Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қасиетті жеті күлше НЕМЕСЕ АНТҚА АДАЛДЫҚ АЛҒЫСҚА БӨЛЕЙДІ

Қасиетті жеті күлше НЕМЕСЕ АНТҚА АДАЛДЫҚ АЛҒЫСҚА БӨЛЕЙДІ

Жеті күлшенің қасиеті. Анам, әжем түсіме ене берген соң, аудандық мешітке арнайы барып дұға жасадым. Имам «желеп-жебеп жүрген шығар, жеті күлше нан таратып жіберіңіз» деді. Жеті күлшемді пісіріп, аудандық аурухана ұжымына таратайын деп шештім. Бірінші күлшені ауданаралық аурухананың бас дәрігері Ршымбетов Марат Құбылұлына кіріп, амал мерекесі– Көрісу күні болған соң, «қыстан аман-есен шығуыңызбен, ұжымыңыздың ауызбірлігі болсын» деп ізгі тілегімді арнап, көрісу амалын жасадым. Өз кезегінде басшы ризашылығын білдіріп, ұжымымызды жазып тұрсаңызшы деп ұсыныс білдірді. Күлшелерімді ұжымдағы дәрігерлер мен кіші медицина қызметкерлеріне таратып, ауруханадан қуана шықтым. Басшының ұсынысын әлсін-әлсін есіме алып, қалай бастасам екен деп ойланып жүргенмін. Қате деген, үлкен ұлымыз үйінің төбесінен құлап, ауруханаға әкелдік. Алматыда жүрген әкесі есітіп, дереу жолға шықты. Киелі Түркістан шаһарынан қасиетті күлшенің 14 данасын ала келді. Жазатайым құлап мертіккен жігітті әуелі носилкамен кезекші тазалықшылар Бибігүл Жұбаниязова мен Жаңагүл Төлегенова түсіріп алды. Қыз балаларға носилка көтеру ауыр ғой деп тазалықшыларды аяп та жүрмін. Кезекші аяжандар Рая Шашақова мен Аққатша Орынбаева құрақ ұшып науқасты қабылдап алды. Кезекші дәрігер Гүлсара Қожақова демалыс күні болса да жедел рентген-лаборант Өсербай Өтепбергеновті шақырып алды. Басаяғы жарты сағат өтті ме, өтпеді ме, әлгі дәрігер жедел шешім қабылдап, мертіккен жанды рентгеннен гөрі компьютерлік томографияға түсіру керек деп тапсырма берді. Науқастарды бақылау және диагностика палатасынан Құттыбекті алып, лифтіге салып, қабылдау бөлімінен аудандық аурухана ғимаратының атшаптырым екінші басына жедел алып кетті. Аудандық аурухана ғимаратында науқастарға бар жағдай жан-жақты жасалған екен. Жедел медициналық көмек көрсетуде мін жоқ. Компьютерлік томография қорытындысын травматолог дәрігерге телефон арқылы мәлімдеп, бір омыртқасы сынып, екі омыртқасының қатты зақымданғанын айтты. Пациенттерді қабылдауға арналған бөлмеде білікті хирург, хирургия бөлімшесінің басшысы Әмірхан Жүсіпов те жедел келіп, «қозғалмай 10 күн жатады, жазылып кетеді» деп жұбатып жатыр бізді. Небәрі 30 минуттың ішінде қаншама науқас түсті. Науқастардың атын атап, түсін түстеуді мақсат тұтпадық. Күндізгі дәрігер Гүлсара ауысымды аяқтап, дәрігер Нұрсұлтан Кеулімжаев қабылдап, түрлі диагнозбен келген науқастардың рет-ретімен ем-шараларын жүргізіп жатты. Мертіккен ұлымызды бірінші қабаттан жедел сатымен үшінші қабаттағы травматология бөлімшесіне жатқызды. Бұл бөлімге жауапты мамандар кезекті демалыста болса да бөлімшемен байланыста болып, хабар алысып жатты. Сәресінен сауап күтіп, ұйқысын қиып отырған жандардың дұғасын қабыл ет Алла деп қасиетті ораза айының төртінші күні жеті күлшемді пісіріп, ауруханаға жол тарттым. Бірде бал, бірде у боп өтеді өмір, Бақты да, қайғыны да көтере біл... Ниеттеніп ораза тұтып жатқан қаншама жандарға сарқылмайтын сабыр мен таусылмайтын төзім бергеніне шүкіршілік етіп, киелі күлшелерімді көтеріп, травматология ұжымына бас сұқтым. Баламның шыдамдылығы көңіліме медеу болды. Мақтауға лайықты нағыз дәрігерлер бар. Жауапкершілікті сезініп жетіп келген Әмірхан докторға риза болдым. Әрине ол менің мақтауыма зәру де емес, алайда ол кәсіби ісіне мығым жан. Дәл осы дәрігер Ә.Жүсіповтей травматолог және невропатолог дәрігерлер де неге келмеді екен деп ұзақ ойландым. «Апамыз бұл саланың маманы емес, қайдан білсін, жұлынмен ойнауға болмайды ғой. Жұлыны үзіліп кетсе, адам өліп кетеді» деген келінімнің сөзін естігенде уайымдап қалғаным рас. Әсілі, өлім мен өмір арасында әзер шыдап жатырған әлгі ұлымды аядым. Ол үндемей, ауырғанын сездірмей менен жасырып көзінің жасы ағып жатты. Бюджеттен медицина қызметкерлерінің жалақысын бекерден-бекер көтермеген болар. Бұл саланың жұмысының ауырлығын таразыға салып, жауапкершілікті де сезіну тиіс кейбір дәрігерлеріміз. «Мәселе маған тіреліп тұрмаған шығар» деп менсінбеушілікке салынбауы тиіс еді ғой деп терең ойға шомдым. Осы ретте бұрынғы кездегідей «шағым кітабын» қабылдау бөлімінің кіреберіс көрнекті жеріне іліп қойған дұрыс па, әлде басқалай әдістәсілдерін қолдану керек пе деген ой келді. Қай дәрігерге, қай мейірбике мен тазалықшы мамандарға жағымды да жағымсыз пікірлер көптеп жазылса, еңбекақысын қиып отырған дұрыс па, әлде бұрыс па екен деген ой түйдім. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп те әсте бекер айтылмаған-ау шамасы. Сабыр сақтап, әйелдікке салынбай, өз-өзімді тоқтатып, бәлкім ол дәрігер ораза тұтқан болар, аузын ашып, шай-тамағын ішіп, көңілін бірлеп науқасты қарап кеткен шығар деп өз-өзімді жұбаттым. Әлгі травматолог дәрігерге ренжіп, ашуға булыққанымызды біліп, 6 сағаттан кейін әйтеуір бас сұқты-ау. Мертігіп жатқан азаматтың ата-анасы қатардағы қарапайым зейнеткер болған соң, менсінбеген-ау шамасы деп ой түйдім. Дүние дөңгелек қой, хан бол, қара бол, қарапайым бол! Оның да Алланың алдында сұрауы бар. Адам жанының арашашысы, Гиппократ заңына адал дәрігерлеріміз өз ісіне салғырт қарамаса екен. Сол түні ұйқым қашып, келінімнің сөзі сүйектен өтіп, түнгі үште кезекші аяжан Раяға және травматология бөлімшесінің кезекшісі медбрат Наурыз Абылайға хабарластым. Қарапайым халықтың да, төсек тартып жатқан науқас жанның да, ақ халатты абзал жандардың да атына заты сай болып, жүректері ауырмаса екен. Кезекші дәрігердің шақыртуына келмеген травматолог та, невропатолог та өте кештеу болса да әйтеуір бір соғыпты-ау. Шаққа дегенде кезекші травматолог дәрігер Айдар Досмамбетов те келді-ау. «Сабыр түбі – сары алтын», сабырлы болайық, Алла тағала тәкаппар адамдарды жек көретінін, ал сабырлы адамдарды жақсы көретінін әсте естен шығармайық! Қасиетті ораза айының шерепеті шығар, сол күні мейірімді жандар өте көп болды. Жедел жәрдем жүргізушісі Дәулет, аға мейірбике Гүлжайна мен аяжан Жансая қамқор қолын созды. «Олжа-маркет» дүкенінен зат алып шыққан таксист те және 48711 нөмірлі көлік иесі де қамқорлықтарын көрсетіп жатты. Балама нан-суымды беріп, қабылдау бөлімінде ауызашар жасап жатқан Рая, Бибігүл, Жаңагүл, Аққатшаға да «оразаларың қабыл болсын, Алла ниеттеріңді қабыл етсін» деп қыздардың дастарқанынан дәм таттым. Иә, Аллаға құлшылық етейік, жүрегіміздегі иманымыз артсын, азаматтардың ынтымақбірлігі берік болсын деп түнімен ұйықтамай, сәремді іштім. Шыдамды, төзімді халық екенімізді танытып, тату-тәтті тірлігіміз бен бірлігіміз болсын. Қасиетті ораза айының төртінші күні травматология бөлімшесіне барып, әлгі киелі күлшелерімді тараттым. Аталған бөлімше басшысы Тұрғанбек Ерсейітовке дәрігер Айдардың салғырттық танытып, науқасты келіп қарамаған қылығын баян еттім. Не дегенмен, көпті көрген көреген басшы ғой, сабырлы, салмақты қалыпта: «ол дәрігермен өзім сөйлесемін, қам жемеңіз, бүгін арнайы өзім келіп, ем-дом жасап жатырмын» деп жауабын берді. Дәрігер Тұрғанбек те, аяжан Шара Таубаева да ораза тұтыпты. Алла ниеттерін қабыл етсін. Тазалықшы Баян Жалғасбаева да құрақ ұшып көмектесеміз ғой деп жатыр. Әрине тазалықшының жұмысы да жауапты, науқастың тамағын беріп, дәретін алу да оңай жұмыс емес. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, жексенбі күні болса да қатаң тәртіпті ұстанып, ережені сақтап, бөгде адамдарды қабылдау бөліміндегі аяжандар Ләззат Нұралиева мен Жұлдыз Нәжманова, тазалықшылар Жанар Сермаханова мен Бақшагүл Байгелдиновалар кіргізбеді. Тәртіп сақтағандарына өз кезегінде ризашылығымды білдірдім. Ораза айының жетінші күні жолдасымның Түркістан шаһарынан Қожа Ахмет Иассауи баба жерінен әкелген 14 күлше нанды әуелі құдайы көршілеріме, редакция ұжымына тараттым. Нанның киесі бар деген. Алла тағала ниетімізді қабыл етсін! Алладан менің сұрағаным қабыл болсын дұғаларың, отбасыларың аман боп, нұрына бөленіңдер оразаның. Алла баршаңызға сауаптан жазсын.
Құндыз ЕРЖІГІТҚЫЗЫ,
қала тұрғыны
01 сәуір 2023 ж. 369 0