Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасөспірімдер қылмысқа неге барады?

Жасөспірімдер қылмысқа неге барады?

Бүгінде қоршаған ортаға деген көзқарасы әлі де толықтай қалыптасып үлгермеген жасөспірімдер арасында қылмыс жиі орын алады. Қоғам арасында олар көбіне «біреуден есесін қайтару мақсатында» немесе «заңнан бейхабар» болуы себепті мұндай әрекеттерге барып жатады деген пікір қалыптасқан. Дегенмен дамыған ХХІ ғасыр балдарын тәрбиелейтін кішкентай көгілдір жәшік екендігін де ұмытпаған жөн.
Қай ата-ана өз баласын жамандыққа қияр дейсіз? Бір рет қылмысқа барған бала кейін де қайта-қайта қайталайтыны белгілі. Оларды түзу жолға түсірудің өзі ауыр жұмысты талап етеді. Бұл тұрғыда отбасындағы тәрбие мәселесіне тоқталып өткеніміз жөн болар. Осы тұста Абай атамыздың 10-шы қара сөзі еріксіз ойға оралады. «Әуелі өз күнәңді өзің көтергеніңмен тұрмай, балаңның күнәсіне тағы да ортақ боласың. Әуелі балаңды өзің алдайсың: «Әне, оны берем, міне, мұны берем» деп. Басында балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңында балаң алдамшы болса, кімнен көресің? «Боқта!» деп біреуді боқтатып, «кәпір, қияңқы, осыған тимеңдерші!» деп оны масаттандырып, әбден тентектікке үйретіп қойып, сабаққа бергенде молданың ең арзанын іздеп, хат таныса болады деп, қу, сұм бол деп, «пәленшенің баласы сені сыртыңнан сатып кетеді» деп, тірі жанға сендірмей жат мінез қылып, осы ма берген тәлімің? Осы баладан қайыр күтесің бе?» – дейді Абай. Расында, ойланатын жайт. Бала тәрбиесіне келгенде сәл ақсайтынымыз да бар.
Психолог мамандарының айтуынша, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың басты себептерінің бірі отбасылық қарым-қатынастың әлсіреуі екен. Яғни, баланың немен айналысып, қайда барып жүргеніне ата-ананың назар аудармауы. Сондай-ақ кімдермен жолдас болып жүргені мен баланың әлеуметтік желілерге оңай қол жеткізуі болып отыр. Сол үшін әр ата-ана баласының өмірін жіті қадағалап ұстауы қажет.
Ауданда да құқық бұзып, заңға бағынбай жүрген жасөспірімдер жоқ емес. Жауапты сала мамандары бұл мәселеге байланысты жүйелі жұмыстар атқаруда. Кәмелетке толмағандар арасындағы орын алған құқық бұзушылықтар мен қылмыстар туралы Арал АПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімшесі ювеналды полиция тобының аға УПИ-ры, полиция майоры А.Сермағамбетова:
–Қай елдің болмасын болашағы ондағы жастардың қолында екендігі анық. Иә, ертеңгі келешектің тұтқасын ұстаушы бүгінгі бүлдіршіндер тәртібі аса ауқымды болып табылады. Осы тұста, облыс әкімімен бекітілген «Қызылорда облысының білім беру ұйымдарында құқық бұзушылықтың алдын алуды түсіндірудің» бірлескен жоспары жасалған болатын. Сонымен бірге оқушылар мен студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында, мемлекеттік және мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдармен бірлескен жұмыстар ұйымдастырылып келеді. Кәмелетке толмағандарға қарсы және олармен жасалатын қылмыстар, алкоголь, есірткінің зияны, ата-ананың бала тәрбиесіндегі, жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершіліктері туралы дөңгелек үстелдер, сұхбаттар, кездесулер жүйелі өткізіліп жүр. Білім беру ұйымдарында «Кәмелетке толмағандарға қарсы жасалатын жыныстық қылмыстардың алдын алу» мақсатында арнайы әзірленген хабарламаларілініп, «Балалардың қауіпсіздігі мен ата-аналардың жауаптылығы» тақырыбында жадынамалар таратылды. Сонымен қатар өткен 2022 жылы кәмелетке толмағандар мен жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында «Бала және отбасы», «Түнгі қаладағы балалар», «Демалыс», «Мен және менің полицейім», «Абайлаңыз, балалар!» профилактикалық шаралары, күнделікті «Түнгі қала», «Квадрат» рейдтері жүргізілді. Жалпы аудан бойынша профилактикалық жұмыстар барысында 576құқық бұзушылық анықталса, қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 2 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды. Оның ішінде түнгі уақытта заңды өкілсіз ойын-сауық және тұрғын жайдан тыс жүрген 467 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Балаларды тәрбиелеу және білім беру жөніндегі міндеттерін орындамаған 42 ата-анаға әкімшілік хаттама рәсімделіп, сонымен қатар өз міндеттерін орындамаған 2 ата-ана сот құзырымен құқығынан айырылды. Сонымен қатар құқық бұзушылық жасағаны үшін профилактикалық 8 жасөспірім және бала тәрбиелеудегі өзінің міндеттерін орындамаған 5 ата-ана полицияның есебіне алынды. Есепке алынған әрбір тұлғамен жеке профилактикалық жұмыстар атқарылып жатыр, – деді.
Өткен жылы облыста кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар 44 пайызға төмендегенімен (республикадағы ең жақсы көрсеткіш), Аралда 1-ден 3-ке өсіп отыр екен. Сонымен бірге орын алған деректердің 2 бөтен мүлік ұрлығы болса, 1-уі ауыр дене жарақатын салу қылмыстары болып табылады. Одан бөлек, оқушылар мен студенттердің қоғамдық орында суық қару (шаппа, асхана пышағы, электрошокер, кастет, пугач) алып жүрудің 2 дерегі анықталып, олармен түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Аймақта кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар 100 пайыз (2-ден 4-ке) көбейген.
– Отбасылық қарым-қатынас үйлесімділігінің бұзылуы,ата-ана мен бала арасындағы түсініспеушілік, бақылаудың жоқтығы көп жағдайда жасөспірімдердің үйлерінен қашып кетуіне әкелуде. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандар арасында хабар-ошарсыз кетудің 102 арнасына 6 дерегі тіркеліп, олардың барлығы анықталып, ата-анасына табысталды. Талдау көрсеткендей, жасөспірімдермен қылмыс жасауға жиі әсер ететін факторлар: ата-ана тарапынан тиісті қадағалау мен бақылаудың жоқтығы, тәрбие жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмеуі, отбасының әлеуметтік жағдайының төмен болуы. Жасөспірімдермен жасалған қылмыстың барлығы сабақтан тыс уақытта болғандықтан, баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды ұсынамыз. Өздеріңізге мәлім, қазіргі таңда ғаламтор желісінде барлық ақпаратқа қол жеткізуге болады. Сонымен қатар бала телефон арқылы ересектерге арналған контенттерге немесе түрлі зиян сайттарға қосыла алады. Оның ішінде, суицидке, құмар ойындарына апаратын сілтемелерді біздің тарапымыздан қадағалау мүмкін емес. Осы себепті, ата-аналар балалардың әлеуметтік желілерде қандай парақшаларда отырғанын қадағалау қажет. Полицияның басты міндеті – қылмысты ашу ғана емес, оның алдын алу және болдырмау,–дейді А.Сермағамбетова.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, алдымен әр ата-ана өз баласының тәрбиесін жіті қадағалауда ұстауы қажет. Сол кезде ғана елімізде жасөспірімдер қылмысы азайып, бала болашағы жарқын болады. Бала көргенін істейтіні рас. Осы мақсатта алдыңғы буын өкілдері ертеңгі ұрпаққа дұрыс жолды сілтегені дұрыс. Жақсы іс пен жаман істің айырмашылығын түсіндіріп, олардың соңы қандай жолға апарарын да бала бойына сіңіре білу керек. Ұрлық, адам ұру, тәуелді зиянды дүниелер және басқа да балаға қылмыскер атағын әкелетін әрекеттерден аулақ ұстағанымыз абзал. Қылмысқа толы елдің болашағы да жоқ екендігін есте сақтайық!
А. НҰРЛАНОВА
11 ақпан 2023 ж. 3 141 0