Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балаға неге құлақ жегізеді?

Балаға неге құлақ жегізеді?

Қазақ салтында, өздеріне қойдың басын тартқан ақсақалдар мен қой-ешкінің басын мұжыған үлкен кісілер балаларға игі мақсатпен құлақ, көз, таңдай, тіл береді. Бабаларымыздың әрбір ісінің астарына үңілер болсақ бәрінде терең мағына бар. Әрине қойдың мұндай мүшелерін балаға жегізудің астарында үлкен мән жатыр. Мұны біреу білсе біреу білмес. Әсіресе қазіргі буын бейхабар болуы бек мүмкін.

Бәріміз салт-дәстүрдің тұнып тұрған ортасы, ауылда өстік. Ағайын туыстың ортасында жүріп, біз де мұндай дәстүрдің барын білдік. Түпкі мәніне үңілмесек те аталар ұстатқан құлақты жеуге асығатынбыз. Әрине, дәмді астан кім бас тартсын?! Десе де осы сынды дәстүрдің озығы мен тозығын біле жүргеніңіз жөн болар.
Студент кезім болатын. Жол үстінде келеміз. Сабақты аяқтап ауылға бағыт алған болатынмын. Вагонда менімен қарсы орынға егде тартқан қария жайғасқан екен. Жүзі жылы, мейірімді жан менен жөн сұрасып, жылы қабылдады. Алдымызда әлі 8 сағаттық жол жатыр. Әңгімені әріден бастаған ата кезінде мұғалім болып, бүгінде зейнет демалысында екен. Байқап отырасым салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты жоғары бағалайтыны көрініп тұр. Содан ол менен «Құлақ жеп өскен баласың ба?» - деп сұрады.
– Әрине, ата ауыл баласымын ғой. Онсыз болама, – дедім.
– Еее, дұрыс екен. Енді соның түпкі мәнін білемісің?
Мен сәл тосырқап, мүмкін құлағы жақсы естейтін болсын деп ырымдаған болар деген түпкі ойымды айттым. Ал атай болса менің бұл жауабыма жымия күлді. Сөйтті де мұндай ғұрыптың мағынасын ашып берді.
– Қариялардың балаларға құлақ кесіп беруінің үлкен тəлім-тəрбиелік жəне ғылыми мəні бар. Яғни, жасынан қариялардың қолынан құлақ жеп, өсиеттерін тыңдап өскен бала үлкенді сыйлап, кішіні аялайтын, сөз тыңдап, сөз қадірін түсінетін, ақылды, білімді азамат болып есейеді. Әдепті, ибалы болуға дағдыланады. Бата жасап, бас кескен қариялар, алдымен, бастың езуінен бір кесіп алып өзі ауыз тиген соң, бастың оң жақ құлағын кесіп алып, үйдегі жасы ең кіші балалардың біріне: «Мə, балам, құйма құлақ бол, сөз тыңда, үлкендердің лебізін жерге тастамайтын жақсы азамат бол!» - деп береді – дегенде мұның шын мәнінде тектен-текке берілмейтінін түсіндім.
Ата тек құлақ беру ғана емес, қой басындағы көз бен тілді балаға не себепті жегізетінін де ашып айтты.
Әдетте білікті, тəрбиелі үлкен кісілер бас мұжығанда «көреген болсын, əділ болсын» деген ниетпен, бастың екі көзін алып, өзі қалаған балалардың біріне: «Мə, балам! Көреген көсем бол, қара қылды қақ жарар əділ бол, халқыңа алаламай тең қара!» деп оған беріп жегізеді. Міне, бұл «көз жегізу» делінеді. Қазақ халқы екі көзді бір адамға береді. Екі көзді екі адамға берсе, алакөз болады немесе əділдіктен тайып, бұра тартады деп қарайды.
Көзді үлкендерден игі тілек тыңдап отырып жеген бала қырағы, сергек, көреген, халыққа тең мəміле жасайтын турашыл, əділ адам болып жетілуге тырысады. Сондай-ақ, өзіне жан-жақты талап қойып, халықтың үміт-тілегін ақтауға құлшынатын ізгі ниетті азамат болып есейеді.
Әдетте, көреген қариялар мен тəлімгер əжелер тілдің ұшын «дұшпанның тілі кесілсін» деген ниетпен кесіп тастап, онан соң «айтар сөзі көмекейіне кептеліп қалмайтын шешен болсын» деген ниетпен көмекейін тілден бөліп алып, тілді-жақты болсын деген бір балаға: «Мə, балам, үлкендердің тілін ал, жезтаңдай шешен бол!» деп тілді беріп жегізеді. Міне, бұл «тіл жегізу» деп аталады. Тіл жеген бала ата-ана мен үлкендерге, халыққа жағуға, жақындауға тырысады. Өзгелермен оңай тіл табысып, қоғамдық қарым-қатынасын нығайтып, досын көбейтіп, өрісін кеңейтеді. Көпшіл, халықшыл, əдепті, ибалы, мұратты адам болып өсіп-жетілуге құлшынады.
Мен бейтаныс атайдан естіген осы бір әңгіме құлағымда сақталып қалды. Расында да әр нәрсенің жөнін білген халқымыздың байырдан келе жатқан ырым-тыйымдарының астарына үңілсек терең мағынаға қанық боламыз. Бұл да ұлтымыздың ұлылығын көрсетсе керек.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
21 наурыз 2023 ж. 421 0