Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерге көше атауы берілді

Ардагерге көше атауы берілді

Өткен аптаның сенбі күні Аманөткел ауылындағы көшелердің біріне осы елдің тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Мыңғышпан Көздібаевтың есімі берілді. Көше беру және ескерткіш тақтаның ашылу шарасына Аманөткел ауылдық округінің әкімі, ауыл ардагерлері, көше тұрғындары мен ардагердің ұрпақтары қатысты.
– Бүгін біз өскелең ұрпаққа үлгі боларлық тағылымды іс-шараға жиналып отырмыз. Саналы ғұмырын ел болашағы үшін майдан даласында қиян-кескі шайқастарға қатысып, соғыстан кейінгі ауыртпашылығы мол жылдарда ауылдың өсіп-өркендеуіне арнағанмайдангер Мыңғышпан атамызға көше берілу – аға ұрпаққа деген құрметтің жарқын көрінісі. Ел мен жерді қорғаған майдангерлерге құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың парызы.Бүгінде бұл көше жарықтандырылып, таяу күндері асфальтталатын болады,– деді ауылдық округ әкімі Қайрат Әбдіраманов.
Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына қатысқан ауыл ақсақалдары Шындалы Әбдіраманов, Шайқы Бекмағамбетов, аралдық балдызы Қази Алданов, інісі Ербосын Әбуов және атамызбен бірге жұмыстас болған замандасы Бірлік Өтешов майдан даласында жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін от кешкен, соғыстан кейінгі жылдары ауылда қажырлы еңбек еткен тұлға туралы жарқын естеліктер айтып, майдангер есімін дәріптеу келешек ұрпаққа үлгі әріел жадында жатталып қалатындығын жеткізді.
Мыңғышпан атамыз елі мен жері үшін қолына қару алып, майдан даласына аттанғандардың бірі. Ол 1942 жылы 30 маусымда әскер қатарына алынады. Сол жылы 53-атқыштар полкінде оқ пен оттың ортасында жүріп, жаумен қиян-кескі шабуылға қатысқан. Сөйтіп соғыс жылдарында қатардағы жауынгер ретінде неміс фашистерінің соққысына тойтарыс беруге өзіндік үлесін қосады. Кезекті бір ұрыста сол жақ көзінен ауыр жарақат алады. Дәрігерлер жарақаттың ауырлығына байланысты елге қайтаруға шешім шығарады. Майдан даласында көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін көптеген медальмен марапатталған.
Елге оралған соң атамыз Жамал анамызбен отбасын құрып, бес баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірді.Біреуге жағымпазданып, қадірін кетірмеген жан ер-азамат ретінде ар-намыстың тазалығын абырой ретінде санаған. Ол соғыстан кейінгі халықтың экономикалық жағынан қиын жылдары мал шаруашылығы саласында адал еңбек етіп, ауылдың өсіп-өркендеуіне де өзіндік үлесін қосты. Амал нешік, ол соғыс салған дерттің салдарынан 1971 жылдың 21 наурызында бұл фәнимен қош айтысқан еді.
Жиында "«Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» демекші, біздер, бүгінде бір қауым елге айналған ұрпағы осындай қамқор жан, аяулы әкемізді мақтан етеміз. Әкеміздің атына көше берілуіне зор үлес қосқан әкімдікке, ауыл ақсақалдарына, тұрғындарға және атқарушы билік тарапына үлкен алғысымды білдіремін,– деді ардагер ұстаз, атамыздың бел баласы Ақберген Мыңғышпанов.
Шара соңында жиналған қауымға ауылдық мешітте майдангер атамыздың рухына арнайы дұға бағышталып, ас берілді.
«Өткенсіз – келешек жоқ» дейді халық даналығы. Қазақ жерінде бүгінгідей бейбіт таң шапағының атуына ұйытқы болып, болашақ ұрпақтың алаңсыз ғұмыр кешуі жолында аянбай тер төккен ердің есімі халқымен мәңгі бірге жасай бермек.
К. МАХСҰТ

11 сәуір 2023 ж. 457 0