Мерейі үстем Мейрамкүл

Мамандықты ол емес, мамандық оны таңдағандай жас ұрпақты білім нәрімен сусындатар, оқырман жүрегіне нәр егер мұндай жандарды қоғам әрқашан құрметтейді. Әр адамның жүрегіне ыстық, жанына жақын ортасы болады. Мейрамкүл үшін сондай нұрлы да шуақты орта – кітапхана. Ол меңгерушілік ететін қалалық балалар кітапханасы бүгінгі таңда тың жобаларды жемісті жүзеге асыруда. Кітапхана әрбір пайдаланушы үшін ақпарат алаңына айналып отыр. Заманауи оқырманғазаманауи кітапханалық қызмет көрсету және креативті оқырманның сұранысын қанағаттандыру арқылы оқырманның кітап оқу мәдениетін қалыптастыру отыз жылдан жоғары еңбек өтілі бар оның басты мақсатына айналып отыр.
«Еңбек ер атандырады» дегендей, өз ісінің майталманы Мейрамкүл халық құрметіне бөленіп жүр, оның дәлелі елімізде белең алған төтенше жағдай кезінде аудан тұрғындары мен оқырмандарының рухани әуелетін арттыруда атқарған жұмысы үшін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы «Қазақстан кітапханаларының Альянсы» қоғамдық бірлестігінің атынан «Халық құрметі» төсбелгісімен марапатталды. «Мен үшін кітапханашы болу – үлкен өнер, шеберлік мектеп» деп, өз мамандығын құрметтеп, биік белестерді бағындырып жүрген ол қазақстандық кітапханалық одақтың «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісін де омырауына тақты.
Бүгінде оқырманның білімділік, ақпараттық, мәдени және демалыс қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған қызмет көрсету түрін ұйымдастыруда кітапханада «Coworking» орталығы ашылып, «Шебер қолдар» үйірмесі жұмыс жасап отыр.
Бұдан бөлек, 2019 жылы қалалық балалар кітапханасында «Рухани қазына» кіші бағдарламаның «Асыл ұрпақ» жобасы аясында ұйымдастырылған «Кітап оқу терапиясы» жоба жұмыстары жүргізілді. Жастардың рухани дүниесіне де көп көңіл бөліп, кітап оқуға деген қажеттілікті арттыру мақсатында «Кітап оқу терапиясы» жобасы аясында «Рухани жаңғыру: болашаққа кітаппен бірге» оқу конференциясы, «Біз – жаңа кітаппыз» әдеби қалашық, «Жұлдызды шығармалар» мерейтойы, ақын- жазушылардың шығармаларын насихаттауға арналған жылдық оқу акциясы, «Бүгінгі кітапхана: жаңа уақыт – жаңаша мүмкіндіктер» ақпарат сағаты, «Кітап оқы: өз өлкеңді танып біл» акциясы , «Оқырман –оқырманға , өзің оқы –өзгеге ұсын» буккросинг, «Кітап – ең әдемі әлемім» тосын сый көрмесі, «Көңілді күн», «Батыл қазына іздеушілер» библио-кэшинг ойыны жазғы ойын сауық кештері, «БУКинстаграм: жазғы оқу» акциясы ұйымдастырылды. Кітапханада тұрақты «Шебер қолдар» үйірмесі жұмыс жасайды.
Балалардың кітапханада білім көкжиегін дамытуына жол ашу және 35 даму мүмкіндігі шектеулі балалар кітапхана қызметін пайдаланып, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуге қалыптастыру мақсатында «Библиотерапия шексіз мүмкіндіктер әлеміне жол» жобасы жұмыс жасауда.
Кейіпкеріміздің қолға алып жүрген шығармашылық жұмыстарынан бөлек жеткен жетістіктері де бір төбе. «Үздік кітапханашы –2017» номинациясы, Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық кітапханасы «Халық құрметі»т өсбелгісі, «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісі өз алдына, бұдан бөлек қол жеткізген облыстық, аудандық деңгейдегі салалық марапаттары бір бөлек. Шығармашылыққа жаны жақын әріптесіміз бұл кезге дейін оқырмандарының жеткен жетістіктерімен де мақтана алады. Алдыңғы аға буыннан бүгінгі балдырғанға дейінгі аралықты қамтыған оқырмандар арасында аудандық, облыстық, қала берді республикалық байқаулардың жеңімпаздары атанғандары да бар. Жан-жақты ізденіс пен қажырлы еңбекті қажет ететін мұндай салада жетістікке жету арқылы даралануда басқаларға Мейрамкүл әріптесіміз үлгі болатындай-ақ. Расында ол өзіндік болмысын қалыптастырған жан.
Құндызай ШАЛБАЕВА,
орталық балалар кітапханасының меңгерушісі