Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Путин: Бала көп болса, салық аз

Путин: Бала көп болса, салық аз

Биылғы жылдың қалай боларына болжам жасаған Дүниежүзілік экономикалық форум баяндамашылары халықаралық деңгейдегі әралуан мемлекетаралық саясаттағы кері әсерлер туралы айта келіп, жеке адамдар деңгейіндегі қауіп-қатерлерге де тоқталыпты.Мемлекеттер арасындағы сауда-саттық қырғи-қабақ саясаты әсерінен әлемдік ішкі жалпы өнім көлемінің кемуі, елдердің жаһандық сыртқы қарыздарының өсуі, сондай-ақ айнала қоршаған орта — табиғат пенен климаттағы өзгерістер, апатты жағдайларменен климаттық өзгерістердің алдын алудағы нәтижесіз қадамдар бүкіл адамзатқа қауіп депті. Сондай-ақ, жаппай қырып-жою қаруының таралуы, сумен қамтамасыз етудегі дағдарыс, үлкен деңгейдегі кибершабуылдар, мәліметтерді ұрлау менен кибералаяқтық та әлемге тыныш өмір сыйламайды.
Бұдан бөлек, жоғарыда айтып өткендей елдер менен мемлекеттерден бөлек, тұрғындар да қауіпті жағдайда. Баяндамада «халықтың ашыну деңгейінің көтеріліп келе жатқаны, үрей менен қорқыныш сезімінің көп арасында етек алғаны, жалғыздықты жұрттың сезінуі тұрғындарды көшеге алып шығара­ды» деп сақтандырады. Әрине, бұған себеп саяси тұрақсыздық  бұның нәтижесі де болып табылады.
Енді адамдар неден қауіптенеді? Неге ашынады? Неден қорқады дейтін болсақ, адамдар арасындағы табыс пенен тұрмыс жағдайының тең еместігі, жасанды сананың дамуының жұмыссыздыққа жол беретіндігі, әлеуметтік желілердегі әралуан өтірік ақпараттар, сондай-ақ, шындап келгенде сөз бостандығының жоқтығы бүгінде жұрт ашуының ашынуына түрткі десе де болады.
Әлем жаңалықтарына зер салғанда  бүгінде тыныш ел жоқ. Шерулер айлап, соғыс жылдап, террорлық оқиғалар да жалғасып жатқан елдер әлдеқашан тыныштығын жоғалтты. Дамыған мықты деген мемлекеттердің өзі де көшеге шыққан халқын алдап-сулап баса алмай әлекке түсуде. Әлдебір мәселеге орай халықтың ішкі толқынысының билікке қарсы сыртқа шығуы жұқпалы індет сияқты елден елге тарауда.
Ресей Президенті жылдағы дәстүрлі Жолдауын жасады. Көрші ел болғаннан бөлек, күні кешеге дейін бір шаңырақ астында ҚСРО дейтін алып одақ аясында орысқа ұйып қалған 15 елдің бірі ретінде, әрі саяси, экономика, сауда-саттық, тіпті достық бауырластық қарым-қатынаста да орыстан әлі күнге ірге сөгіп кете қойғанымыз жоқ. Содан да оны көрсе әкесін көргендей болып қалған көп жұрт «Путин не айтты екен?» деп жаңалықтарға құлақ түрді.
Әрине, қара ормандай қалың орыс елінің бүгінгі күні ішкі де сыртқы мәселелері жетерлік. Ресей экономикасының қозғаушы күші бизнес әлеміне қатысты да біраз мәселелер қордаланып қалғаны анық. Заман талабына сай барлығының да бабын табуға тырысқан Путин әсіресе әлеуметтік саясатқа баса назар аударғаны байқалады. «Өз халқың разы болса, сырттан ешқандай күш ала алмасы анық». Оның айтуынша «Ресей демографиялық қиын кезеңде тұр. Бала туу азайып келеді. Мұнымен келісуге болмайды. 2023-2024 жылдары Ресей табиғи өсімді қайта қалпына келтіруі керек». Сол үшін де 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап балаларға төленетін жәрдемақы төменгі күнкөріс деңгейінің 1,5-2 есе көлеміне дейін артады. Биылғы жылдың 1 шіл­десінен бастап мүгедек баланы күту жәрдемақысы 5 мың рубльден 10 мың рубльге көбейеді. «Отбасын­да бала көп болса, салық аз». Баласы бар отбасылар үшін қозғалмайтын мүлікке салық жеңілдігі көбейеді, 6 сотық жер учаскесіне дейін салықтан босайды, оған қосымша әр балаға пәтерде 5 шаршы метр, үйде 7 шаршы метр аумақ салықтан босатылады. Бұған дейін баласы бар отбасыларына ипотеканың алғашқы 3-4 жылына ғана жеңілдік жасалса, енді несиенің барлық кезеңіне жеңілдік жасалады. Сондай-ақ, ипотеканың бағамы 8 пайызға дейін төмендейді. Уақытша табысынан айырылғандарға ипотекалық каникулдар беріледі. Ресейде жер салығы жылына 10 пайыздан аспайды. Қалалар мен кенттерді дамыту үшін әлеуметтік нысандар салып жатқан құрылысшылар қосымша құн салығынан босатылады. Емханаға келушілердің күту уақытын азайту мақсатында «ұқыпты емхана» жобасы жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ балалар емханасы жаңа стандарттарға көшеді.
Путиннің бұл жолғы Жолдауын расында да әлеуметтік бағытқа бағытталған деуге болады. Қайсыбір ел басшысына болмасын қазіргі уақытта тұрақтылық қажет. Елге де.
С.БИХОЖА
qaa.kz
25 ақпан 2019 ж. 852 0