Теңіз тағдыры – ел тағдыры

Арал туралы ән шығарып, жабырқаған халықтың жүрегін жұбатқан халық композиторларының туындыларын жас ұрпаққа насихаттау, олардың рухани танымын арттыру, отансүйгіштікке, туған жерді қастерлеуге шақыру мақсатында өзім еңбек ететін мектеп қабырғасында ұдайы танымды тақырыптағы сабақтар мен апталықтар өткізіліп тұрады. Мәселен, «Арал тағдыры – ел тағдыры» тақырыбында өткен сабақ барысында оқушылар алдымен Арал теңізінің тартылуының себептері мен салдары турасында ақпарат алды. Және теңізді зерттеген ғалымдар мен оны өздерінің тырнақалды туындыларына арқау еткен ақын, жазушылар, жыршы-жыраулар мен композиторлар туралы ақпарат берілді. Және «Аралым» әнінің шығу тарихы да сабақ барысында оқушыларға түсіндірілді.
Оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, ойларын ортаға салды. Сондай-ақ сергіту ойындары арқылы білім-біліктерін арттыра түсті. Туған жер перзенттерінің ой-танымын кеңейту мақсатында ұйымдастырылған мұндай бастамалардың әрине көп болғаны жақсы. Себебі өз тарихын білген бала болашақта туған жерінің қадір-қасиеті мен киелі жерлерін жадында жаңғырта бермек. Сол арқылы тарих түзіліп, ұрпақтар сабақтастығы қайта жанданады.
Мейрамкүл СӘРСЕНБАЕВА,
№231 мектептің музыка пәні мұғалімі