық бар жерде адамдардың құқығы мен бостандығы сақталады. Негізінен, әр адамның татулықты қалауы қоғамның тұтастығын қамтамасыз етудің бір тетігі.
Пайғамбарымыз Мәдина Мүнәууәрәда тығыз байланыстың орнауы үшін, көшіп келген мұхажирлер мен оларды үйлеріне қонақ еткен ансарларды (араб тілінде - көмекшілер, қолдаушылар) бір-біріне бауыр етті. Әрбір мәдиналық мұсылман жерін, бау-бақшасын, үйін, малын, несі бар болса бәрін екіге бөліп, жартысын мұхажир (жаман істі тастап, одан сақтанған адам) бауырына қуана-қуана берді. Мұхажир Абдуррахман бин Ауф былай дейді: «Біз Мәдинаға көшкен кезде пайғамбарымыз Са’д бин Рәби екеумізді бауыр етті. Осыған байланысты бауырым Са’д маған «Ей, бауырым Абдуррахман! Мен мал-мүлік жағынан мәдиналық мұсылмандардың ішіндегі ең байымын. Мүлкімнің жартысы сенікі»,–деді. Мен оған «Аллаһ тағала мал-мүлкіңе береке берсін. Менің малға қажеттілігім жоқ. Мені базарларыңа апар, сол жетеді»,– деген еді.
Тарихтан білетініміз қазақтың басынан қаншама зұлмат заман өткенін. Кеңестендіру жылдарында ұжымдастыру, тәркілеу, тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде басқа ұлт өкілдерінің Қазақстанға көптеп қоныстануы және оларға қазақ ұлтының қолында барымен, әрі бір үзім нанымен де бөліскенін білеміз. Сол кезеңдегі қазақтың қонақжайлығын, қадірін біліп және бүгінде Қазақстан көптеген ұлттар өкілдерінің ортақ үйі, қасиетті отаны болып отыр. Діні, мәдениеті, тілі, салт-дәстүрі әртүрлі ұлттардың елімізде тату-тәтті өмір сүріп келе жатқаны абыройымызды арттыра түсуде. Бұл мәселеде Қазақстанды әлем үлгі тұтады. Ұлы Даламызда бұрыннан қалыптасқан толеранттылық, төзімділік үрдістері бүгінгі Қазақстан қоғамындағы азаматтық татулық пен келісімнің, ұлтаралық, дінаралық теңдіктің бастауында тұр. Толеранттылық пен дін еркіндігі еліміздегі дінаралық келісімнің орнауын қамтамасыз етуде.
Тңғыш Президент: Н.Ә.Назарбаев: «Біз өзіміздің жатсынбас тұрпатымызбен, этносаралық, конфессияаралық татулығымыз және өзара үндесуімізбен күллі әлемге танымалмыз», – деп баса айтуы да тегін айтылмаған.
Дәстүрлі ислам дінімізді отандас өзге дін өкілдерімен әділ, әрі жақсылықта өмір сүруді және зұлымдық жасамауды ескерткен. Сүйікті Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Кім де кім бір зиммиға (мұсылман елінде тұратын өзге дін өкілдері) қиыншылық көрсететін болса, мен ол адамның дұшпанымын. Ал мен кімнің дұшпаны болсам, онымен ақырет күні жеке есептесемін», – деген болатын.
Сонымен қатар Алла тағала адамдардың өмір сүруіне қолайлы болуы үшін қауым-қауым етіп жаратты. Хужурат сүресінің 13-аятында: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шексіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» – делінген. Ендеше белгілі бір қауыммен араласа отырып, тағдырлас болып өмір сүру Жаратушы Аллаһ тағала қойған заңдылық. Осыны меңзеген пайғамбарымыз бір елде, бір қоғамда өмір сүріп жатқан адамдарды бір кемедегі кісілерге ұқсатып, жақсылығы да, жамандығы да ортақ екендігін айтады. Қазақта «Кемедегінің жаны бір» деген сөз осыдан қалса керекті.
Жаңа ғасырдағы толеранттылық – бұл адамзат қоғамындағы қозғаушы күш, қоғамдағы үйлесімді қарым-қатынастың бірегей шарты болмақ. Міне, осы қағидат тұрғысында қоғамды толеранттылыққа тәрбиелеудің барлық мүмкін құралдары педагогикалық заңдылықтарға негізделіп іске қосылуы тиіс. Тек тың идеялар батыл іске асырылса ғана жемісті нәтижеге жеткізетіні белгілі дүние. Бұл өз кезегінде Қазақстанның қай салада болсын дамуына тікелей әсерін тигізеді. Бұл бағытта әрбір істі өзара келісіммен, бірлікпен шешкен жөн.
Қазіргі таңда уақыт біздің ғана емес, бүкіл әлемнің алдына толеранттылықтың, төзімділіктің мән-маңызын түсінудің қажеттігін алға тартуда. Толеранттылық болмай әлем қауіп-қатерден арылмайды.
Жәнібек ӨТЕГЕНОВ,
«Дін мәселелерін зерттеу орталығының»
Арал ауданы бойынша бөлімше меңгерушісі

Фото: kazislam.kz
06 ақпан 2023 ж. 369 0