Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мал дауы медиациямен реттелді

Мал дауы медиациямен реттелді

Бүгінде тараптардың ымыраға келуі арқылы азаматтық істердің медиация тәртібімен тоқтатылу рәсімдері жиі кездеседі. Мұндай әрекеттер процеске қатысушылардың қатынастарын теңгеріп қана қоймай, соттарда қаралатын істердің санын да азайтады. Негізінен, сот істерінде тараптардың ымыраға келуі, істі аяқтаудың ең тиімді жолы болып табылады, өйткені істе жеңіліс тапқан тарап болмайды, екі тарапта қол жеткізген нәтижеге разы болады.
Айталық, Арал аудандық сотында талап қоюшы У-дың жауапкер С-дан 2 бас боталы түйе малын немесе оның құны 1 840 000 теңге өндіру жайлы азаматтық ісі қаралды.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 4-бабына сәйкес, дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесу азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттерінің бірі болып табылады. Осыған орай, істі сот талқылауына дайындау барысында, сотпен тараптарға дауды татуласу рәсімдері арқылы шешу құқықтары, оның тәртібі мен құқықтық салдары түсіндірілген. Соттың бұл еңбегі еш зая кеткен жоқ.
Тараптар сот талқылауы барысында дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келген.
Медиациялық келісімге сәйкес, жауапкер талапты мойындап, берешегін жыл соңына дейін бөліп төлеп құтылуға міндеттенген, ал талап қоюшы келісім талаптарын қабылдаған.
Дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнің заңға қайшы келмейтіні, келісім шарттарының орындалуы басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайтыны ескеріліп, келісім сот ұйғарымымен бекітіліп, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.

Арал аудандық сотының баспасөз қызметі
27 ақпан 2023 ж. 388 0