Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Рамазан – ризық айы

Рамазан – ризық айы

Алла тағаланың мұсылман құлдарына қасиетті етіп берген бірнеше күндері мен айлары бар. Қасиетті айлардың бірі әрі бірегейі ол – Рамазан айы. Рамазан айының ерекшелігі сол – мүміндер бұл кезде бір ай бойы ораза ұстайды. Рамазан – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлықтың, кешірімділіктің, тақуалықтың және нәпсіні тәрбиелеу, өз-өзіңе есеп беру айы. Осымен қатар, Рамазан Құран айы, тақуалық пен тәрбие айы ретінде байыпталады. Рамазан – айлардың сұлтаны, күнәлардың кешірілетін, мың айданда қайырлы Қадір түні бар шоқтығы биік ай. Құран Кәрімде Алла тағала мүміндерге ораза тұту жайында былай дейді:«Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақтанарсыңдар».
Негізі ораза ұстаудың рухани һәм денсаулыққа пайдалары өте көп. Рухани пайдаларының бірі адам баласын сабырлыққа, төзімділікке тәрбиелейді. Өйткені пенде күнін Алла тағалаға иман еткен күйде аштықпен, шөліркеумен өткізеді. Пенде адамның ашуын тудыратын қандайда бір келеңсіз жайттарға тап болса, «Мен оразамын» деп сабырға келеді. Жалпы мұсылман қоғамында осы Рамазан айында қылмыс азаятыны белгілі. Өйткені Алланың мұсылман пенделері өзін және өзгелерді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыяды. Нәпсісін тізгіндейді, мейірімді, кешірімді болады.
Құран Кәрімде Алла тағала:«Олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла тағала жақсылық етушілерді сүйеді» – деп бұйырған.Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір сөзінде: «Кім Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, оның бұрын істеген күнәлары кешіріледі» – деген.Сондай-ақ Алла Елшісітағы бір хадисінде: «Рамазанның басы – рақмет, ортасы – кешірім, соңы – тозақ отынан құтылу», – деген екен. Ал Алла тағала пендесін бар күнәсына қарамастан осылай кешіріп тұрса, онда құлға жарасқаны өзге құлдарды да кешіре білу емес пе?!Пайғамбарымыз өзінің бір хадисінде үмметін былай деп сүйіншілейді:«Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі».
Қараңызшы, шынайы сеніммен бір ай ораза ұстасаңыз болғаны, әлемдердің Раббысы сіздің барлық күнәларыңызды кешіруге дайын. Бұл – тек Мұхаммед үмметіне берілген асыл сый. Өйткені Алла Елшісі өзінің құдси хадисінде оразаның тұтқан адамның Алла алдында орны ерекше екенін былай жеткізеді:«Ұлылығы шексіз Алла тағала: Адам баласының ұстаған оразасынан басқа барлық амалдары өзіне. Ал оразаның жөні бөлек. Өйткені ораза Менің разылығым үшін ұсталады. Сондықтан да оның қарымын (сауабын) Өзім беремін – деген».
Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде:«Ораза ұстаушының екі үлкен қуанышы бар: ауыз ашқанына қуанады және Раббысымен қауышқанда ораза ұстағанына қуанады», – деген.
Рамазан – сауап жасау, мол мүмкіндік, рухани тұрғыдан өз-өзіңдіжаңарту, жаңғыру айы. Алла елшісі былай деді:"Аузы берік кісіге ауыз аштырғанға ораза ұстағанның сауабындай сауап беріледі. Бұдан ораза ұстаушының сауабы еш кемімейді".
Ораза айы – күнәдан тазару айы. Алла Елшісі былай дейді:«Ораза – қалқан. Пенде ораза ұстаумен тозаққа қалқан қояды». Осы хадистегі «қалқан» біздің сабыр-шыдамымыз болып табылады. Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде: «Ораза – сабырдың, сабыр болса – иманның жартысы», – деген. Демек, ораза иманнан туындайды. Иман тозақтан сақтайды. Мұсылман иманының қуатына қарай қылмыс пен күнәдан бойын аулақ ұстайды. Жүйкесін жұқартпайды, ашуын ақылға жеңдіре алады. Ораза ұстап аш жүрген кезде нәпсі қозбайтындықтан, адамның сабыр сақтауы көп қиындық туғызбайды. Аяқасты тап болатын түрлі қиындықтарға шыдамдылық танытуда оразаның берер пайдасы көл-көсір.
Оразамен аштыққа, шөлге, тағы басқа түрлі ауыртпашылықтарға шыдай алған адам тосын жағдаяттарға тап болғанда сағы сына қоймайды. Ораза қиындықтарға шыдауға әбден шыңдалған, нәпсісіне ие бола алатын, ақиқатты өмірлік ұстаным деп біліп, одан таймайтын сегіз қырлы, бір сырлы әмбебап адамдарды тәрбиелеуде үлкен рөл ойнайды.
Рамазан – әр жылы қайта оралып, мұсылман адамға өз-өзіне жаңадан тәрбие беруге мүмкіндік беретін, мұсылман пенденің сабырлығы бойынша емтихан тапсыратын ай. Оразаға ниет еткен жамағат ала таңнан ақшам уақытына дейін сабырлық жасайды. Ораза болғаны үшін кешке дейін ішіп жемейді. Сондай-ақ ашу-ызаға бой алдырмай, жұмсақтық танытады. Тұла бойын харамнан, тілін жаман сөзден, көзін сұқтанудан сақтайды. Өйткені Пайғамбарымыз «Сабырлықтың жартысы ораза ұстаудан тұрады» – деп өсиет қалдырған. Бұл өсиет даналық бұлағындай болған біздің ауыз әдебиетімізде қалай өрілді екен, соған мән берсек.
Рамазан айында ораза арқылы төзiмдiлiк, шыдамдылық, сабырлылық, жанашырлық, тақуалық секiлдi iзгi қасиеттердi өнбойымызға жинауғатырысамыз.Рамазан – қайырымдылық, мейірiмдiлiк, ізгі амалдардың еселене жасалатын уағы. Сол арқылы сауабымыз артып, күнәларымыз кешiрiледі.
Алла тағала жасаған ғибадаттарымыз бен тақуалығымызға орай жұмақ нығметтерiн сыйға тартады. Бұл жайында хадис шәріпте былай делінеді:«Адамдарды жәннатқа кіргізетін нәрсе – тақуалық пен көркем мінез». Ал осы шынайы тақуалықты адам баласы Рамазан айында сезінеді. Ал ондай кісі жәннатқа лайық. Осы хадисте баяндалғандай, жұмаққа лайықты адамның келесі қасиеті ол – көркем мінез. Көркем мінез нәпсіні тізгіндеуден, тақуалықтан туындайды. Өзін-өзі басқаруы күшті, нәпсісі тәрбиеленген адамның мінез-құлқы да тамаша. Ондай адам сабырлы, мейірімді, жомарт келеді. Басқаға хасат (қызғаныш) қылмайды, күндес болмайды, зұлымдық, жамандық жасамайды. Ораза ұстаған адам нәпсісін басқара білуі, мінез-құлқын көркемдеу және тілін жаман сөздерден тыю арқылы оның бойы күнә-кемшіліктерден тазарып, Алланың рахметі мен мағфиратына бөленіп, жәннатқа лайықты ізгі жанға айналады.
Ораза – ішіп-жеужәне шаһуаттантыйылу арқылы орындалатын құлшылық. Алтамақ мен жыныстық сезім адамзатты азғыратын, жолдан тайдыратын нәпсі нөкерлері десек болады. Нәпсі – адамның ішкі жан-дүниесі, рухына азық болатын нәрселерден гөрі тәнге азық болар нәрселерге үгіттейді. Оразаның тағы бір пайдасы осы нәпсінің екі нөкерін тізгіндеуіне септігін тигізеді.
Нәпсісін тізгіндеп, өз-өзін басқара білген адамды тақуа дейді. Пенде оразаның арқасында нәпсісін толықтай ауыздықтап, өзі де Ұлы Жаратушының алдында шынайы мойынсұнған құлға айналмақ. Ораза тұтқан кез келген жан өзінің ораза ұстамаған бұрынғы бейқам күндеріне қарағанда тазалықты, пәктікті сезінеді. Яғни, ешнәрсеге, тіпті бір жұтым суға да қол соза алмауы барлық нәрсенің Иесі бар екенін, өзінің әлсіз құл екенін түсінеді. Осыдан барып ол өзінің барынша әлсіздігі мен мұқтаждығын сезініп, Алланың рақымдылығына қарай бет түзейді. Сондықтан нәпсісін тежеп жасалған тарыдай ғибадат ықылассыз орындалған таудай құлшылықтан артық. Баяғы өткен данышпандардың бірі: «Нәпсісін ақылына тізгіндеп бере алған адам мақсатына жетеді. Ал ақылын нәпсісіне тұтқын етіп берген кісі жолда қалады», – деген екен.
Алла тағала періштелерді жаратып, оларға тек ақыл, жануарлар әлемін жаратып, оларға тек нәпсі берген. Ал адамзатты жаратып, ақыл мен нәпсіні қоса берген. Періштелерде нәпсі болмағандықтан, Алланың әмірін бұлжытпай орындайды. Жануарларда тек нәпсі ғана болғандықтан, олардың бар мақсаты – қарынды тойдырып, жыныстық сезімін қандыру қамында ғана өмір сүреді. Ал адам баласында періштедегі ақыл да, жануардағы нәпсі де бар. Адамзаттың періште мен жануардан айырмашылығы мына дүниеге сынақ үшін келген. Сондықтан адам қаласа, ақылымен періштелер дәрежесін бағындырады, немесе нәпсіқұмарлыққа салынып жануарлар секілді қарын мен жыныстық сезімінің қамын ойлаумен күн кешеді. Демек адам ақылға ерсе, дәрежесі артады, ал нәпсісіне ерік берген адамгершілігінен айырыла береді. Осымен қатар, ораза денсаулыққа да көп пайдалы. Мына кереметті қараңыз, қазіргі таңда Еуропада науқастарды аштықпен емдеу әдіс-тәсілі кең етек жаюда. Бұл мәселеде кезінде XIX ғасырдың аяғында физиотерапия саласының майталман маманы, неміс ғалымы Эрет Арнольд оразамен емдеу орталықтарын ашып, небір жазылмас науқастарды емдеп, бұл салада үлкен жетістіктерге жеткен. Сөйтіп, Эрет Батыстың көптеген елдері мен қалаларында орталықтарын ашқан. Эреттің ерекшелігі сол – Батыстың медицина саласының ең мықты 24 ғалымы оған жазылмайсың деп диагноз қойған созылмалы нефрит науқасынан осы аштықпен емделу (ораза ұстау) арқылы жазылып кеткен. Ал мұсылман жұртшылығына Алла тағала ешқандай ғылыми зерттеулер мен тәжірибелер өткізбей-ақ, жылына бір рет келетін қасиетті Рамазан айында ораза ұстау деген үлкен нығметін беріп қойған. Ораза ұстаудың денсаулыққа орасан пайдалы екендігі жоғарыда келтірдік, әлдеқашан дәлелденіп қойған. Біле-білгенге ораза – адамға тамақ жеу, тыныс алу, ұйқы, іс-қимыл сияқты адам ағзасына өмірлік маңызы бар құбылыстардың бірі болып табылады
Оразаның бір күндік жоспары: Таң намазына дейін;Тәһаджүд намазына тұру; Түннің жартысынан бастап, сәресі уақытының аяқталуына дейінгі уақытта тұрып оқылған намазды «тәһаджүд намазы» дейді. Тәһаджүд намазы екі рәкаттан сегіз рәкатқа дейін. Алла тағала бұл намаз жайында: "Түн ішінде Аллаға бас иіп, сәждеге жығылып һәм тікесінен тік тұрып құлшылық еткен, ақыреттен қорқатын және Раббысының шексіз рақымынан үміт ететін (мүмін) адамдар бола ма?!" деген.
Сәресіге ояну:СебебіПайғамбарымыз бір хадисінде:«Сәресіге тұрыңдар сәресіде үлкен береке бар», деген. Тым болмаса бір жұтым су ішудің өзі сәресін орындаған болып есептеледі.
Азан айтылғанға дейін истиғфар айту; Алла тағала Құран Кәрімде:"Сәресі уақытында Алладан кешірім тілейтін" деп, таң намазына тұрып, құлшылық жасайтын адамдарды дәріптеген. Алла тағала Рамазан айын бізге өзі разы болатындай пайдалы өткізуді жазсын!.
Қ.ҚАБЫЛҒАЗИЕВ,
Арал аудандық орталық мешітінің бас имамы
18 наурыз 2023 ж. 392 0