АҚШ-тан келген хат
Мен қарапайым ғана ауыл қызымын. 8-ші сыныпқа дейін Арал ауданына қарайтын Жаңақұрылыс елді мекеніндегі №74 орта мектебінде білім алдым. 2016 жылы Арал қаласындағы №220 орта мектебін "Алтын белгімен" бітіріп, сол жылы Алматы қаласындағы Әл-Фараби ұлттық университетінің студенті атанып, информатика және техника мамандығын алып шықтым. Кейін сол университетте 2 жыл магистатураны жалғастырдым. Қазіргі таңда Америка Құрама Штатындағы Бостон қаласындағы Boston University.College NET-те COMPUTER INFORMATION SYSTEM мамандығы бойынша алған білімімді тереңдетудемін.
Хош. Мен бұл мақалам арқылы өзім туралы айтайын деген жоқпын. Әр адамның көкірек түкпірінде жатқан сағыныш сезімі шалғайға кеткен сайын күшейе түседі екен. Елге, жерге, ұстаздарға, әсіресе ата-ана мен бауырларға деген сағыныш тіпті ерекше. Осы уақытқа дейін көп адамнан естісек те, сезініп көрген бөлек екен. Олардың әрбіріне деген құрмет еселеп артып, көңіл сарайың сағыныш жайлы сайрап сала беретінін айтсаңызшы. Сол алып-ұшқан жүректегі сезімді параққа түсіріп отырмын.
Гректің ұлы ғұламасы Платон "Кімде-кімнің үйінде қартайып отырған әке-шешесі немесе ата-әжесі секілді «қымбат» қонағы болcа, сол үйде Құдайдың құрметті өкілі келеді деп ойласын. Егер үйдің иесі оларға дұрыс қарап, қамқорлық жасаса, ата-аналары оның отбасының құты болып табылады" деп айтқан екен. Ұлы ойшылдың осы бір сөзі шалғайда жүргендегі мен үшін өмірлік бағдаршам іспетті. Асыл сөздің пайымын білген дана халқымыз “Қариясы бар үйдің қазынасы бар”деп шаңырақтағы ата-анасын айрықша құрметтеген. Мен үшін осындай қадірлі жандардың бірі, аяулы әжем, тәрбиемнің тұнық тұнбасы – Бейбіт Ерниязова.
Ол кісі тек мен үшін емес, бүкіл ауыл, аудан халқының, өзі сияқты ұлағатты кәсіп иелеріне сыйлы жан. Барлық ауыл халқы «Бейбіт апай» немесе«завуч апай» деп атайтыны да сондықтан. Бұл дәрежеге адал еңбегімен жетті. 16 жыл тәрбие ісін басқарып, Қаз ССР оқу министрлігінің Құрмет грамотасы, аудандық, облыстық білім бөлімінің Алғыс хаттары секілді көптеген марапаттарға ие болды. Еңбектің еленгені де сол шығар. Зейнетке шыққан соң да ұстаздықтан қол үзбей, өз тәжірибесін өзінен кейінгі буынға үйрете білді. «Парасат консалтинг» оқу орталығында жұмыс істеп, аудан деңгейінде ағылшын тілінен «танымдық» кеш өткізіп, ата-ананың, шәкірттердің алғысына бөленді. Сіз туралы талай тақырыптағы мақалалар аудандық, облыстық деңгейдегі газеттерде жарық көрді. Аймақтың аға басылымы «Сыр бойы» газетінің бөлім меңгерушісі сізді аса құрметтейтін, досындай сырласатын Ержан Қожасов «Мен ауылдың ұлымын» атты кітабына да «завуч апай» деп есіміңізді қосты. Өзіңізден білім алып, тәрбиеңізбен жетілген шәкірттеріңіз де жетерлік. Талай биікті бағындырған оқушыларыңыздың бірі РысжанШамұратова қазірде Астана қаласында тұрады. «Ұлт ұстазы» төсбелгісінің иегері,әдіскер-жетекші, қазіргі танда «Дарын»мектебінің директоры.2021 жылы білім саласына қосқан қосалқы еңбегі үшін есімі «Қазақстанның алтын» кітабына енген. Ал АлтынкүлОмарова да сіздің ізіңізді басып, Арал қаласындағыӨнер мектебі директорының орынбасары болып, шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық сайыстардың жеңімпазы атанып жүр. Еліне адал қызмет етіп жүрген шәкірттеріңіз жүздеп саналады.Сіздің ерекше қасиеттеріңіз–еңбекқорлық,талапшыл,үйрете жүріп өзгеден үйрене алатын,өзгеде кездесе бермейтін қарапайымдылықпеншыдамдылық секілді қасиеттеріңізді бойына сіңірген шәкірттеріңіз сіздің көрсеткен жолыңызды мақтанышпен айтады.
Сізден үйреткен тағы бір ерекше үлгіңіз – кітапқа деген құмарлық.Үйде кітап сөресінде қазақтың,орыстың ақын-жазушылармен қатар шетелдік жазушылар Вальтер Скот,В.Шекспир, Конок Дойл,Теодор Драйзер, Джейн Фэйзердің кітаптары әлі күнге дейін сақтаулы тұр.Мен ол кітаптарды түгелдей оқып шықтым. Реті келгенде «Қазір технологияның дамыған заманы, интернет бар деушілерге» кітап таным көкжиегін кеңейтетін тағы бір айта кеткім келеді. Сіздің айтқан қазақ ертегілерінен бөлек ағылшынмен грузиннің балаларға арналған ертегі, әңгімелері әлі күнге жадымнан өшкен емес.
Мен мемлекеттік гранттың иегері болып шетелге аттанғалы тұрғанымда:«Қызым, сенің төбеңде ерекше бір шам бар,соның жарығы өшпесін,саған сендім, сен сенуге лайықсың. Көп білдім деп тасыма,үнемі еңбек етуден,ізденуден жалықпа»деген едіңіз. Осы сөз жүрегімде сақталып қалды. Бүгінде жетпістің төріне шыққалы отырса да өз балаларының ғана емес, бүкіл шәкіртінің анасына айналған жанның ғұмыры жайлы талай дүние жазуға болады. Бірақ осы бір мақалам арқылы жүрек түкпіріндегі сағынышымның бір бөлігін болса да туған топыраққа жеткіздім деп ойлаймын.
Алтынай Жаңабекова,
Бостон қаласы Boston University.College NET-те білім алушы
Бостон қаласы Boston University.College NET-те білім алушы