Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сан саланы меңгерген кәсіпкер

Сан саланы меңгерген кәсіпкер

Шыдамдылық, қайсарлық, өжеттілік, еңбекқорлық пен сабырлылық. Әсілінде кәсіп бастаған адамға керек қасиет. Кәсіп демекші, біз қазір нағыз кәсіпкер мен алыпсатардың ара-жігін ажыратпай, бәріне бірдей қоғамнан кәсіпкер деген ат бергенбіз. Ал шынтуайтына келгенде, өз өнімін шығарып, оны табыс көзіне айналдырып отырған адам ғана кәсіпкер деген мәртебелі атқа лайықты емес пе?! Біз бүгінгі мақалаға арқау ететін кейіпкер де сан кәсіптің шашауын шығармай бір арнаға тоғыстырып жүрген нағыз іскер азамат. Кейіпкеріміз Жансерік Нысанбаев қарапайым құрылысшы болудан бастап, өнеркәсіп иесіне дейінгі кәсіпкерлік жолын бізге былайша баяндап берді.
Нысанбаев Жансерік Темірбайұлы 1982 жылы Арал қаласында қарапайым отбасында өмірге келген. Әкесі Темірбай Нысанбаев ағаш ұстасы болған. Ал анасы Ләмпасия Қаныбетова 33 жыл табан аудармай аудандық аурухананың тері аурулары бөлімшесінде тазалықшы қызметін атқарып, бүгінде зейнетке шыққан. Жансерік отбасындағы 3 баланың тұңғышы. Сондықтан да болар, ол ата-анаға қолғабыс жасап, еңбекке ерте араласты. Тұрмыстағы тауқыметті түйсініп өсті.
– 1989 жылы қаладағы №62 мектептің алғаш табалдырығын аттап, 1999 жылы бітіріп шықтым. Енді менің алдымда жоғары оқу орнын оқып, бір мамандықты игеру керек деген мақсат тұрды. Негізі құрылыс, дизайн саласына қатты қызығатынмын. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде ол кезде қабырға газеті деген болады. Сондай жұмыстарды асқан құлшыныспен жасайтынмын. Бірақ өкіншіке орай, мен құжат қабылдаудан кеш қалып, ол мамандыққа түсе алмадым. Сонан соң Қызылорда қаласындағы Заң колледжіне оқуға түстім. Оқуды бітірген соң мамандығым бойынша жұмысқа орналасу қиын болды. Әрі жоғары оқу орнын оқу қажеттігі туды. Осылайша Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы университеттің сырттай бөліміне мамандығым бойынша оқуға түстім. Бұл шақта мен Ақтөбеге барып тұрақтап, сонда әр түрлі жұмыстар істедім. Сырттай бөлімде оқйтын болған соң оқу ақысын ата-анама салмақ салмай, өзім табайын деген ой болды. Ең бірінші қаладағы жиһаз сататын дүкенге жиһаз құрастырушы болып жұмысқа орналастым, – деп бастады Жансерік әңгімесін.
Осында жүріп ол жиһаздардың құрастырылу технологиясын толық меңгеріп алады. Енді "неге осы дүниені шетелден тасымай, өзіміз жасап көрмеске" деген ой түйеді. Ол үшін ұсталық таныс дүние, әкесі Темірбай да, атасы Нысанбай да ұста кісі болған. Нағашылар жағы да бұл өнерден кенде емес. Қанында бар қасиет. Осылайша, ол Ақтөбеде жүрген аралдық жігіттердің басын біріктіріп, шағын жиһаз цехын ашады. Бұл 2003 жылдар болатын. Өз өнімдерін дүкендерге сатып, бұл тәуір табыс әкеле бастайды. Сол шақтарда қазір біздің тұрмысымызға сіңіп кеткен «еврожөндеудің» енді басталып келе жатқан шағы болатын. Жансерік бұл істі де толық зерттеп жүріп меңгеріп алады. Еңбекққор жан енді жиһаз жасаумен қатар, үйлерге құрылыс жұмыстарын жүргізіп, заманауи өң беретін құрылысшыға айналады.
– Аралдық таныс жігіттердің басын біріктіріп, тәуекелге бел буып құрылысшылықты қолға алдық. Бұл шақ нағыз құрылысшының түкірігі жерге түспей тұрған кез еді. Біз білмейтін түрлі құрылыс материалдары шығып жатты. Бұл жұмыстардың бәрінде жұмыс берушімен келісім жасап, құрылысқа қажетті материалдарды есептеу – барлық жұмыстар менің мойнымда болды. Осылай Ақтөбе қаласы менің өмірімдегі тәжірибе алаңы болды. Көп нәрсені көрдім, үйрендім, білдім. 2007 жылы отбасылық жағдайыма байланысты Аралға қайта қоныс аудардым. Бұл кезде қос дипломым болса да жұмыстың реті болмады. Бірақ құр қарап жатуға тағы болмайды. Сонан соң үй ауласында шағын жаздық сарайымыз бар еді. Соның ішінде отырып ағаштан түрлі тұрмысқа қажетті заттар жасай бастадым. Орындық, үстел, гүл, теледидар қоюға арналған бұйымдар жасадым. Оларды ағайындарыма, көршілеріме сыйға бердім. Біз, қазақ өзі төрінен қонақ үзілмейтін халықпыз ғой. Олардың үйіне келген адамдар қызығушылық танытып, қайдан келген дүние екенін сұрайды ғой. Олар мені нұсқайды. Осылай біртіндеп тапсырыстар келе бастады. Ақыр аяғы тапсырыс молайып, қасыма көмекші жігіттер алдым. Ол шақта менде ағашты кесуге арналған құралдар болған жоқ. Ақтөбеден кестіріп алып келетінмін. Табысымды жиыстырып ең бірінші станок алдым. Енді кішкентай сарай тарлық етті. 2009 жылы ресми түрде кәсіпкер ретінде тіркеліп, орталықтан жалға ғимарат алып, өз кәсібімді дамыта бастадым. Тұрғындардан, мекемеден жиһаздарға тапсырыс та түсе бастады. Бұл жеке ғимараттың болуы керектігінен хабар берді. Осыдан соң кәсіпкерлік мақсатта жер алып, 2012 жылы өзімнің «Арал жиһаз» деп аталатын цехымды аштым, – деген Жансерік туған жердегі алғашқы табысты жылдары туралы айтты.
Ол қай кезде де бір іспен тоқтап қалған жан емес. Жаңа дүниеге әркез құштар. Ілімін алып, ізін қуып меңгергенше тыным таппайды. Жиһаз жасаумен қатар құрылысшылық қызметін де ұмытпай қатар ала жүреді. Мұның аралығында да түрлі кәсіпте өзін сынақтан өткізген. Бірақ тағы бір жаңа дүние жасау керек. Осы оймен ол ұзақ жүрді. Ең алдымен өзіне "аралдықтардың басты тіршілік көзі не?" деген сауалды қойды. Әрине, балықшылық. Ал балықшыға керегі – қауіпсіз қайық.
– Сол жылдары балықшылар арасында қайғылы жағдай көп болды. Жас жігіттер суға кетіп жатты. Сосын ойлана келе жайлы, жақсы, қауіпсіз моторлы қайық жасау керек деген ой түйдім. Ол кезде астымда джип маркалы соңғы үлгідегі темір тұлпарым болды. Соны сатып, шетелден қайық жасауға қажетті материалдарды алдырдым. Қазір ақпараттық заман ғой. Ғаламтордан қарап, жасалу техникасын үйрендім. Бірінші жасаған қайық сынақтан өтпеді. Сынбадым. Тағы жасап көрдім. Ол да жарамсыз деп танылды. Мұнан соң да тәуекелге бел будым. Енді тыңғылықты зерттеп, тағы құрастырып шықтық. Ер кезегі үшке дейін деген рас екен. Бұл сәтті шыққан дүние болды. Бұған дейін бір көліктің ақшасын желге ұшқандай жоқ қылсам да, ақырында діттеген мақсатыма жеткеніме қуандым, – дейді ол.
Жансерік ең бірінші сапаға мән беретін жан. Ал қайықтардың бағасы нарықтағы өзге өнеркәсіптегі қайықтар бағасынан әлдеқайда төмен. Сондықтан қазірде тапсырысы көп. Ол жасаған қайықтар Каспий теңізі мен Балхаш, Алакөлде жүзіп жүр.
– Айына 5-6 қайық шығарып отырмыз. Бәрі тапсырыспен жасалады. Одан артыққа үлгермейміз. Көбіне тапсырыстар сырт қалалардағы балықшы қауымнан түсіп жатады. Тапсырыстың дұрыс жетуіне де жауаптымыз. Менің бір түсінгенім, өндіріс өлтірмейді. Қазақ өзі "тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің" демей ме? Біз жаңаны меңгеруге дағдылануымыз керек. Аралда жиһаз жасауды кәсібіне айналдырып отырған жігіттер бар. Оларға көмек керек болса, әркез қолдан келген көмегімді аямаймын. Ал қайық жасауды әлі ешкім қолға алған жоқ. Тіпті Қазақстанның өзінде саусақпен санарлық өндіріс орындары бар. Сондықтан болар, бәсекелестік аз ортада тез табысқа кенелуге де мүмкіншілік жоғары, – дейді кәсіпкер.
Қазір өндіріс толық қуаттылықпен жұмыс жасап тұр. Кәсіпкердің басты мақсаты – бағаны тұрақтандыру. Ол бір айда бір қайық жасап, оны қымбат бағаға саудалағаннан гөрі арзан бағада ай ішінде алты қайықты саудаға салып, қарқынды жұмыс жасағанды жөн деп санайды. 8 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Айлық жалақылары атқаратын қызметіне қарай 150 мың мен 200 мыңның аралығында.
– Алла сәтін салса, биыл құрылыс материалдарын шығаратын цехты іске қосқалы отырмын. Бүгінде кәсіп ашам деген жанға мемлекеттен қолдау көп қой. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы «Даму» қорынан алты пайыздық мөлшерлемемен несие алып, аталған цехты бастауға қажетті құрылғыларға тапсырыс беріп қойдым. Енді Аралдан құрылыс материалдары шығатын күннің де ауылы алыс емес, – деді Жансерік Темірбайұлы.
Еңбек түбі – береке. Ол қазір қоғамда кәсіптен береке тапқан, жаңа істі қолға алып, табысқа жеткен азамат болумен қатар зайыбы Жанармен берекелі отбасылық бақытқа кенеліп, төрт баланы тәрбиелеп отырған үлгілі әке.
– Балаларымды адал еңбекке баулудамын. Кісі ақысын жемей, табанды еңбек етуді біз әкемізден үйрендік. Анамыздың ақ сүтімен бойға сіңірдік. Солардан көрген үлгі-өнегемізді өз балаларымызға да сіңіріп жүрміз. "Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен көрікті" дейді. Біздің істеген әрбір ісіміз сол балаларға үлгі болса екен, – деген кәсіпкер Жансерік Темірбайұлы отбасылық құндылықты да жоғары қастерлейтіндігін тілге тиек етті.
Ол бала кезден еңбекқор болып ержетіп, жиһаз жасауды, құрылыс жұмыстарын істеуді меңгерді. Ал қазір қайық жасаудың шеберіне айналды. Енді құрылыс материалдарын шығаратын цехты іске қоспақ. Бұл төрт адамның ойынан табылатын ерекше қабілеттің бәрі бір ғана жанның бойына дарыған. Бір кездегі заңгерлік мамандығы да тасада қалып жатқан жоқ. Өнеркәсіптің заңгерлік құжатнамасын жүргізуде де өзінің алған білімі пайдасын беруде. Еңбектен нәпақа табумен қатар, халық қажетін өтеп отырған осындай кәсіпкерлермен мақтануымыз қажет-ақ.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
11 наурыз 2023 ж. 328 0