Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұшқыштар туған ауыл

Ұшқыштар туған ауыл

Журналистік жортуыл түрлі жағдайға жиі жолықтырып жатады. Осыны көтере білгенге, не кездессе де көнуге қайлы болған адам ғана осы мамандықтың иесі болары белгілі. Белгілі қаламгер Жүсіпбек Аймауытовтың журналистика жайлы "Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе" дегені де сондықтан болар. Бірақ көбіне шалғай жолдың шытырманынан гөрі естіген, көрген дүниелерімізді есте сақтап, содан ғибрат алуға, жақсылығын жария етуге құштармыз.Бүгінгі тақырыбымызға арқау ретінде журналистік сапар кезіндегі сәтті сұхбаттың бірінен бастауды жөн көрдім.
Осыдан бірнеше жыл бұрын арнайы ақпараттық топтың қатарында болып, жаңа заңнамалық нормаларды, аудандағы ахуалды көзбен көріп, халықпен кездесу үшін жолға шықтық. Сырдың бойын жағалай қоныстанған ауылдардың халқымен жиындар өткізіп, олармен емен-жарқын пікір алмасып, ұсыныс-пікірлерін тыңдап келеміз. Осылайша теңіз қолтығындағы шалғайда орналасқан Қаратереңге де жеттік. Тарихы терең ауылдың жұртымен өткен жиыннан соң қонағына дастарқаны жиылмаған елдің салтымен астан ауыз тиюді сұрады. Астан аттамаған қазақылығымызды бұзбай, әрі үй иесінің көңілін қимай келістік. Дастарқан басында сол уақыттарда ауылдық округ әкімі болған Құдабай Жиенбаев ағамыз өткен-кеткеннен әңгіме қозғап, тәуелсіздік алған жылдардағы жағдай мен бүгінгі ахуалды салыстыра отырып, бір кездері айтса сенгісіз жағдайлардың орындалып келе жатқанын сөз етті. Мұнан бөлек ауыл халқының ертеден-ақ бейімделген ісін көпшілікке баяндады. Сол сұхбатта мына бір сөздері ұмытылмастай болып қалды.
«Бұл ауылдан шыққан кеме капитандары мен ұшқыштар өте көп. Оған себеп те бар. Бала не көріп өссе соны арман етеді емес пе?! Осы екі мамандық иелерінің көп болуы да сондықтан болар. Жағалауды соғып, ақ бұйра толқыны арнасынан асып жататын теңіздің толысқан шағында мұнда талай кеме тұрақтап, қайтадан айдынды бетке алды. Жағадан алыстап қара нүктеге айналып, одан әрі көзге көрінбей кеткенше қол бұлғап тұратын балалық сезім сол кемелерде қиянға кетіп бара жататын. Ал ауылдың төбесін айналып, келіп-кетушілерді көкке көтерген АН-2 ұшағы теңіз бетімен жүзіп кеткен аппақ арманды көкке көтеріп ала кететін» дегенде өзіміздің де ұшаққа көзімізді сығырайта күннің сәулесінен алақанымызбен көлеңкелей қараған сәттеріміз еске оралды.
Қаратереңдік ұшқыштар жайлы дерек тек бұл ғана емес. Осы ауылдан түлеп шыққан филология ғылымдарыныңдокторы, профессор, көрнекті журналист Бауыржан Омарұлының «Үлкен үшеудің үлгісі» атты мақаласын «Арал қойнауындағы біздің ауыл барша жұртқа көкте самғаған ұшқыштарымен танымал. Шетінен ұшқыштың оқуын бітірген Қаратереңнің қайсар жігіттері қалт-құлт еткен АН-2-ден бастап, құлашы кең, әукесі әйдік әуе кемелерін ерттеп мініп, жер түбіне айдап кете береді. Бұлар тек ұзын тұмсық ұшақты ғана емес, жайынбас тікұшақты да шырқ үйіреді. Бетін аулақ қылсын, теңіз беткейінде әлдеқандай бір жағдай бола қалса, тәуекелге бел байлап, алдымен жететін де солар. Ал енді бүгінде осы теңіз қолтығындағы Қаратереңнің «Миминолары» жөнінде көпшілік жақсы біледі» деп бастауы да Қаратереңнен шыққан қырандар жайлы сөзімізді салмақты ете түсіп отыр.
Иә, расында солай. Қаратереңдік ұшқыштардың шоқтығы биік. Мәселен, Қайбалды Әбжамиұлы Орынбаев «Жыл адамы» атанған. Қазақстан авиациясы саласында алғашқы болып «Жыл адамы» атанған азамат біздің жерлесіміз. Мұнан бөлек Әбжами Тлеулесов – ССРО аэропортының үздігі, еңбек сіңірген әуе қызметкері, экономика ғылымының докторы, халықаралық информатизация академиясының академигі. Ол 12 типті әуе ұшағын меңгерген, «Академик И.Юзвишин» медалімен марапатталған. Ал Дулан Дәрменов – азаматтық авиацияның 1 класс, жүк тасу авиацияның 4 класс ұшқышы. 1976 жылы есімі Қазақ ССР-нің «Алтын құрмет» кітабына енген.
Бұл біздің аузымызға түскендері ғана. Мұнан бөлек аспан мен жердің, ел мен елдің арасын жалғаған әуе шеберлері Қаратереңнің төрінен шыққаны барша аралдықтар үшін үлкен мақтанып.
О.ЖОЛДАСОВ
11 сәуір 2023 ж. 302 0