Қасиетіңнен айналдым, мүбәрак Рамазаным!

Негізі ораза ұстау – мұсылманға парыз етілген сауапты іс. Аллаға мойынсұнған, оған бір саты жақын болғысы келетін жандардың мүмкіндігі. Оның рухани болмысқа һәм денсаулыққа берер пайдасы мол. Біріншіден, адам баласын төзімділікке, сабырлылыққа үйретеді. Себебі, ораза ұстаған жан күні бойы аш болып, шөлдеп жүреді. Ашуын туғызатындай жағдай болса, «мен оразамын» деп сабырға келеді. Нәпсісін тізгіндейді. Тиісінше қасиетті Рамазан айында қылмыстың азаятыны да мұсылман қоғамына белгілі.
Рамазан айының оразасы туралы бізге бірнеше хадис белгілі. Соның бірінде: «Кім Рамазан айының оразасын шын ниетімен, ықыласпен ұстаса, оның бұрын істеген күнәләрі кешіріледі» делінген. Тағы бірінде: «Рамазан айының басы – рақмет, ортасы – кешірім, соңы – тозақ отынан құтылу» дейді. Және де оның Алла алдында орны ерекше екенін дәлелдейтін: «Адам баласының ұстаған оразасынан басқа амалдарының бәрі өзіне. Ал оразаның жөні бөлек. Өйткені ол менің разылығым үшін ұсталады, оның сауабын да өзім беремін» деген хадис бар.
Сонымен қатароразаның денсаулыққа да пайдасы көп. Аштықпен емдеу Еуропа елдерінде кең етек алуда. Бұл мәселе төңірегінде аштықпен емдеу арқылы ХІХ ғасырдан бері жеткен жетістіктері көп. Әсіресе Батыстың медицина саласы емдей алмаған созылмалы нефрит ауруын осы ем-шарамен емдеген. Жасушаның жаңаруына, қан диабетінен, артық салмақтан арылуға, тері ауруларына және денеге тұз жиналу, қан қоюлануы, ас қорыту жүйесі мен қан қысымын ретке келтіруде пайдасы бар екенін бірі білсе, бірі білмес. Бірақ, денсаулық үшін пайдасын ойлап қана ораза ұстауға ниеттену дұрыс емес екенін ескеру керек. Сондықтан осындай қасиетті де сыйы мол айда Алланың разылығы үшін сауапты істерге асығуымыз керек.
Мүбәрак Рамазан айы барша мұсылманға құтты болсын! Осы айда ораза ұстаған барша жанның ниеті қабыл болып, жүректерге иман нұры құйылғай. Алла қалап, Айт мейрамында ел болып тойлауды жазсын демекпіз.
Г. САҚТАПОВА