Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр жұртшылығы гуманитарлық көмек жөнелтпек

Сыр жұртшылығы гуманитарлық көмек жөнелтпек

Бәріне белгілі көршілес Түркия мемлекетінің оңтүстік-шығысында магнитудасы 7,7 болатын ең ауыр жер сілкінісі болып, салдарынан 46 мыңнан астам адам қаза тапты. Түркия тарихындағы ең жойқын табиғи апат салдары қазір елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына орасан зор шығын әкелді. Апат болған сәттен Түркияға әлем елдері жан-жақтан қаржылай-гуманитарлық көмек көрсетіп, қол ұшын созуда.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының орынбасары Ерлан Сисенбиев айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізден Түркияның зардап шеккен аудандарына шұғыл түрде құтқарушылар мен дәрігерлер тобы барған болатын. Әлемнің алпыстан астам елінен жұмылдырылған іздестіру жұмыстарында Қазақстаннан аттанған ТЖМ өкілдері бірнеше адамды құтқарып, жүзден астамының денесін үйінді астынан алып шықты. Көзсіз ерлікке барған отандастарымызға шексіз ризашылығымызды білдіреміз, – деді ол.

Осы орайда, Сыр жұртшылығы да бұл жағдайға бейжай қарамады. Қайғы мен қасірет қатар орнаған сын сағатта бауырлас елге белгілі журналист Нұрбек Бекбау 120-дан астам киіз үй жіберу бастамасын көтеріп, оған жергілікті меценат-кәсіпкер «Абай-Дәулет» ЖШС-нің басшысы М.Сәрсенбаев та өз үлесін қосты. Қазір көмек ретінде жіберілген киіз үйлер апат болған аймақтарға тігіліп, жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, кәсіпкерлер қаржылай көмек көрсетіп, апат аймақтарын қайта қалпына келтіру үшін тамшыдай болса да үлес қосып жатыр.

– Осыдан екі апта бұрын жергілікті кәсіпкерлер мен Сыр волонтелері Сол жағалауда орналасқан Жастар ресурстық орталығының ғимаратында гуманитарлық көмек жинау пунктін ашты. Онда төсек-орындар, тұрмыстық-шаруашылық және жеке гигиеналық заттар, азық-түліктер, киім-кешек топтастырылып, арнайы жүк көлігіне тиелді. Қазір қаладағы «Тағзым» алаңы мен Жастар ресурстық орталығының жанынан апат аймақтарына арнайы дайындалған гуманитарлық көмек тиелген жүк көліктері жолға шығуға дайындық үстінде, – деді Е.Мырзалыұлы.

Аружан ЕРАЛЫ,
«Сыр бойы»

syrboyi.kz
22 ақпан 2023 ж. 230 0